Иманжүсіптің әні

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Ағасының келмей жатып, араласпай жатып, берекелерін алғанына, отбасының тыныштығын бұзғанына інісі үнсіз төзіп, тұнжырай беріпті. Қатын баласы үрпиіп, состиып-состиып тұрып қалғаны болмаса, ағалы-інілінің ісіне араласа қоймапты. Әлден уақытта ағасы жан қалтасынан мүйіз шақшасын алып шығып, көк бұйра насыбайдан ерніне бір атым тастап жіберген соң, біруақ өзіне-өзі келгендей болыпты. Жанында жатқан газеттен жыртып алып түкіргіш орап, оған шырт-шырт түкіріргені сол-ақ екен, осының бәрін бағып тұрған бір ұлы әкесіне дүрсе қоя беріпті:
– Папа, смотри, твой родственник какой-то наркотик курит. Фу, папа, он еще плеется. Что он так себя ведет в нашем доме.
– Это мой единственный родной брат, я вам расказывал о нашей тяжелой судьбе. Мы не виделись почти сорок лет, Я прошу вас поймите его – депті інісі сабырмен.
– Келін, – депті аздаған үнсіздіктен кейін ағасы,– ақылға келейік, Бір баланы атасының атына жазуға келіс, айналайын, Екі ұлдың бірі – Бектасов болсын, бұдан басқа жолды көріп отырған жоқпын, мені дұрыс түсін шырағым, өтінемін – депті жалынышты үнмен.
– Жоқ! Жоқ! – депті жан дауысы шыққан келінінің. Бағанадан бері әзер шыдап тұрған әйелдің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығыпты: – Ешқашанда! Бұндай сұмдықты айтуға қалай дәтіңіз барады! Балалар менікі. Біреудің отбасында шаруаңыз болмасын! Әлде бізді айырылыстыру үшін келдіңіз бе? Ол ойыңыз бола қоймас. Солай депті де күйеуіне дүрсе қоя беріпті: – Біз үйленгелі жиырма бес жыл болды. Содан бері қайда жүрген бұл ағаң? Енді келіп, сен генерал болғанда іздеп келіп отыр. Тағы қандай туыстарың бар еді, сенің ол жақта. Ұзамай үйімізге жарты Қазақстан ағылатын шығар, – деп тұлданыпты інісінің әйелі.
Бұдан арғы әңгіменің жараспасын сезіп, бөгелісті жөн көрмеген ағасы, тез жиналып үйден шығып кетіпті. Соңынан інісі қуа шығып, бірдеме айтып, тоқтатқысы келген екен, қайырылмапты. Сол сапардан атамыз үйге жетіп бір-ақ құлады. Келгеннен соң, бөлмесіне ешкімді бас сұқтыртпай, тірі жанмен тіл қатыспай, қатты құсаланды. Біраз күн өткен соң ғана, өзіне өзі келіп болған уақиғаны өзіне жақын деген жандарға ғана қинала, жаны азап шеге отырып айтып берді. Осы оқиғадан кейін былай да тұйық адам, мүлде оқшауланып алды. Кейде атына мініп, дала кезіп кетіп жүрді. Кейін мүлде үйден шықпайтын болды. Ақыры осыдан бір жыл бұрын осы дертке шалдықты. Ауруы бірте-бірте асқынып барып жығылғалы екі айдан асты. Халі күннен-күнге төмендеп барады. Қайта сенімен әңгімелесуге күш тапқанына қайран қалып келемін, – дей берген ол рөлді кілт бұра бере тежегішті басты. Ырыққа көнбеген көлік тайғанақтап қиыстай берді де, жол бұрылысындағы итжондана үйіліп қалған қарға барып тұмсығымен кіріп кетті. Көліктен түспеске болмады. Екеулеп итеріп, әзер дегенде машинаны жолдың ортасына шығардық.
– Итаяқты жақсы алушы шықса сатып жіберіп, шетелдік көлік алмақпын – деді екі иіннен дем алып, ентігін басып тұрған ол. Сөйтті де қалтасынан темекі алып тұтатты. Мен көлігіміз ауып қала жаздаған тұсты барлауға кірістім. Қалың қарға кептеліп қалғанымыз қандай жақсы болған. Енді сәл болғанда етекке қарай ауып түскендей екенбіз. Күтпеген бейнеттен аман қалғанымызға іштей шүкіршілік етіп, түнгі аспанға қарадым. Әлдеқашан маңдай тұсқа шығып алған толған айдың мол түскен сәулесі қардың бетін ақ күмістей жарқыратады. Ақпан туған соң, тас төбеге көтеріле алмасын білетін Үркер жамбасқа ауа бастапты. Басқа жұлдыздардай жымыңдауды білмейтін Есекқырған бір қалыппен суық шақыраяды. Түнгі дала күнімен соққан сұрапыл бораннан соң, тыныстап жатқандай. Шыңылтыр, тұп-тұнық саф ауаны кеудемді кере жұтқаннан ба, санам шайдай ашылып сала берді. Неге екенін білмеймін, дәл осы сәт көңіл түкпірімді Дайрабайдың «Дайрабай» күйінің сарыны кезіп, кеудем күмбірлеп кеткендей болды. «Шіркін! Қанша жерден қасірет шексе де, еркіндік сүйген ерлердің өмірі бәрібір сұлу; өмір сұлу болған соң, өнер де сұлу» дедім іштей. Ерлік жасаттырып алып, өлтіретін қоғамың болғаны қандай бақыт деген күпір ой санамды осқылап өтті. Адамзат басынан қандай заман өтпесін, қандай жүйе орнамасын – олардың барлығы тұлғаны қорлаумен, мазақ қылумен келеді. Әсіресе, тобырлық сана жайлаған қоғам тұлғаның, өнерпаздың шеккен азабынан, тартқан қасіретінен ләззат алады. Бұл кез келген қоғамның пешенесіне жазылған мәңгілік дерт. Құдайдың адамзатқа берген теріс батасының тақсыретін тұлғалар тартатыны сондықтан, – деген запыранды ой кеудемді қарып өтті. Көз алдымда Балуан Шолақ, Мәди бейнелері тұрып алғандай. Кеудемде алай-түлей «Дайрабай» күйі буырқанады. Орман ойлармен арпалысып тұрып, күні бойы жанымды жеген көңілсіздіктен біржола арылғанымды, боранды күнгі сапарыма, енді ризашылық білдіріп тұрғанымды сездім. «Иманжүсіптің әңгімесіне жолыққаным қандай жақсы болды, кежегем кейін тартқанына көніп, үйде қалғанымда масқара болады екен» дедім күбірлеп.
– Кеттік, – деген жол серігімнің де даусы көңілді шықты. Көлікті оталдырып жүре бергенде разы болған көңілмен қолын қыстым. Түкке түсінбеген ол бетіме ажырая қарады.
– Алла разы болсын, – дедім мен тағы да ризалығымды білдіріп. Түкке түсінбей аңырған ол жылдамдықты үдете түсті де – Шетелдік көлік алсам, жүргеннің көкесін сонда көрсетемін, – деді менің ризашылығымның төркінін өзінше жорып.
Сары «Жигули» қарлы бөгесіндерден қинала өтіп, бар күшімен дызылдай безек қағып келеді. Түнгі жол ұзарып кеткендей жеткізер емес. Машина орындығына шалқая отырып. көзімді жұмдым. Кеудемде «Иманжүсіптің әні» атой салып келеді:

Күнім қайда баяғы таңдай атқан,
Көшесін Қараөткелдің дабырлатқан.
Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,
Жарқанат болғаным ба бұғып жатқан?

Дұшпаным көп сыртымнан табалаған,
Соңымнан иттей шулап абалаған.
Қараөткелдің кіргенде көшесіне,
Маржалары көрем деп қамалаған.

Шідерімді шыңғыртып атқа салдым,
Иманжүсіп атымды хатқа жаздым,
Ата-баба дәулеті арқасында,
Басымды суға салдым, отқа салдым.

Жігіт едім елімде гүл жайнаған,
Ерегіскен дұшпанды жай қоймаған.
Бағың таяр басыңнан күн туғанда,
Төбеңе дұшпан шығып ат ойнатқан…

Арада үш аптадай уақыт өтті. Ызғарлы қыстың бет қаритын аязды күндерінің бірінде жұмысқа баратын көлік тосып аялдамада тұр едім. Кенет аялдамадан өте берген шетелдік жеңіл көлік кілт тоқтай қалып, жалма-жан сигналын безілдетіп қоя берді. Бірақ қанша бепілдетсе де әлгі көлікке ешкім тақала қоймады. Қайта бұл өзі кімді шақырып тұр дегендей аялдамада тоңып тұрған жұртшылық жақтырмағандай бір-біріне аңтарыла қарасты. Мұндай көлігі бар танысым жоқ болған соң, мен де онша назар аударма қоймадым. Машинаның ішінен таныс біреу домалап түсіп жатыр. Тани кеттім, Ғинаят!
– Әншім-ау шақырып тұрмын, шақырып тұрмын. Неге келмейсің?
– Танымай қалдым. Көлік алғансыз ба?
– Иә, түнеукүні өзіңе алам деп жүрген көлігім осы.
– Құтты болсын! Игілігіңізге мініңіз.
– Рахмет бауырым, отыр. Баратын жеріңе жеткізіп салайын.
– Шетелдік көліктің қорлығы өтіп жүр еді. Алдым ақыры,– деді ол машинаға отырған соң, – Сары «Жигулиді» сатып жібердім. Жақсы бағаға кетті. Ол енді жаңа көлігін мақтай бастады. – Мынау рахат болды. Әнеукүнгі «Жигулимен» жарты күн жүрген ауылға бұл ет пісірім уақытта жетіп барады. Іші жып-жылы, сырт киімсіз отырасың. Жайлы көлік мінсең жақсы өмір сүреді екенсің. Жолың болады. Шаруаң да жүреді. Ісің де оңға басады. Көрмейсің бе? Қытайға темір өткізуге тесік таппай жүр едім. Құдай бәрінің сәтін салды. Тау-тау темірлерім темір жолмен тоқтаусыз ағыла бастады. Тіфа, тіфа. Тіл көзден сақтай көр. Ол көлігінің рөліне түкірді. – Бәрінен қайын жұртқа барғанда қысылмайсың. Жаман мәшинеммен барғанда қорына беруші едім. Енді жақсы болды.
– Ақсақал аман ба? Денсаулығы қалай? – дедім оның сөзін бөліп.
– Ә, сен естіген жоқсың ғой. Өліп қалды шалың.
– Қашан? – даусым қаттырақ шығып кетті.
– Той өткен соң, бір апта өтер-өтпесте қайтыс болды. Жерлейтін күні алай-түлей боран соғып, зорға қойдық.
– Иманды болсын. Көрмеген көшесінен жарылқасын.
Көңілім су сепкендей басылып қалды. Түсетін жеріме келіп қалған екенмін.
– Келдік. Осы жерге тоқтаңыз, – дедім көліктен тезірек түсіп кеткім келіп.
– Айтпақшы қызық жағдай болды – шал өлерде.
Есігін жауып үлгермедім. Ғинаятым тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Әңгіме қарттың өлімі жайлы болғандықтан, тыңдауға тура келді.
– Өлетін күні қатты қиналыпты. Балалары, туған-туыс жақындары түнімен жанында күзетіп отырыпты. Енді, атымызды атар, өсиетін айтар деп күткен ғой ұрпақтары. Ол болса, ерегіскендей үн-түнсіз жатып алып, мүлде сөйлемей қойыпты. Қара жер хабар бермесін, өзі де қырсық шал еді ғой. Тек бақиға кетер алдында көзі жұмулы жатқан күйі, адам түсінбейтін бір әннің сарынын қайта-қайта қайталай беріпті. Жиналғандардың бәрі шалды сандырақтай бастады деп ойласа керек. Бірақ, ол кенет көзін ашып, жан-жағына қарапты. Жиналғандарды өлеусіреген, нұрсыз жанарымен қыдырта бір шолып өтіп, көзін қайта жұмыпты. Сөйтіп жатқан аурудың «Имеке, Иманжүсіп аға…» деп бейтаныс біреудің атын атағанын, бірдеме деп күбірлегенін жанында таяу отырғандар түгел естіпті. Естігендер ұға алмай қалып: «Иманжүсібі кім» – деп бір-бірінен сұрасып жатыр дейді. «Шалдың мұндай туысы жоқ сияқты еді, онысы кім болды екен», деп үлкендер де дал болыпты. Сөйтіп өлер алдында да бірдемені жұмбақтаған қырсық шал сол күні кеш бата, күн ұясына қона бергенде үзіліпті.
Қарттың өлімі мені тебірентіп жіберді. Орнымнан қозғала алмай тұрып, қалыппын.
– Енді бар ғой, әрі қарай тыңда!
Қызынып алған Ғинаятым тоқтар емес.
– Менің орыс боп кеткен балдыздарым не дейді де: «Гена, ты нам найди папин родственник. Он нам при жизни про него ничего не рассказывал. Только мы его имя знаем. Его зовут Иманжусуп», – деп маған жалынады.
– Әй көкетайларым-ау, ең құрымаса туыстарыңның фамилиясын білмейсіңдер, мен қалай табам десем, – Наверно Бектасов? Ну, ты у нас настоящий казах, ты сможешь – деп қайта жабысады. Не дерімді білмей пұшайман боламын.
Әрі қарайғы әңгімені тыңдағым келмей, кетуге ыңғайландым. Көп сөйлеп кеткенін ол да сезіп, көлігін асығыс оталдыра салып жылжи бергені сол еді, санама сарт ете түскен ой оны жалма-жан тоқтатқызды. Есігін аша беріп, айғай салып:
– Шалдың туысқанының фамилиясы – Құтпанов. Иә, Иманжүсіп Құтпанов, – дедім.
– Оны қайдан білесің, кім айтты саған? — деген оның көзі шарасынан шығып барады.
– Той күнгі әңгімеде атаңыздың өзі айтқан маған.
– Тірі ме екен өзі? Қайда тұрады екен? Мекен-жайын айтқан жоқ па?
– Жоға! Әлдеқашан сүйегі қурап қалған.
Қитығып тұрғанымды сезбестен, ол маған сауалдар қоюмен әлек.
– Қалай, қашан өлген сонда, қай жерде жерленіпті?
– Бір мың тоғыз жүз отыз бірінші жылы 2-інші наурызда ГПУ-дың жендеттері атып өлтіріпті. Сүйегі Тараз қаласының астында қалыпты, – дедім тап бір есеп бергендей тақылдап.
– Апырай, ә, қызық жағдай екен. Шалың мұны бізге неге айтпаған ә, – жүре берген ол тағы да тоқтай қалды. – Енді оның сүйегін Тараздың қай көшесінен іздейміз, – деді абыржыған дауыспен.
– Білмеймін, – дедім қырсыға. Ол кете барды.
Сүлдерімді сүйреткен күйі жұмыс бөлмеме келдім. «Қазақ радиосы» халық композиторларының әндерінінен концерт беріп жатыр. Диктор: «Иманжүсіптің әні». Орындайтын Қайрат Байбосынов» – деп хабарлады.

…Қыран едім, қор болдым торға түсіп,
Аспаныма шығармын бір күн ұшып.
Қырық мың қатын Қыпшақтан ұл туса да,
Бірі де бола алмайды Иманжүсіп!

Кісендеулі аяқ-қол кетті тыным,
Тар қапаста өксумен өтті күнім.
Торға түскен торғайдай тыпыршиды,
Жаңғыртқан Сарыарқаны қайран үнім.

Ақтау, Ортау, Сарысу, Көктіңкөлі,
Жаз болса, жайлаушы еді көшіп елі.
Сағынғаннан көзіме жас келеді,
Ақ туын Кенесары тіккен жері…

Көзіме келіп қалған ыстық жас бетімді жуып бара жатты…

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *