Тірлігін тиянақтаған

Қыс айы ақ ұлпа қарымен, көктем гүлімен, жаз жайма шуақ күнімен, күз алтын жапырағымен көрікті десек, диқан алтын дәнімен, сушы егіндіктегі нәрімен, малшы малымен көркем көрінетіні белгілі.

Белгілісі сол, осы көрініс көңілі ояу, көкірегі ашық жандарды қиялға жетелейтіні бар. Мәселен, шопан алдындағы он бас қойым жүз, мың болса деп сол жолда маңдай терін төгеді. Нәтижесінде, төскей төлге толып, мал басы жүз, мыңға жетеді.
Осындай еңбек адамдары «Пионер» өндірістік кооперативінде көптеп кездеседі деп толық айтуға болар. Солардың бірі – бүгінде Мойынқұм өңіріндегі «Ақби» штабынан 4-5 шақырым жерде мал қыстатып, алдына 500 бас саулықты салған аға шопан Берік Төлебеков.
Беріктің мал соңында жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Демек, біздің бүгінгі кейіпкеріміз «малсақ» деуге толық негіз бар. Бекеңнің малсақтығынан болар, жұбайының да, ұлының да малдың бір шетінде жүріп, сиыр мен бие сауып, ат жетектеп жүргендері. Немерелері де мал қайыруға жарап қалған.
Ол туралы мал фермасының меңгерушісі Сейдуалы Қабылов: – Біздегі шопандар өз ісіне шын берілген, жауапкершілігі зор еңбек адамдары. Әсіресе, аға шопан Төлебеков туралы қандай мақтан айтсақ та жарасады.
Шығанақтың саршұнақ аязына шыныққан Берік құм өңірінің қатал сынағына дес берместен бағымындағы қойды қыстан дін-аман шығарып келеді. Қойлары шетінен қоңды, қасына жақындасаң үрке қашады. Баяғыда аталарымыз айтушы еді «Үріккен мал қоңды келеді» деп. Осыдан-ақ, Беріктің тірлігіне тиянақты, ісіне берік екенін аңғару қиын емес, – деді.
Барды емес, арды ойлаған аға шопан Берік Төлебековтің биыл да мал басын өз төлі есебінен көбейтуге, шаруашылықтың экономикасын көтеруге сүбелі үлесін қосатынына шаруашылық басшысы Алпысбай Жұмаханов та сенімді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *