Қасқырбай

        Жақында фб-ны қарап отырып, Байзақ ауданының «Құрметті азаматы» ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыровтың зейнетке шығуына байланысты мәдени іс-шара аудандық мәдениет үйінде өтті дегенді оқып, «шіркі, уақыт неткен жүйрік» деп ойға қалдым. Мен Қасқырбайдың өзінің туған ауылы Шаханда жүргенімде жақынырақ танысқаным 1999 жылдың май айы еді. Содан бері 21 жыл зымырап өте шыққанын қарашы. Әттең осы салтанатқа менің де қатысқаным артық болмас еді-ау.

      Бестерек еліне менің қарындасым тұрмысқа шығып осы елмен мен құда жегжат едім.

      Сонау ертеректе   сол құдалардың ауылында құда бала үйленіп үлкен той болды. Мен сол тойға құда ретінде шақырылған қонақ болғанмын. Сол құдалардың тойында ерекше есте қалғаны  тойдың «тамадасы» кішкентай ғана қара баланың сөз саптасы, әзіл қалжыңы, сол той да отырған елді қыран-топан күлкіге батырып, айтқан теңеулері  елдің ауызында кетті. Көпке дейін менде есіме алып жүрдім. Атын сұрамағаныма кейін өкіндім.                                      Қазақ әулие халық қой! «Ат бір баспаймын деген жерін, үш рет басады»-дейді. Сол елге келіп қызмет етемін деп мен еш ойлаған емеспін. Дәм тұз жазып 15 жылдан кейін сол елге қызмет бабымен ауысып келдім.                    Аудан әкімі Қожахан Жабағиев деген азамат бұрынғы комсомол қызыметкері өте мәдениетті, білгір басшы. Мен мәдениет және әлеуметтік салаға басшылдық жасаймын. Ауданға келгеннен кейін ауданда ақын, сазгер, әнші азаматтар бар ма, олар қай салада жүр. Іздестіріп, шақырып сөйлесе бастадым. Бір күні менің кабинетіме аудандық мәдениет бөлімінде қызымет жасайтын Әлмахан кішкене бойлы, сіріңке қара жігітті ертіп келіп таныстырды.

  — Біздің елдегі Қасқырбай деген ақын жігіт –деді.

Қасқырбай қысыла басын изеп мен дегендей ишарат білдірді.

Мен үнсіз жүзіне қарап отырмын. Ауылдың қара баласы, ешқандай ерекшелігі жоқ. Жұмыссыз екен. Басын төмен салып, көңілсіз жымиған болды.

-Аздап өлең жазамын, 4-5 әндерім де бар-деді қысылып.

-Оның жақсы екен, мына жерде мүмкіндік жоқ әйтпесе әніңді, өлеңіңді тыңдауға өте құштар болып отырмын- дедім.

         Үшеуміз ертең түстен кейін Талас өзенінің жағасына көк майсаға барып еркін отырып әңгімелесуге уәде етіп тарадық. 15 жылдан кейін тойдағы тамада қара бала Қасқырбаймен осылай таныстым.

 Қасқырбай өлеңдерін оқыды.

Кеудеден сырым мөп-мөлдір

Шығуды көксеп сыртқа кең.

Кездессем деп ем көптен бір,

Жанкүйер жақын жұртпенен.

Сезімнің шертіп қылдарын,

Көсіліп жазған ғазалым,

Өмірде- шаттық мұңдарым,

Өнерде-рахат азабым.

       Әлмахан әндерін шырқады. Сезімге толы, сырға толы әндері,  ойды шымырлатар өлеңдері мені тәнті етті. Ұзақ отырып сырластық. Ән тыңдадық, өлең оқыды Қасқырбай. Осындай таланттың бос сенделіп жүргені жағдайының  жоқтығы мені қатты ойландырды. Біз бір-бірімізге рахмет айтып, қоштасып кері қайттық. Ертеңіне аудан әкімі Қожахан Жабағиевке  кіріп болған жағдайды айтып, ақын туралы  өкініш білдірдім.

       Содан Қасқырбай жұмысқа тұрды. Қолдадық, жағдайын жасадық. Мұнымыз бекер болған жоқ. Содан көп ұзамай Қасқырбайды шақырып, әңгімелесіп отырып облыстың аудандарындағы сол ауданның жұртшылығындай тамаша әндер барын мысалы Луговойда Мэлс Өзбековтың «Келші, Құланға», Мойынқұм ауданында Ш.Қалдаяқовтың «Мойынқұмда» әні барын айтып, «біздің Байзақ ауданына да осындай бір керемет ән керек» – деп ән жазуын өтіндік. Қасқырбай «тырысып көремін» деп басын қасып кетті.

Бір  айдың шамасында Қасқырбай алып ұшып келді. Ән туды. Мәдениет үйіне барып, Әлмаханға әнді орындатып тыңдадық. Тамша ән! «Сарыкемерім-салған әнім». Қуаныш та шек жоқ, бәріміз қуандық, ел қуанды.

Жайнаған Сарыкемерім

Өзіңде бар керегім.

Алыстан шақырады,

Көк жасыл тал,терегің.

Өмірдің қызығы,

жастықтың қызуы.

Сенде деп айтар едім

Сарыкемерім, Сарыкемерім.

Бүкіл ел аузынан тастамай айтып жүретін ән болды.                                                Қасқырбаймен күнде болмасада жиі кездесіп тұрдық. Кейде кабинетіме келіп жаңа өлеңін асығыс оқып марқайып қалатын.                                        Бір күні Қасқырбай кабинетіме қуана кірді. Бір қуанышы барын сезіп отырмын. «Ән туды» -деді қуаныштан жарылардай. Ұшып тұрып құшақтадым.

-Сүйіншің дайын!

-Сіздің көңіліңіздің өзі сүйінші, «Байзақ жері»- деп ат қойдым, жүріңіз тыңдайық деді аптығып Қасқырбай.

-Кеттік мәдениет үйіне –дедім мен.

Төсін де бұлақ тұнған, шуақ тұнған,

Жылылық мұрат құрған.

Жақсылар жаны жомар тұрақ қылған.

Көргенге қуат бұл маң,

Ұнап бұл маң,

Көңілі құлап тынған.

Қоңырқай еседі жел,

Қырат- құмнан.

      Әнді тағы Әлмахан орындап тұр. Ән болғанда қандай ән. Әннің төресі болды. Қоңырқай ескен желден тербелген тал терек пен бірге қоңырқай әнмен ел тербелді. Бір бұлақтың көзі ашылды. Сылдырлаған күміс толқыннан, балқұрақ тербелді. Сазды әуеннен ел тербелді. Иә, Байзақ жері сұлудың бұрымындай бұлаңдай аққан, сыңғыр қаққан ерке Таластың бойындағы буырқанған, бал құрағы, тал-терегі сыңсыған сұлу өлке ғой, шіркін! Міне Қасқырбаймен басталған таныстығым осылай жалғасып жатты.

     Бір күннен кейін Қасқырбай кобинетімдегі стол үстіне бір парақ қағаз қалдырып кетіпті, алып оқыды.

Әзімхан аға

Жан едім өлең, жыр қуған,

Бұрқырап буы, екпінмен.

Өзіңді аға, бір туған,

Бауырдай көріп кеттім мен.

Мұңлырақ едік біз деген,

Болмасақ дағы «Шоң» ақын.

Өзіңдей жанды іздеп ем,

Өнерге қамқор болатын.

Өр болып шықтың, табанды,

Биікке ойын сермеген.

Өнерді сүйген адамды,

Өлердей сүйгем мен деген!

Қырықтан жасым ауғанда,

Қайсы деп едім «Шығар шың?»

Әз аға, біздің ауданға,

Мен үшін келеген шығарсың?!

Өзіңмен тауып келісім,

Кеңейіп кетті өрісім.

Көбейе берсің жеңісің,

«Байзақтың әні» сен үшін!

  • Рақмет Қасқырбай, ән тек мен үшін емес, ел үшін, – дедім.

         Уақыт зымырап өтіп жатты. Өмір деген қуанышы, қайғысы қатар жүретін қатал-ау. Өзімнен кейінгі қарындасым қысқа мерзімде ауыр науқастан қайтыс болып жабырқап жүрген де жақын адамдардың қайғыңа ортақтасып, көңіл білдіргені өзіңе медет, күш қайрат береді. Сондай күндерде Қасқырбай келіп қасымда отырып көңіл білдіріп оны қағазға түсіріп беріп кетті.

Әзімхан аға

Адам бұл өмірінде,

Өткерер бәрін бастан.

Қайғы тұр көңілің де,

Айырылып қарындастан.

Не келер қолдан қані,

Кім емін іздеп өткен?

Бес күндік жалғандағы,

Сын шығар сізге жеткен.

Бауырдың асыл жанын,

Қияды өлімге кім?

Жан аға, басылмаған,

Биік қой сенің жөнің.

Қайғыңды шын аңдаған,

Елің бар қасыңызда.

Жақсылық бір Алладан,

Тіледім басыңызға.

                             Ініңіз Қасқырбай 13.04.2005жыл

         Рахмет. Көңілге демеу болды. Көтеріліп қалдым. Аз күнгі ғұмырда қасыңда осындай адамдардың болғаны қандай жақсы.                                        Содан біраз уақыт өтіп кетіпті. Күнделікті шаруалармен жүріп баспаға тапсырған Қасқырбайдың кітабының да жатқанына бір жылдан асып кетіпті. Баспа басшысы біз төлеген қаржыны аздығын, әртүрлі сылтау айтып, созып жіберді. Қасқырбай кітабының шығуын зарыға күтіп жүрді. Бір күні менің кабинетіме ренжіп келіп бір парақ өлең оқыды:

Әзімхан ағаға хат

Сәуле қыздан сәуле нұр төгілмеді,

Әлде мынау әуре құр өмір ме еді.

Көп іс жатыр көгермей көңілдегі

Біз болдық па сол қыздың тегін жемі.

Не білгені бар екен, не білгені?

Жүрміз әлі артында айлап арып,

Ашу, ыза тұр қазір қайнап анық.

Таудай үміт кетті ғой майдаланып,

Кімге арыз айтамыз, қайда барып

Ол қыз бізді бітірді ау пайдаланып.

Біз басында ол қызды арлы дедік,

Басар дедік кітапты-барды бөліп.

Енді міне, сол сенім қалды кеміп.

Не кедергі тұр сонда жолды керіп,

Әлде мені жүрмекен «сорлы» көріп?

Ақша да жоқ үстіне төлеп тынар,

Басқа да жоқ күшті –деп көмек сұрар.

Жан емеспіз тағы да егес құмар

Жабағиев алыста, елеп тұрар

Мүмкін соған звондау керек шығар?

Айдап салаған адамды бір-біріне,

Қыздың ісі жатама үлгіліге.

Құлақ салаған кеудемнің күмбіріне,

Кітап тосып ел менен, дүрлігуде

Енді кімнің кірейін «үңгіріне»

Сәуле-деген шынында әсем  есім,

Тұз сасыса құдай-ау, не себесің?

Көгертсем деп жүретін көсегесін

Сіз бір елге Әзеке, бас егесің

Бітпейміз бе, кітаптың мәселесін?

                                 Ініңіз Қ.Нарбатыр

                                    16.04.2003жыл

Мен ренжімедім күлдім.                                                                          Мененде кемшілік кетті, соңына түсіп айналысуым керек еді. Әр түрлі жұмыс пен жұмыс бастылыққа салынып ұзатып алғаным рас.                                   Осы оқиғадан кейін Қасқырбай мені ренжіп қалды деп ойлады ау деймін. Тағы бір өлең жазып қалдырды.

Әзеке

Жақсылар мен санасқан hәм жарасқан,

Танымы кең шыққан ұлсыз Таластан.

«Сарыкемердің»-сазын маған салдырып,

Өнеріме сіз едіңіз жол ашқан.

Қазір соның жүрмін бәрін мойындап,

Ұғынарсыз менің осы ойымды –ақ.

Ел алдында өзің жайлы шын сөзді,

Айтармын деп келем іштей дайындап.

Өнерліге берген жансыз көп көмек,

Жанкүйерсіз өзгелерден бөп-бөлек.

Кеңдікке сап кешіріммен қарадың,

Қалсаң да бір мына маған өкпелеп.

Сайтан түртіп мен алдыңда бүліндім,

Адамдарда көбейді ғой бүгін мін.

Қалай ойла, олай ойла жан аға,

Бір адасып жолын тапқан ініңмін.

Кешір аға, сенсің қадір тұтарым,

Өзің менен өркендеді құт әнім.

Силастық та қалсақ екен бұрынғы,

Шықпаса сол, шықпай қалсын кітабым.

       Бұл Қасқырбайдың маған деген назы еді.

Содан Қасқырбайдың «Арай-мұң» кітабы баспаға қайта-қайта барып жүріп шықты-ау әйтеуір. Ақын үшін кітабының шығуы үлкен қуаныш қой. Қасқырбай қуанды, оған бәріміз қуандық.

     Мен келеген жылдан бастап аудан да жастар арасында эстрадалық әндерден «Байзақ жұлдызы» конкурсын ұйымдастырдық. Оған аудан жастары қатысып, халық арасында  бұрын халық алдында танылмаған таланттар шығып, өнерін көрсетіп үлкен мерекеге ұласты. Жүлде тағайындалып  сыйлықтар берілді. Жақсы әншілерді мәдениет үйіне жұмысқа қабылдадық. Бұл конкурс жастар арасында кең қолдау тапты. Сондай конкурс орталық алаңда өтіп жатқан еді. Алаңда халақ лық толы, әншілер бірінен кейін бірі ән шырқауда. Жюри мүшелері орта да отырмыз. Қасқырбай да бар. Бір кезде Қасқырбай әдетінше бір парақ қағаз ұсынды жымиып.

Ағамызсыз бататын сөзі бізге,

Дат айтамыз қысылған кезімізде.

Азды-көпті абырой керек болып,

Әзеке, келіп тұрмын өзіңізге.

Қараймыз заманға бұл тым қызыға,

Өнер қуған қазақтың ұл-қызына.

Мына мені сыйлайтын бір қарындас,

Қатыспақшы «Байзақтың жұлдызына»

Әзеке, аға едің жөнің бөлек,

Берерге дайын еді қолың көмек.

«Байзақтың жұлдызына» сол бір қызға,

Мерейін көтерерлік орын керек.

Ақын ем, жырын жүрген жаттап елі,

Отырғызшы демеймін таққа мені.

Өтінішін жеткізген қыз алдында,

Жерге қарап қалудан сақта мені!

         Өлеңді оқып күлемін, Әй Қасқырбай, Қасқырбай ақжүрегім –ай.                   Конкурс аяқталды. Қасқырбай айтқан қыз әнді жақсы айтады екен. Жүлделі орын алды.  Қасқырбай қыз алдын да ұялмайтын болды. Қасқырбайдың осындай да қызықтары болған.

         Қазақстан Республикасы Президентінің Указымен мен « Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Елдің алды болып құттықтаған тағы да  Қасқырбай.

Алға жылжып көшіңіз,

Биіктеңіз, өсіңіз.

Толсын орден медальға,

Сіздің мына төсіңіз.

Елден неңді аярсың,

Барлық іске даярсың.

Сыңғырынан медальдың,

Немереңіз оянсын.

Қайтпасын бойдан тек әлің,

Баса бер еңбек педалін.

Құтты болсын Әз аға,

Алған үлкен медалің!

Рахмет Қасқырбай! Өркенің өссін. Сен Халықтың еркесісің. Еркелей бер. Жақсы әндеріңмен өлеңдеріңмен қуанта бер халықыңды. Бұл сен туралы әңгіменің бір тамшысы ғана.

     Бүгінде анда-санда Қасқырбайдың әндерін естіген сайын Байзақ елі еске түседі. Сылаңдай аққан ерке Талас, сол сылдырай аққан Таласты жағалай қоныстанған Байзақ елі, көкорай шалғыны, самалға тербелген тал-теректері, мейірбан елі, еңбекқор халқы бәрі-бәрі есімде, көз алдымда. Жасай бер, жайнай бер құт-береке қонған Байзақ елі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *