Қамбар ата түлігі бағылуда

Қазақта «Қыс – қатал сыншы», «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деген сөздер бар. Бұл халқымыздың қай кезде де қыстан қауіп-қатер күтіп, сақтанып отыратынын көрсетсе керек. Тіршілігі малмен байланысты қазақтың бұл өмір дағдысы десе де болады. Сондықтан күні бүгінге дейін осы сақтық әр жыл сайын қайталанып отырады.

Әсіресе, биылғы қыстың бастамасы мұның бекер емес екенін көрсетті. Қысы қытымыр болып келетін біздің таулы өңірімізде қараша күздің аяғын ала түскен қардың арты ақ түтек боранға ұласып, елдің біраз берекесін қашырғаны бар.
Малдың қоңдылығын сақтау жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті талап ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек екені белгілі.
Қыс айлары малшылар үшін ең жауапты кезең болып саналады. Мұндай шақта машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген малшы қауымның алдында тұрған басты мақсат – төрт түлікті қыс құрсауынан аман алып шығып, олардың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Қысқаша қайырғанда, мұның бәрі қыстаудан шығынсыз шығудың қамы.
Осындай қарбаласты қам-қарекет Ақтөбе ауылдық округінің орталығы – Бәйтерек ауылының іргесінде орналасқан «Асқар-Тас» шаруа қожалығының мал базасының тыныс-тіршілігінен де байқалады. Оған осындағы мал қыстату науқанын көзбен көруге барғанда көз жеткіздік.
1992 жылы ауыл тұрғыны Тастанбек Жақыпбеков негізін қалаған қожалықтың жұмысын бүгінде оның ұлы Асқар жүргізуде. Шаруашылықтың бағымында 200-дей қой-ешкі мен 150-ге тарта жылқы бар. Дәл қазір осы базада уақ малдар мен жас құлынды биелер бағылуда. Оған қоса негізгі үйірден айырылған кейбір күйі төмендеу, арық-тұрық жабағы-тайлар қонданғанға дейін осында күтімге алынады. Қалған ірі жылқылар шаруашылықтың Күйік тауында орналасқан «Құрамадағы» базасында бағылуда. Ол жақта көп жағдайда мал қыстай тебіндеп шығады.
Қора-жайы таза, жем-шөбі жеткілікті, малы қоңды көрінген малшылардың малсақ екенін байқау қиын емес. Бір-екі жыл бұрын бір отар қой еркін сыятын қоражай салынған. Беріректе күтімге алынған қылқұйрықтар тұратын жабық қора.
Оның жаны жақсы көретін, сүйіп қалайтын бір ісі – атбегілік. Оны өзі кәсіп деп есептемейді, дәлірегі, әуестік немесе хобби. Осы мақсатта 10 шақты айғырды жеке баптап, төрт жылдан бері көкпарға, бәйгеге қосып отыр. Олары ауыл іргесіндегі базада бөлек бағылады. Ішінде жақын-жуықтағы додалардан шашасына шаң жұқпай, қара үзіп, жүлде алғандары да бар. Әсіресе, Польшадан арнайы тапсырыспен алдыртқан төрт тұлпары – мақтанышы. Олардың аттары да әртүрлі, иесі үшін әрқайсысының орны бөлек.
Екі қыстақта да жемшөп қоры жеткілікті. 40 тонна арпа-бидай мен 10 мыңға тарта түк шөп жинаулы тұр. Малшылар күн райына қарап, жемшөпті көп шығындамай, қысыңқырап беріп жатқан жайы бар. Жер ашық болса, уақ малдар көбіне төңіректегі жайылымға айдалады. Асқардың есебінше, дайындалған шөптің, жемнің арқасында, малдар биыл қыстан қысылмай шығуы тиіс.
Шаруашылықтың екі базасында мал күтімімен екі малшы отбасы айналысады. Оларға барлық жағдай жасалған. Жылы, жарық үй-жайлары бар, айлық жалақылары уақтылы төленуде.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *