Ауылдарға ауыз су тартылып, тағы бір отбасы баспаналы болды

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жамбыл ауданы Қаратау ауылының 110 үйдің тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Бас мердігер «Жігер-2004» ЖШС әр аулаға құбыр тарту жұмыстарын жүргізді десек, енді үй иелері орталықтандырылған желіге қосылуы керек.

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар ауылдарды дамытуда және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
— Қаратау ауылына ауыз су, көгілдір отын берілген соң, көше жарықтандыру, жол жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіледі,- деді ол.
Жуалы ауданы Жұрымбай ауылының тұрғындары да таза ауыз судың пайдасын сезінуде. «Байсын-А» ЖШС өкілдерінің айтуынша, су 126 метр тереңдіктен тартылуда, 16 шақырым су құбыры жүргізілген.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков биыл тағы бірнеше ауыл ауыз суға қосылатындығын айрықша атап өтті.
— Жыл сайын ауданның елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі артуда. Биыл тағы бес ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі, — деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы Қызылшарық ауылындағы көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Жамбыл ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 14 мұқтаж отбасы баспаналы болды.
Бұл жолғы баспана бақытына Бақытжан Абдуллаевтың отбасысы кеңелді. Ол жұбайы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Төрт бөлмелі кең үйдің құрылысына ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер 12 миллион теңге жұмсаған. Барлық қажетті инженерлік желілер тартылып, ауласы асфальтталған.
— Мен облыс бойынша 100-ден астам отбасы жаңа үйлі болғанынан хабардармын. Таңдау отбасыма түскенін естігенде, қуаныштан төбем көкке жетті. Мен аудан басшылығына, ауылдастарыма шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Алла Тағала сіздердің игі істеріңіз үшін жүз есе сауаптан жазсын, — деп Бақытжан Абдуллаев ағынан жарылып, әсерімен бөлісті.
— Қазақта асар дәстүрі о бастан болған десек, ол кезде де барлығы жұмылып мұқтаж ауылдастарына қол ұшын беріп отырған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба тұрғын үйге мұқтаж отбасылар үшін үлкен демеу болуда. Игі шара міндетті түрде жалғасатын болады. Бұл біздің халқымыздың жанашырлығы мен қамқорлығының жарқын көрінісі, — деп атап өтті аудан әкімі Сәкен Арубаев.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *