Кооператив жұмысы неге жүрмеді?

Жуалы ауданындағы ауыл халқының 70 пайызға жуығы қымыз өндірумен айналысады. Мұнда әр үй кемінде 4-5 жылқы ұстайды. Тұрғындар бұл іске машықтанып, кәдімгі кәсіби маман болып алған. Ал осы елді мекенде жасалатын ұлттық сусын өңірде брендке айналған.
– Біздің ауылымыз жылқы малын ұстауға өте машықтанған. Жайылымыз кең. Бәріміз жылқы малын ұстаудың қыр-сырын білеміз. Енді біз жеке-жеке емес, кең көлемде бірігіп, кооперация ашсақ деген ойымыз бар. Қазір кооперация құруға тіркеліп қойдық, – дейді аудан тұрғыны Меруерт Көпбаева.
Жұрт мал басын тағы да көбейтіп, қымыз өндіруді қолға алу үшін кооперацияға бірікті. Оған бүгінгі күні 28 адам тіркелген.
– Қымыз өндірісімен айналыстық. Кейін ет бордақылау, сиыр саууды қолға алғанда, қымыз жағы аталмай қалды. Үкімет жағынан ешқандай қолдау болмады, – дейді ауыл тұрғыны Сейтқалы Үмбетәлиев.
Іс бастағандар арасынан бастапқыда бие сүтін қабылдап, цех ашатын кәсіпкер де табылған. Жеңілдетілген несие аламыз деп құжаттарын да әзірлеген. Айтуларынша, бар шаруа өндіріске қажетті қондырғылардың мемлекет тарапынан субсидияланбауына келіп тіреліп тұр.
Кәсіпкер Қазыбек Әлжаппарұлы қымыз шығаратын жабдық 20 млн. теңге тұратынын айтады. Алайда, оны алу үшін субсидия болмаса, оны өңдеу, шығару және сату тиімсіз болады екен. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде жоба дайын, бірақ жабдықты алайын десе, субсидия беру мәселесі қиындап тұрған көрінеді.
Бұл ретте жергілікті билік өкілдерінің өз айтары бар.
– Қазір сүт, ет бағытында несиелер беріліп жатыр. Алайда қымыз бағытында былтыр несие болған жоқ. Оны енді ауыл шаруашылығы басқармасындағы тараптар қымыз бағытында өңдеуші өнеркәсіптің жоқтығымен түсіндірді. Біз әкімшілік тарапынан ұсыныс тастап отырмыз. Енді ол кісілер қолдап ережені бекітіп, 2018 жылдың тарапынан енгізсе, қымыз өңдеу өндірісі жолға қойылады, – дейді Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Тілегенов.
Өрісі кең таулы өлке жылқы ұстауға ыңғайлы. «Нағыз бизнестің көзі осы», – дейді жергілікті жұрт. Сондықтан бірнеше жылдан бері жоспарлап келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қымыз бағытында құрылған кооперация қазір амалсыз сүт бағытында жұмыс істеуге көшкен.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *