Пилоттық жобаның іске асу барысымен танысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулыларын аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қарсы алды.

Сенаторлар алғашқы іссапарын Талас ауылындағы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасының іске асыру барысымен танысу мақсатында бірқатар тұрғын үйлерге кіріп шықты. Солардың бірі – таластық тұрғын Алладин Сулейманов. 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілген несиеге он бастың орнына он бес бас жылқы мен мүйізд ірі қара малын сатып алған Алладин Сулейманов алғашқы төлемді төлеп қойғанын, айналымға шығып шаруасын дөңгелетіп отырғанын қуана жеткізді. Бір жылқысын сатып орнына екі бас бұқа алып, оларды қайта байлап, семіртіп сатқан Алладин есепті мерзімдегі несиесін төлеп, қалған қаржысына сүтті сиыр сатып алған. Сол сиыр малынан күнделікті жиырма литр сүт алып отыр екен.
— Жоба аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативіне 258 адам мүше болып кірді. Бүгінгі күнге кооператив иелігіндегі 235 гектарға жоңышқа, арпа мен жүгері егілді. Нәтижесінде мүшелікке қабылданған ауыл тұрғындарына жоңышқаның бір түгі 350 теңгеден, арпаның келісі 45 теңгеден сатылды, — деп толықтырды қосымша түсінік берген аудан әкімі.
Тұрмысы тап-тұйнақтай ауыл тұрғыны Бекбосын Көпбосынұлы несиенің қарапайым халық үшін тиімділігі өте зор екенін айтты. Отбасылық бизнеске бет бұрған отағасында бұған дейін 1, 2 бас биесі болса, бүгінде олардың саны оннан асқан. Төмен пайызбен қол жеткізген үш миллион теңге несиеге жеті бас аналық бие сатып алған Бекбосын аға биелердің алды құлындап бастағанын, алдағы уақытта қымыз сатумен айналысу жоспарында бар екенін жеткізді. Талас ауылының келесі бір тұрғыны Шамандор Сулейманов болса екі миллион сегіз жүз мың теңге несиеге бес бас сүтті сиыр мен бес бас бұқа сатып алыпты.
«Кеше облыс әкімімен кездесу барысында осы пилоттық жоба төңірегінде сөз болды. 2020 жылы карантинге байланысты пилоттық жоба қолдау таппады. Қазір осы жобаны Үкімет отырысында қарап, қанша қаржы берілді, оның тиімділігі, қаражат негізгі мақсатқа пайдаланды ма, осы мәселелерді қатаң бақылауға алып, 2021 жылы жобаны жалғастыру үшін қаржы сұрамақпыз. Шынында да берілген несие өз нәтижесін беріп жатыр ма? Біздің іссапарымыздың негізгі мақсаты сол», — деді әңгіме арасында сенатор Бекболат Орынбеков.
Бұдан соң, іссапар Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебінде салынған қосымша ғимараттың жұмыстарымен танысуға жалғасты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы орта мектеп ғимаратының жанама құрылысын (оқу бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, асхана) жүргізуге тиісті қаржы қарастырылған болатын. Заманауи талаптарға сай барлық жағдайы қарастырылған жаңа нысанды аралаған сенаторлар оң бағасын берді.
Нұржан Молдиярұлы биылғы жылы аудан көлеміндегі білім беру саласында атқарылған ауқымды істерге тоқталды. 9 мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, келесі жылы беруге жоспарланған 300 орындық Бурыл ауылындағы жаңа мектеп пен Қостөбе ауылындағы осы қосымша құрылыс «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқасында іске асқанын атап өтті. Жалпы, биыл ауданға келген қаржының 2 млрд. 100 млн. теңге қаражаты, яғни, 16 пайызы осы Қостөбе ауылдық округіне бөлінгенін жеткізді. Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Парламент Сенатының депутаттары Бурыл ауылындағы 180 орындық мәдениет үйін, дене шынықтыру – сауықтыру кешенін, Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін, «Балдырған» бөбекжай – бақшасының модульдік қазандығы жұмысымен танысты.
«Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы күндері Жамбыл облысынан сайланған Сенат депутаттары өңірге жұмыс сапарымен келген болатынбыз. Жалпы, облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуы барысымен танысу үстіндеміз. Кеше ғана Жуалы ауданында болып, бүгін Байзақ ауданына келіп отырмыз», — деп бізге сұхбат берген сенатор Абдалы Нұралиев өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында 110 түрлі заң жобалары қаралғанын жеткізді. Оның ішінде, бес кодекс қабылданғанын және бірқатар заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін атап өткен Абдалы Тоқбергенұлы «Қазақстан Республикасының Экология туралы» заңына тоқталды. Сенат қабырғасында қабылданған заңдар еліміздің әлеуметтік экономикасына, халықтың тұрмыс жағдайларына өз септігін тигізеді деген үміттеміз», — деді.
— Байзақ ауданына келген сапарымызда көргеніміз шын мәнінде үкіметтің қыруар қолдауының нәтижесіне куә болдық. Қай саланы алып қарасаңыз да өсім көрсеткіштері бар. Екі жыл бұрын басталған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» пилоттық жобасы арқылы 7,2 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Облыс көлемінде он бір ауылдық округ қамтылса, соның екеуі Байзақ ауданына тиесілі. Егер осы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартатын жоба Жамбыл облысында оң нәтиже көрсететін болса, онда пилоттық жоба бүкіл республика көлемінде енгізілетін болады. Бұл керек жоба, сондықтан ол жобаның жүзеге асуына барлық мүмкіндіктер жасауымыз керек. Осы жоба Байзақ ауданының үлгісінде оң нәтижесін көрсетіп отыр. Оған бүгін өзіміз куә болдық, — деп Абдалы Нұралиев сөзін түйіндеді .

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *