«Абайдың шығармаларын толық зерттеп болған жоқпыз»

«Абайдың шығармалары әлі толық зерттелген жоқ» дейді біздің бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері. Еңбек жолын театр актрисасы болып бастаған ҚР мәдениет қайраткері Шолпан Айтибаева бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ұстаз. Өнер жолындағы біліп-түйген тәжірибелерін енді шәкірттеріне үйретуде.
Бір қызығы өнер адамы шәкірттеріне қоятын сахналық шығармаларда Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен көрініс жиі қоятын көрінеді. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай, өз оқушыларымен бірқатар сахналық қойылымдар жасап, фестивальдерге де қатысқан. Ең маңыздысы Шолпан Жолдыбайқызы өз алдына «Диагноз» атты балалар мен жасөспірімдер театрын ашып, өнерге енді қадам басқан жастарға қолдау көрсетіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Әңгімеміз қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ұлтына қалдырған мол мұрасы төңірегінде өрбіді.

– Жасөспірімденр театры қанша уақыттан бері жұмыс істеп келеді?
– Театрымызды өткен жылы қараша айында ашқан болатынбыз. Одан кейін карантин басталып, жұмыс тоқтады. Қазір мұнда 17 оқушы бар. Яғни бұлар «Диагноз» атты жасөспірімдерн театрының актерлері болып табылады. Бітірушілерге арнайы сертификат беріледі. Екі ай оқып, сосын үшінші айда есептік концерт береді. Өздерінің екі айда жинаған білімдері мен ынта-жігерлерін сол концертте бағалаймыз. Және сол шарада курс бітірушілеріне сертификат табыс етіледі.
– Сертификат кімнің қолынан табыс етіледі?
– Арнай сертификат мәдениет саласының майталманы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиқызының қолымен табыс етіледі.
– Бұл жерде қанша адам жұмыс істейді?
– Барлығы алты адам жұмыс жасайды. Би маманы, вокал пәнінің мұғалімі, сахна тілі мен сахна қозғалысы маманы, режиссер, фото суретші және көркемдік жетекші бар.
–Абай шығармашылығынан қойылымдарды жиі қоясыз…
– Абай атамызды бар қазақтың баласы біледі. Ол кісінің рөлін көптеген мықты-мықты актерлер сомдады. Спектакльдерде ақынның өмірін, махаббатын көрсетеді. Ал бірақ ол кісінің жазғандарын кім зерттейді. Ол қалайша ұлы Абай болды? Жазғандарымен ұлы болды ғой. Міне, біз осы дүниелерді халыққа кеңінен насихаттау мақсатына қойылымдарымызға Абай атамыздың шығармадарын, өлеңдері мен қара сөздерін арқау етеміз.
– Қара сөздерін де ме?
– Иә. Мен өзім алғаш Абай жолын оқыған кезде қазақ халқына қатысты көптеген кереғар пікірлерді байқап, іштей қынжылғаным бар. Алғашында кім оқыса да сондай ой келетін шығар. Ал орыс жазушылары халқын көтермелеп жазады, оны барлығыңыз білесіздер.
Шын мәнінде Абай атамыз кішкентай күнінен медрсседе оқыған екен. Яғни, дінге әу бастан жақын болған, ілім жиған адам. Демек бұл кісі қара сөздерді бекер жазбаған. Нақты қанша қара сөзі бар екенін білеміз бе, 45-тен де көп болуы мүмкін ғой!..
Менің ойым мынадай, мысалы Құранда қаншама хадис, қаншама аяттар бар, қаншама дұғалар бар. Осы дүниелердің барлығын толық зерттеп, жаттап үлгерем бе деген сұрақ қоямын өзіме. Егер соларды жаттаған жағдайда қара сөздердің мәнін толық түсінген болар едік. Өйткені қазіргі 45 қара сөзді оқысаңыз сол аяттардан, хадистерден мысал келтіре отырып жазады.
Сол хадистердегі тыйым мен тәрбиені спектакль арқылы, яғни Абай атамыздың қара сөздері арқылы халыққа, әсіресе қазіргі жастарға, технологиясы дамыған қазіргі қоғамға жеткізгім келеді.
– Сонда қазргі қоғамға қара сөздің мәнін ұғыну өте қажет дегіңіз келе ме?
– «Тәнді жанға бас ұрғызу керек еді, бірақ біз оны тыңдамадық» дейді ғой. Біз жанды тәнге бас ұрғыздық, солай емес пе? Және бәріміз сондаймыз. Абайды оқу туралы мектепте қалай айтады, ол үшін сол педагогтың өзі зерттемесе. Бірінші сыныптан бастап қара сөздерді талдап, ұғындырып үйрету керек, сонда тәрбие болмақ. Мысалы сол бірінші қара сөзінің өзінде қалай айтқан: өзінің жазған дүниелерін халқы қаласа кәдеге жаратсын, қаламаса өз сөзінің өзіне екендігін айтып кетеді.
Оны әркім әр қалай түсінеді. Біз балаларды солай тәрбиелеуіміз керек. Ұрып не ұрсып ақыл айтқаннан біз құртып аламыз. Одан құдай сақтасын. Өйткені олар көреген нәрсесін жасайды. Ал егер мен ана болып «Мен саған айттым, шын мәнінде мына ісің дұрыс емес, бірақ сен ақылдысың, енді сен өзің жасған нәрсемен, менің айтқан нұсқауымды салыстырып көрші, сосын арғы жағын өзің ойлан» десем – ол ұғынады.
Негізі кез-келген сала, кез-келген нәрсе бір бірімен тығыз байланысты. Құдай барлығын текке жаратқан жоқ. Сондықтан мұндай керемет шығармалар да текке дүниеге келмеді. Халықтың игілігі үшін, рухани азық болу үшін ғасырдан ғасырға өтіп, бізге жетіп отыр.
– Егер де облыстық театрға режиссер болу туралы ұсыныс түссе, келесер ме едіңіз?
– Әрине, қабылдаймын. Өйткені ойда жүрген дүниелерім өте көп. Мына бір актерлермен жұмыс істесе, егер олар осы рөлді ойнаса екен деп ойлайсың. Қазір актерлер ойнай алмай жатса оларды кінәлауға болмайды. Себебі драматургия мен режиссерлік сала ақсаңдап тұр. Біз драмаға сүйеніп қойылым қоямыз ғой, дегенмен, ең жаман жазылған шығарма болсын оны мықты режиссер қойса, одан тамаша дүние жасап шығаруы мүмкін. Ал сол мықты режиссер көркемдік жетекшімен бірге актерлермен жұмыс істеу керек. Яғни оларға шабыт сыйлау керек. Ал, жұмыс сағат онда деп онда келіп, түскі үзіліс деп дайндықты жарты жолдан тастаса, кешке уақыт бітті деп үйдің тірлігіне асықса жақсы дүние шықпайды. Ең бастысы сол сахнадағы адамды тартатын қуат жоғалмауы керек. Бұл дегеніміз үздіксіз жұмыс, ынта мен жігерден туады.
Сонымен қатар, басшылық тарапынан актерлерге, ұжымға қысым болмау керек. Өйткені шығармашылық адамдары өз саласының шынайы маманы болса, не істеу керектігін өзі де жақсы біледі. Ал түртпектей беру қажет емес. Алғаш Солтүстік Қазқстан облысы, Петропавл қаласындағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрында жұмыс істеген кезімізде таңғы беске шейін дайындық жасайтын кездеріміз болаған. Өйткені дайындықты шыңдаған сайын талпына берсең, рөл одан әрі жетіле түседі. Ал кетіп қалсаң ол шабытты жоғалтып аласың. Актерлік шеберлік деген жібін бір тартсаң кете беретін жіп секілді ғой…
Ең қызығы, дайындықты бітіріп, киіміңді ауыстырып жатқан кезде барып қаншалықты қалжырап, шаршағаныңды сезесің. Бірақ одан артық керемет сезім жоқ. Ол бір ағашты егіп, жемісін жегенің, үйді соғып ішіне кіргенің секілді қуанышты сезім, сөбен айтып жеткізе алмайтын өнерге деген құштарлық. Шәкірттеріме де еңбекқорлық пен табандылық туралы жиі айтамын. Осы жасөспірімдер мен ашқан кішкентай табалдырықтан терең білім жинап, үлкен өнер ордаларына қанатын қомдап ұшса деймін. Сол менің үлкен жетістігім болар еді.
– Егер актер болмағаныңызда, өзіңізді қай саладан елестетер едіңіз?
– Тергеуші. Немесе адвокат болар едім. Тек шындық үшін күресетін. Бірақ жаратушы иеміз біледі, бізді қай салаға, қай жерге жіберу керек екендігін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *