Жаңа істерге жігерлендірді

«Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең әуелі азаттық пен білім керек» – деп ұлы Шоқан Уәлиханов айтып өткен қағида қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай келеді. Осы ретте, аталған ойдың аясына енетін барлық іс Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында қозғалған.
Өскелең ұрпақ бойында күрескерлік рухты, ұлттық өзін-өзі сыйлау қабілетін қалыптастыратын игі істерді жүзеге асыру біздің елдігімізді танытады. Қоғамның рухани жаңғыруы – сана сергектігінің кепілі. Бұл халқымыздың жан дүниесінің жаңғыруы бұған дейін қолға алынған саяси және экономикалық жаңғыруының өзегі болып табылады.
Мақалада айтылған әрбір жайтты санамен зерделесек, олардың бүгінгіміз бен болашағымыз үшін өте маңызды екені дау тудырмайды. Біз қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асыра білсек, Қазақстан болашағы жарқын болмақ. Себебі әр халықты оның рухани байлығы мен сана-сезімі қалыптастырады, шырқау биікке көтереді. Бұл бағдарлама біздің санамыздың өсуіне, ұлттық, мәдени құндылықтарымызды бағалап, оны сақтауға, ұрпақтан-ұрпаққа жәдігер етіп жеткізуімізге септігін тигізері анық. Біздің әлем қоғамдастығы алдында өз өремізбен, рухани құндылығымыз, қол жеткен жетістіктерімізбен мақтана алуымыз ләзім.
Мемлекет басшысы «Қазақ баласының бүгінгі күні қасиет тұтар 7 дүниесі бар, ол: Жер! Тәуелсіздік! Қазақ тілі! Көк ту! Елтаңба! Ел әні! Президент! Міне, менің түсінігімде қасиетті болып саналатын осы 7 дүниенің біреуіне шек келтіруді ақылсыздық пен парықсыздық, тәуелсіздікке жасалар қиянат деп білемін» – деді өз мақаласында.
Осы дүниелерді жеткіншектер бойына сіңіру мақсатында Жамбыл политехникалық колледжінде «Егеменді елдің ертеңіміз», «Елбасы мұраты – ел бақыты, гүлденген Қазақстан», «Ел рәміздері – тәуелсіздік айғағы» және өзге де тақырыптарда тәрбие сағаттары өткізілді. Колледж директоры Жанар Орынбаеваның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының рәміздеріне 25 жыл толуына орай оқу орнымызда рәміздер күні аталып өтті.
Қазіргі жас ұрпақ – болашақтың азаматтары. Сол себепті, адамгершілік құндылықтарын сақтау, халқымыздың мәдени дәстүрлерін қадірлеу – жастардың қолында. Ал, бұл мақсатты олардың санасына сіңіру – бүгінгі буынның міндеті.
Сол себепті, біз жастардың сауатты яғни дүняуи білім алуымен шектеліп қалмай, жан-жақты білім алуына жіті көңіл бөлуіміз ләзім.
Өкінішке орай, жастардың бір тобы рухани тұрғыдан өз орнын таба алмауда. Бұл тұрғыда, олардың діни сауаттылығын арттыра отырып, қазіргі мәселелердің денін шеше аламыз.
Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы мен парасаты. Шын мәдениетті адам болудың бірден – бір жолы өзіңнен бұрынғы буыннан дұрыс тәрбие алу, дұрыс үлгі көру.
«Мәнгілік өмір – бір көшке бір көш ұласып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда», — деп Баубек Бұлқышев айтқандай, мәңгілік Ел, Ұлы Дала Елі болуға жазсын, рухани жаңғыру — тарихты қайта тануға жетелейтінін әр жас, әр қазақ сезініп , хам – харакет жасаса деп тілер едік.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бізді жаңа серпіліс пен сілкініске жігерлендірді. Ендеше, онда көтерілген барлық оң бастамалар мен игі істерді біріге жүзеге асырайық!

Найкен ҚАЙЫПБЕКОВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *