Суарудың жаңа технологияларын игеруде

Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық болар. Сондықтан, мемлекет тарапынан Байзақ ауданы аумағында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылуда.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 10 шаруа қожалығына берілетін 11 жаңбырлатып суару  қондырғысы таныстырылды. Бұл техникалар ауылшаруашылық құрылымдарының өнімділігін арттыра түспек. Жоба «СПК-Тараз» АҚ арқылы жүзеге асқан. Компания басшысы Олжас Қаржауов фермерлер жаңбырлатып суару қондырғыларын өте тиімді шарттармен сатып алатынын айтты, өйткені мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Субсидия мөлшері жабдық құнының жартысына тең.  Қалған соманы несиеге бес пайызбен алуға болады.
— Ауыл шаруашылығы басқармасына су ресурстарын зерделеу тапсырылды. Сонда әр аудандадағы егіс алқаптарына қатысты нақты мәліметтерді жинақтай аламыз. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің аумағын ұлғайту, ылғал үнемдеу технологияларын белсенді енгізу. Мемлекет шаруаларға субсидиялар мен қолайлы несиелік жағдайлар ұсынуда. Біз осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ол шаруа қожалықтарының басшыларын жаңа технологияларды енгізуге, алынған өнімдерді әлеуметтік павильондарға жеткізіп отыруға шақырды.
— Шаруалардан жалпы 80 өтініш келіп түсті. Олардың барлығы өз кезегінде жаңа қондырғыларға ие болады. Келесі жылы жаңбырлатып суару техникаларының санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл машиналардың біреуі 20 гектар жерді суаруға қауқарлы. Құны 5,1-6 миллион теңгенің аралығында, — дейді Олжас Қаржауов.
амандардың айтуы бойынша жаңбырлатып суаруда ылғал ұзаққа созылады. Жүйе тез бөлшектеледі. Тағы бір артықшылығы — бұл құрылғы жылжымалы.
«Ақбидай-2» шаруа қожалығының басшысы Нариман Қалқабаев осындай машинаны алғашқылардың бірі болып иемденді. Оның айтуынша, бұл жабдықпен суару кезінде қол еңбегі онша қажет емес. Сонымен қатар, ол өнімділікті арттыруға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретіндігін алға тартты.
— Біз 38 гектар жерде көкөністер мен жемістер өсіреміз. Жаңбырлатып суару техникасы арқасында суармалы жер көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Тіпті, шағын шаруа қожалықтарының да мұндай пайдалы аппаратты сатып ала алатынына қуаныштымын, — дейді ол.
Жамбыл облысы тамшылатып суару әдісін қолдануда көшбасшылардың бірі екенін, ол 23 мың гектар аумаққа енгізілгенін атап өткен жөн. Биыл ылғал үнемдеу технологияларын қолданатын жер көлемі 20 мың гектардан 30 мың гектарға ұлғайды. 2022 жылы бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін немесе жалпы суармалы жердің 40% -на дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *