Білім беру ісі – басты назарда

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын жұмыс барысымен кезекті рет аралап, бірқатар білім беру нысандарына бас сұқты. Атап айтқанда, өңір басшысы №22 орта мектептің жаңа ғимараты және саңырау және нашар еститін балаларға арналған мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатының оқу корпусының құрылыс барысын барлады.

«Сахпоселок» массивінің аумағында орналасқан №22 орта мектеп ғимаратын кеңейту қажеттілігі туындағанына аз болмаған. 400- ен астам бала аядай ғана тозығы жеткен қос қабатты екі ғимаратта оқуға мәжбүр болып келген еді. Соның салдарынан терезелері мен есіктері, едендері-жиһаз-жабдықтары, сантехникасы және тағы басқаларының бәрі тозығы жеткен. Сонымен қатар, мектепте ішкі санитарлық-гигиеналық тораптар болмаған.
Білім беру мекемесінің директоры Шолпан Дихонбаеваның айтуынша, жыл сайын оқушылар саны артып, қазіргі таңда 480-ге жеткен. Бұл мектеп үшін өз тарихындағы ең жоғары жүктеме болып отыр.
Мектептің құрылысы жүріп жатқан жаңа ғимараты 600 балаға арналған үш қабатты екі корпустан тұрады. Нысанды осы жылдың соңында тапсыру жоспарлануда.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жаңа мектептің барлық құрылыс жұмыстарының сапасын мұқият бақылауды, аулаларын барынша жарықтандыруды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мекеме аумағын сенімді қоршаумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатына арнайы ат басын бұрды. Онда бүгінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 130 бала білім алуда.
Мекеме бұрынғы балабақшаның ыңғайластырылған ғимаратында орналасқандықтан, жергілікті билік қосымша 80 орындық оқу ғимаратын салу туралы ұйғарымға келген.
Мектеп-интернатының жаңа оқу ғимараты құрылысы 70 пайызға аяқталған. Ол ғимаратта балалар эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ғана оқи бастамақ. Бүгінде мектептің барлық оқушылары үйде қашықтықтан білім алуда.
Аймақ басшысы жаңа оқу ғимаратын салудың маңыздылығын атап өтті, онда есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалатындығына айрықша көңіл бөлді.
Облыс орталығындағы жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев жақында ғана күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған №20 орта мектепке де бас сұқты. 525 орынға есептелген мектепте 379 бала орыс және қазақ тілдерінде оқуда. Мекеме директоры Гүлнар Төлендиеваның айтуынша, мектепте осы жылдар ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Өткен жылдың тамыз айында мектеп нысанына күрделі жөндеу басталған. Қазір мектеп жаңа келбетке ие болған.
— Қазір мектеп заманауи көрініске енгенін көріп отырмыз. Дизайны да жақсы таңдалып, түстер өз үйлесімін тауыпты. Меніңше, балалар енді мұнда жоғары көңіл-күймен әрі жағымды әсермен білім алатын болады, — деді Б.Сапарбаев.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *