ImageJ=1.46r

Табылмаған мекен

Жаңа қоныс — разъезге көшіп келген күннің ертеңіне Уәзипа өз өмірінде бірінші рет ырым қылып көрші-қолаңдарына жеті нан таратты.
«Е, құдай, — деді аруақтарға күбірлей жүріп сыйынған Уәзипа, — осы жерде тұрақтасақ екен».
Шынында да бұл разъезд Уәзипаның ұзын Өмірбаймен отасқан он үш жылының ішіндегі он жетінші жаңа қонысы болатын. Ұзын Өмірбай Уәзипаның үшінші күйеуі еді де, Уәзипа ұзын Өмірбайдың төртінші әйелі еді.
Екеуінің алғаш қосылған кезі Уәзипаның әлі күнге көз алдында. Ол күндерде бұл отыздың мол ішінде болса да, құрсақ көтермегендіктен екі бетінен қаны тамған керім келіншек болатын. Алғашқы қыздай қосылған күйеуі соғыста хабарсыз кетіп, онан кейін ағайын-туғанының қақпайлауымен әмеңгері — төрінен көрі жақын кәрі шалға тиген. Ал Өмірбай болса, соғыс аяқталысымен елге қайтып, колхоздың бригадирі болып істеді. Ол бірде көктемгі егіс бригадасына аспазшы етіп Уәзипаны таңдап алған. Міне, сол бір шақтарда екеуінің арасында іштей тұнып, қас қағумен ғана ұғысқан ыстық қарым-қатынас туды. Уәзипа тамақтың бар дәмдісін Өмірбайға ғана сақтап, оның егіс басындағы қосқа әрбір келуін ынтыға күтетін. Бір күні ертеңгісін көзі шатынап шарасынан шығып, жүзі қап-қара боп тотыққан Өмірбай қостың аласа есігін мойнына іліп алардай еңкейіп азар кірді. Қолындағы жуан тобылғы сап қамшысын үйіріп біраз тұрды да:
— Уәзипа, мен қатынымды бүгіннен бастап қудым, енді анау үйге өзің ие бол, — деп келтесінен бірақ айтты…
Екеуі қосылғаннан кейін көп ұзамай-ақ Өмірбай бригадирліктен түсті. Осыдан соң олардың көшпелі өмірі де басталған.
Содан бері қайда кешіп, қайда қонбады? Қандай ғана колхозда тұрмады. Егер бұлардың көші жүрген жолды ұзын арқанмен өлшесе, Уәзипаның есебі бойынша өздері көшіп-қонған төрт ауданның жерін екі қайтара буып тастайтындай болды ғой. Өмірбай қандай жұмысты ғана істемеді? Көктем келді тұқым себуге шықты, екі күннен кейін-ақ: «Жоқ, кемпір, ұзақты күнге топырақ жұту өмір емес», — деді жұмыстан бас тартып, босап тұрды. Пішен уақыты, шөпке шықты, біраз күн істеген соң: «Ұзақты күнге таңдайың тобарсып, шөмеле көтергеннен мазасыз ештеңе болмас, жоқ, кемпір, бұл да өмір емес екен» деді…
Осылайша ол жұмыстан жұмыс таңдап колхоздан колхозға ауысып көшіп отырды. Уәзипаның тағы бір таңданатыны, неге екені белгісіз, мұның күйеуін ешбір колхоз басқа артель мүшелері сияқты жібермеймін, деп қарсылық етіп, еш уақыт жолынан тоқтатқан емес. Барлық жерде де: «Келсең мүше тұтамыз, кетсең місе тұтамыз», дегендей рай білдіретін. Бір колхозда Өмірбайға бір отар қой тапсырып малға да жіберіп көрген. Қораға жиналған қыстық шөпті қара күзден қойға шашып, қыс ортасында бүкіл малды қырып ала жаздады, ақырында: «Жоқ, кемпір, елсіз-күнсіз далада малмен көшіп-қонып жүру деген біз үшін өмір емес-ау», — деді жабырқаған үнмен… Осының бәріне де Уәзипа бір ауыз қарсы сөз айтпастан көніп, ал кеттік деген жеріне көшіп жүре беретін.
Енді, міне, Өмірбайдың іздей-іздей кеп тұрақтамақ болған жері осы бір шағын ғана разъезд еді. Жұмысы да колхоздікіндей емес, белгілі тәртібі бар, мезгілді уақытпен істейтін, жанға жайлы — он шақты үйдің ортасындағы жұмыртқадай ғана домаланған ағаш дүкенді түнде күзету.
— Кемпір, бұл жер нағыз жәннат ортасы: темір жолың әне, дүкенің алақаныңда, міне, бәрінен де жұмысын айтсаңшы, шегедей берік тәртіп…
Мұны айтқан кезде ұзын Өмірбайдың қолағаштай үлкен мұрнының үші жыбырлап, қоңырқай жүзіндегі әжім іздері тегістеліп жайнап кетті. Олпы-солпы, еңкейіп жүретін кеудесін көтеріп, темекі түтінін танауынан паровоздың буындай бұрқыратып қойды.
Көшіп-қонудан әбден ығыр болған Уәзипа күйеуінің бұл сөзіне қатты қуанды. Қоныс теуіп, бір жерде тұрақтап у-шусыз өмір сүргенге не жетсін.
Разъезд орналасқан жері «тауды бұзып, тасты жарған» Турксиб темір жолының бойындағы бір шатқалды терең құзға кіре берістегі алқым еді. Ғажап құбылысы мол табиғаттың өзі Сарыарқа кең даланы көсілте жайып тастап кеп, дәл осы тұста бұрқ етпелі ашуы ұстап кетіп шатқалды құзды көлденең тартып, әдейі разъездік орынды әзірлей салғандай. Құзға қарай еңкейе түнерген алып жақпар тастар көзі үйренбеген адамның төбесінен төніп үрейін де алады. Темір жол сол құзды бастан-аяқ құлдилай салынған. Ауыр состав бір қалыпты арсыл-гүрсілімен жүріп өткенде, азан-қазан жаңғырыққан құз құлақты шағады.
Бірақ артынша-ақ шуы мол үлкен өмірден бөлініп қалғандай болып кішкене разъезді меңіреу тыныштық қайта басатын…
Өмірбайға қосауыз мылтық, күзет киімдері: үлкен сары тон және Уәзипа екеуінің төрт аяғын қосса сыйып кететін үлкен қара пима берілді.
Алғашқы күндерде Өмірбай күн батар-батпастан шырттай киініп алып, қосауызды асынып, дүкенді айналып жүріп таңды атқызатын. Ертеңгісін шайға отырғанда:
— Ұйқысыз жүру адамның аранын ашады екен, кәне, кемпір дәмді нең бар? — деп маңғазданатын. Онан соң күні бойы бас көтерместен қорылдап тұрып ұйықтайтын. Бірақ бірер айдан кейін күзетке еті үйренгендей болды да, түнде бір ауық үйге кіріп шығып жүрді. Бұл әдетін күннен-күнге жиілете бастады. Күзгі ызғырық қара жел де дамылсыз соғып, табиғат та суына түсті. Енді Өмірбай суық торғайша бүрсең қағып, темекі тұтатуды сылтаурата үйге әрбір сағатта екі-үш дүркін кіретін болды. Қар да жауды. Бетті қарыған аяздар, әсіресе түнге қарай өршеленіп, айнала тегіс шақырлап кететін.
Бірде Өмірбай үйге түн ортасында кіріп, пеш алдында бірер сағаттай жылынған боп, пысылдап отырып алды. Үйдің іші қараңғы болса да пештегі қызу шоқтың сәулесі оның бет-жүзін анық көрсетіп тұрған. Төсекте ояу жатқан Уәзипа күйеуінің білеулене тотығып, қатпар-қатпар болған жүзіне ұзақ қарады. Рас, соңғы кездерде Өмірбай жүдей бастаған екен. Әлдене жанына батқандай көз тоқтатқан жеріне күйзеле қарайды. Соңғы екі айда қоя берген мұрты да селеу-селеу боп бытырай өсіп, өңін тым кәртең тартқызып тұр.
— Ойбай-ау, неғып отырсың, барсаңшы енді күзетіңе, — деді Уәзипа. Өзі күйеуін іштей аяп та жатыр.
— Кемпір, осы менің мұрнымның суыққа төзімсіздеу боп жүргені, — деді өзін-өзі ақтай сөйлеген Өмірбай. Онан соң жолындағы ыдыс-аяқты тонының етегімен салдырата ауыр басып шығып кетті.
Бірақ осы түннен кейін-ақ Өмірбай қолағаштай мұрнын уқалап кеп, пеш алдына ұзақ отырып алатынды шығарды. Күйеуін үйден қуып, тықақтай беруді Уәзипа да лайықсыз көрді. «Байғұс, қайбір жетіскенінен кіреді дейсің», — деп ойлады күйеуін аяған ол.
Енді бір күні Өмірбай қайта-қайта далаға шыға бергенше деп, дүкен жақты терезеден-ақ қарай салатын болды. Бірақ пеш алдынан жиі-жиі тұрып барып, терезеден қарай бергеннің өзі де қолайсыздау еді. Ақыры терезенің алдына орындық қойып отырып алып, мылтықты оңтайлап ұстаған қалыпта дүкенді күзетті.
Сұр тонның сыртынан жалпақ белбеуді буынып, қара пиманы киіп алып, түні бойы жылы үйде отырып, терезеден күзет күзетуден артық рақат не болсын.
Маужырап отырып ауық-ауық қалғып та алады. Әуелгіде аздап күңкілдегенмен, артынша мұндай оңтайлы жұмысқа Уәзипаның да еті үйренді. «Мейлі, қалай күзетсе де, әйтеуір, енді көшеміз демесе екен», — деп тіледі ол.
— Кемпір, ертең күндіз-ақ ұйықтарсың, сен де тұрып отырсаңшы, — деді бір күні Өмірбай, жалғыз отырудан іші пысып.
Уәзипа қарсылық етпестен үнсіз ғана киінді. Енді терезе алдына екі орындық қойылып, ерлі-зайыпты екеу болып күзетісті. Күндер өтіп жатты.
— Кемпір, сен барып бір айналып келсең қайтеді, міне, мылтық…
Уәзипа дүкен жақты бір айналып келген де, Өмірбай терезенің ернеуіне басын сүйеген қалыпта сәл қорылдап ұйықтап отыр екен.
Осылайша түні сағыныштай ұзақ сонарлы қыс айлары да өтті…
Бір рет Уәзипа дүкен жақты шолып жүрген. Дәл осы сәтте құз басынан қатты айқай салған паровоз даусы оны селк еткізді. Түн ортасы, он төртінен туған ай дәл төбеден төніп, дала сүттей жарық еді. Алыстан келе жатқан ауыр состав арсыл-гүрсіл екпіндеген қалыпта, жүрісін еш баяулатпастан разъезд ортасынан өтіп бара жатты. Тізбектелген составтың ұзына бойына тиегені кілең ғана жаңа тракторлар еді. «Түу, мұнша көп трактор да болады екен-ау, — деп ойлады таңданған Уәзипа. — Мұның бәрін қайыспай көтерер жер де бар ма екен?» Оның есіне бірнеше жылдан бері бүкіл ел айта беретін «тың жер… миллиард пұт астық…» деген сөздер түсті. Соның бәрінің осы бір маңайда болғаны ғой. Үйге кірісімен ол маужырап, қалғып отырған шалын жұлқылап жіберді.
— Өмеке-ау, әй, Өмеке… Керемет көп трактор…
Ұйқысын бөлгенге тыжырынған Өмірбай көзін ашпастан-ақ:
— Енді қайт дейсің, — деп күңк ете түсті де, тыр-тыр қасынып қайта қалғып кетті. Өмірінде алғаш рет Уәзипаның күйеуінен көңілінің қатты қалған жері осы жолы еді. Айналада болып жатқан, бүкіл халық игілігі, үлкен дүбірдің Өмірбайға титтей де әсер етпегеніне қатты күйінді. «Бұдан артық не сорлылық болсын, бейбақ басым», — деп булыға сыбырлаумен болды.
Көктем келді. Сайлардан сарқыраған қар сулары аға бастады. Жер түрленіп құздағы үрейді алған жақпар тастарға дейін өзінің көрікті бояуын жағынды. Түні неткен әсем. Үй айналасындағы көктем суымен шыққан көкке жайылған малдың дүбірі, ауық-ауық «ұйықта-ұйықта» дегендей алыстан келген байғұз үні, сытыр-сытыр еткен терезе түбіндегі тамшылар, осының бәрі Өмірбайды жиі-жиі есінете берді.
— Жоқ, кемпір, — деді ол күтпеген жерден жұлып алғандай, — өмір бойына түн баласын ұйқысыз өткізу деген тәртіп емес қой.
Уәзипаның зәресі ұшып кетті. Шынымен-ақ, бұл жұмыстың да күйеуіне ұнамағаны ма?!
— Сен жатып үйықтай ғой…
Енді терезе алдында мылтықты әлдилеген баладай құшақтасып Уәзипа жалғыз отыратын болды. Кірпік қаққандай қылаң еткен жаз түндері де келді. Ұйқысы да тым тәтті. Уәзипа сонда да қыңқ етпеді. «Мейлі, өмір бойы мен-ақ күзетейін, тек көшеміз демесе екен» деп тіледі.
Бірақ Уәзипаның тілегі көп ұзаққа бармады. Көшіп келгендеріне жыл уақыты толмай жатып-ақ бір күні Өмірбай былай деді.
— Кемпір, сен ғой түнде күзетесің, ал күндіз ұйықтайсың, мен болсам түнде ұйықтаймын, ал күндіз сенсіз не істерімді білмей сенделемін. Ойлашы өзің, осы да өмір болып па? Жоқ, кемпір күзет қол емес біздер үшін…
Уәзипа күйеуімен келіспеді. Бұрын еш уақыт біріне-бірі тура қарап қабақ шытыспағандықтан, кейбір ерлі-зайыптыларға ұсап ұрсыса да алмады. Бірін-бірі үнсіз аңдасты. Кім білсін, екеуі осылайша жүріп, іштей ұғысып, разъезде тұрақтап қалған да болар ма еді, егер…
Найзағай жарқ-жұрқ етіп, күн күркіреп селдетіп жаңбыр жауған түні дүкеннің аузындағы мөрді біреу бұзып кетіпті. Ертеңгісін көзі қанталаған дүкенші үйге баса көктеп кірді де, Өмірбайды көктен ап, жерге сап балағаттай жөнелді. Егер осыдан дүкеннің бір суыртпақ жібі жоғалса, алдымен Өмірбайдың көзі құритынын айтты. Милиция шақыртылып, тексеру комиссиялары келіп, ілезде кішкене разъезд абыр-дабырға толып кетті. Өмірбай уақытша қамалды.
Неше күнге созылған тексеру сұрақтан кейін мөрді бұзған ойнап жүрген балалар екені анықталды. Дүкеннің заттары түгел болып шықты. Өмірбай босатылды. Оны Уәзипа есік алдында жылап тұрып қарсы алған. Неше күнгі қамаудан соң Өмірбайдың жүзі бозарып, самай шашы мен мұртының ағы көбейген екен. Сақалын да қауғадай етіп өсіріп жіберіпті.
— Кемпір, — деді жүйкесі босаған ол табалдырықтан аттай бере, — енді қартайғанда көрмегенім қамалу еді, көрдім оны да… Даярлан… көшеміз… — деді. Жаутаңдаған кемпіріне қарап, оның сұрағын іштей ұқты.
— Қайда дейсің бе?.. Білмеймін… кең ғой, дала, әйтеуір… — деп міңгірледі де, қолын сыртқа бір сермеп, басын тұқитты.
Бұл кезде үлкен өмірдің дүбіріндей құздың ішін азан-қазан етіп жаңғырта құлдилап, ауыр состав өтіп бара жатты.

 

Сайын МҰРАТБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *