Ерлік неге ұмытылады?

Қазақ халқы қашанда батырлардан кенде болмаған. Бір ғана Жамбыл топырағының өзінен әр дәуір кезінде қол бастаған батырлар мен елін қорғаған ерлер ондап шығып отырған. Арысын айтпағанда, аяқталғанына 73 жыл болған Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен 28 жамбылдық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Күні кеше бейбіт күнде Тараздың орталығында қолындағы автоматпен ойран салған террористі құрықтау кезінде ерлікпен террористің көзін жойып, өзі де шейіт болған Ғазиз Байтасов та ерліктің үлгісін көрсетіп, «Халық қаһарманы» атағын алды.
Міне, осындай ерліктің үлгісін көрсеткен, бейбіт күнде қолындағы пистолетімен жұртты атып, ойқастаған қылмыскерді ұстап, өзі қатты жараланудан бүгінде мүгедек болған полиция сержанты Бекжан Тленчиевтің де ерлігі батырға лайық. Бірақ, сол Бекжанның бүгінде ерлігі түгіл өзі де ұмытылып, төсекке таңылған күні тек ата-анасының қайғысына айналған.
Бәрін басынан бастайық.

2016 жылғы 19 маусым күні Тленчиев Бекжанға басқа әріптестеріндей таңертең қызметіне кірісіп, Тараз қаласындағы «Алатау» шағын ауданында «Самал-16» патрульдік жинағы құрамында қызметін атқарып жүрген.
Сағат 16:30 шамасында көшеде мылтық даусын естіп, мылтық даусы шыққан жақтан жолдың қарсы бетінде күдікті адамдар жүгіріп, «ВАЗ-2107» автокөлігіне мініп, қашуға әрекет жасап жатқанын көрген Бекжан дереу көшедегі өтіп бара жатқан кездейсоқ машинаны тоқтатып, қылмыскердің соңына түседі. Олар қашып барып, 6-шы шағын аудандағы 18-үйдің 1-ші подъездіне кінеді. Соңдарынан қуып келе жатқан Бекжан Жолда учаскелік полиция қызметкері Зәуірбек Даниярға кездесіп, көмек көрсетуін өтінеді. Екеуі қылмыскер кірген подъездге кіріп келгенде алдында пистолет кезеніп тұрған қылмыскерді көреді. Қаруын кезенген Бекжан қылмыскерге қаруын тастауды бұйырады. Қылмыскер көнбейді. Екінші рет қаруын тастап, берілуін, бәрібір құтылмайтынын айтады. Сол кезде қылмыскер Бекжанға оқ атады. Бекжан құлаған мезетте артында тұрған учаскелік полицей Зәуірбековпен қылмыскерді бірнеше рет атып, жаралайды. Қылмыскер қолға түседі. Бекжанды сол мезетте жедел жәрдем көлігі ауруханаға ауыр халде жеткізеді.
Екі оқ омыртқаны талқандап, жауырынның астына тоқтаған. Ұзақ операция жасалады. Содан 1 ай Таразда ауруханада жатқан Бекжанды Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығына» апарып, ота жасайды. Операция сәтті өтеді. Одан кейін Грекияда 1 ай реабелитация орталығында ем алады. Әрине, жұлынға тиген жарақаттың оңалып кетуі оңай емес. Өкінішке орай, бүгінде Бекжанның кеудесінен төмен қарайғы мүшелері қозғалмайды.
Содан бері 1 жыл 7 ай уақыт өтті. Үміт пен күдікке толы күндер сырғып өтіп жатыр. Алғашында жағдайын сұрап тұратын басшылар мен жолдастары да бұл күнде саябырсыған. Оған өкпе артып, кінә тағар ешкім жоқ. «Бұл – менің қызметтік борышым ғой» – дейді Бекжаннің өзі – «Әке-шешеден 4 ағайындымын. Әкем – қатардағы мұғалім. Анам менің қасымда. Біраз уақыт ауылымда – Жуалы ауданындағы Шақпақата ауылында болдым. ауырып, ыстығым көтеріліп кете береді. Ауылда қарайтын аурухана жоқ. Сондықтан, қалаға келіп, ағайындардың үйінде анамыз екеуміз тұрып жатырмыз. Анам да шаршайды. Алматыдағы әпкем жұмысын тастап, қасыма келді. Маған күнделікті күтуші болмаса, болмайды ғой. Мен ауруханада жатқанда облыс әкімі К. Көкірекбаев пен облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Т. Маткенов келіп, жағдайымды білген. Кейін жағдайыма байланысты қаладан пәтер беру туралы қала әкіміне тапсырма берген екен облыс басшысы. Одан хабар болмай кетті. Денім сау болса, ешкімнен ештеңе сұрамас едім. Қазір де артық ештеңе керек емес. Тек, арманым – балдақпен болса да аяғыма тұрсам деймін».
Иә, кейде тағдыр адамды осылай тығырыққа тірейтіні бар.
Сол күні сол қылмыскер кездеспесе, осындай азапқа түспес пе еді деп те ойлайсың. Бірақ, тумысынан намысты азамат Бауыржан Момышұлы мен Бақытжан Ертаев сынды батырларды өмірге әкелген өлкеде туып, сол аталары мен ағаларының рухында тәрбие көрген, антына берік Бекжан қылмыскерді көре тұра, оған ұмтылмауы мүмкін емес еді. Басын қатерге тігуі – ерекше ерлік.
Ерлігі бағаланбай қалған жоқ. Сол ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2016 жылғы 5 желтоқсанда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Алайда, осындай ерлік жасап, бүгінде мүгедек болып төсекке таңылып қалған азаматты үнемі есте ұстап, оған рухани және басқалай тұрғыда да көмек беріп отыру сол мекеме басшыларының, керек десеңіз қала басшылығының азаматтық парызы емес пе? Сол күні сол қылмыскерді Бекжан көрмей, естімей қалса, ол қанша адамға қастық жасап, қанша адамды жер жастандыруы мүмкін еді.
Анасы айтады: «Бекжан келіп, үйленетінін айтып, Арайлымды таныстырды. Бір аптадан кейін үйленетіндерін айтып кеткен. Біз малымызды сатып, тойға дайындалып жатқанда осы оқиға болды. Алматыға колледжге оқуға түсіп, полицей мамандығына жұмысқа тұрғанда да өзіміз қолдап едік. Ендігі арманым – Бекжаным аяғына тұрып, отбасын құрса деймін. Күндіз-түні қасындамын. Алысқа апарып емдетсек деп те ойлаймын. Бірақ, кімнен көмек сұрарымды да білмеймін. Үміт үзбеймін».
Иә, ана, шіркін, баласы үшін неге болса да дайын ғой. Көрген бейнеті ақталып, баласы аяғына тұрып кетсе, ана үшін одан асқан бақыт жоқ шығар. Бүгінде Тленчиев Бекжан І топтағы мүгедек. Сол үшін мемлекеттен 56 мың теңге жәрдемақы алады.
Мен, осы жолдардың авторы, Бекжанмен сөйлесіп, облыстық реабилитациялық орталықтан сыртқа шыққанымда кешкі іңір түсіп қалған екен. Дала үміттің сәулесіндей жарық болғанымен қыстың суығы денені біртүрлі тітіркендіреді. Әйтсе де, үміт пен күдіктің арасында адамнан емес Алладан бір жақсылық күткен Бекжанның үміт шырағы сөнбесе екен деп тіледім.

P.S. Осы ретте, біріншіден Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті өздеріне қарасты госпитальға есепке алып, жылына 2-3 рет қажетті емдерін алатын реабилитациялық орталықтарда емделуіне жағдай жасап, үнемі қадағалауда ұстаса;
екіншіден, мемлекеттік квота арқылы шетелде емделуіне ықпал жасаса;
үшіншіден, күнделікті дәрігерлік көмек алып тұруы үшін қаладан 1 бөлмелі болса да пәтер алу жолдарын қарастырып, көмек көрсетсе, кімнің болса да адамгершілік парызы емес пе деген ой келеді.

Осы мәселені көтеріп, Бекжанның бүгінгі жағдайын көріп, титтей де болса септігіміз тисе деп жүгіріп жүрген Ішкі істер органдары ардагерлер алқасының төрағасы Ө. Смаиловтың, мүшелері – М. Ақылбаевтың, Б. Беркімбаевтың, А. Тонбаевтың бұл әрекеті азаматтық іс екені даусыз.

Әзімхан ҚИЛЫБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *