Қазақтың көнерген салт-дәстүрлерін білесіз бе?

АТБАЙЛАР

Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Жақын туысқандары шай қатықтық сүт болсын деп сауын сиырын береді, көші-қонына көлік болсын деп дәулетті аталары түйе сыйлайды. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Бұл дәстүрді «атбайлар» деп аталған. Ас-дастарқаны мол, ырыс-несібелі болсын деп тілек айтқан. Атбайлардың екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі.

ИТАЯҒЫНА САЛУ

Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина, күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.

ТОҚЫМҚАҒАР

Тоқымқағар дәстүрі бала бірінші рет өз үйінен басқа жаққа сапарға шыққан кезде жасалады. Бала сапарға шығуға дайын болғанда, оның әкесі ауылдың кісілерін шақырады. Ауылдың кісілеріне дастархан жайылады. Кейін үлкен ақсақал балаға бата жасап, тілеу айтып оны шығарып салады. Әдетте ауыл адамдары ән, күй, айтыс секілді өнер түрлерін айта отырып, көбінесе, үй иесіне жолаушының оң сапарда болуын, бақытқа жетуін тілейтін жақсы тілектер айтысқан.

ЖӨРГЕМ

Бұл халық аузында «жолаушы сыбағасы» деп аталса керек. Ел көшер алдында арнайы мал сойып, оның ішектерін пісіреді де, жақын маңдағы ағаштарға іліп кетеді екен. Кей үй ошақтың түбіне нан көміп кететін болған. Соңғы көш жұрттағы ошақтың басынан таба нанды алып, ілулі қалған ішекті қайнатып жеп, талғажау еткен. Осы асты «жөргем» деп атаған. Ол кейінгі көш керуеніне деген қамқорлықты білдіреді. Қарны ашып келе жатқан жолаушы жөргемге кездессе, оны суға қайнатып, нәр алады деседі. Ел аузында қалған «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз осыдан қалса керек. Ал, атадан жеткен бұл жоралғы шын мәнінде, қазақ деген халықтың қонақжайлық дәстүрін қалыптастырып кеткені анық.

ШАҢЫРАҚ ТҮЙЕ

Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырақ түйе» деп аталады. Ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдында жүреді екен. Оған адам мінбейді, түйені тек атпен жетелейді.

«ҚАП ҚАҒАР» МЕН
«ЕТ ҚАЙТАР»

Қазақ – дастарханымен қазақ. Қонақжайлылығы, мол дастарханы, ағайын-бауырды жиып, сағынысып тұруы оның ата салты. Сондықтан да қазақтың тұрмысында той да көп, қонақ та көп. Бұл — еріккеннің ермегі емесі анық. Ол — барымен бөлісудің бір амалы. Өйткені бұрындары жоқ-жітімін, жесірі мен жетімін ел арасына осындай амалдармен қоса отырып, тойдырып отырған.
Жылдың төрт мезгіліне сай қонаққа шақыру дәстүрлері бар. Қыс келгенде әдетте қазақ соғым сояды. Қысты аман есен өткеруге сойылған малдың етінен ауыз тисін деген ниетпен, қонақ шақырады.
Ал қыс аяқталып, көктем басталғанда «соғым» еті бітеді. Сол мезетте сыйлы ағайынды қонаққа шақырады. Бұл дастарқанды «ет қайтар» деп атайды. Ал қап түбінде қалған етті асып, көршілерін шақырып, құрмет көрсетуді — «қап қағар» деген екен. Бұл да бір бауырмалдықтың «көңілден кетпес» ағайынмен жақындасудың бір салты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *