Иманжүсіптің әні

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Түнімен ән шырқаған есіл ерге ешкім ара түсе алмапты. Қолдарын кісен қиған Иманжүсіп батыр айдалып кете барыпты. Кейін ел ішінде Иманжүсіптің елмен қоштасқан әні тарады. Көп жыл жадымда сақтап жүрдім ол әнді. Құдай әншілік бермесе де, өзіме қиын-қыстау шақта шапағаты тиген аяулы адамның әнін ешкім жоқта іштей ыңылдап айтушы едім. Кәрілік деген адамның жадына келген жұт екен. Есімде екі-үш ауызы ғана қалыпты.
–Айтып жіберіңізші, – дедім бағанадан бері сөзін бөлмей тыңдаған мен шыдай алмай.
– Қазір – деді ол, – Қазір есіме түсірейін.
Ол есіне түсіре алмай біраз жатты.
– Әйелінің аты Күлжәмилә еді. Күлжәмилә күйеуі өлген келіншек екен. Өзі сұлу, өзі жас жесірге қайынаға, қайындары әмеңерлікке таласып жатқанда Иманжүсіп келіп алып кеткен ғой. Әлгілердің ешқайсысы біздің жесіріміз деп айта алмапты Иманжүсіпке. Бетіне тірі жанды қаратпайтын айбатты еді ғой жарықтық. Сол әйелі жайлы айтатын бір ауызы бар еді. Е, міне, енді түсті есіме.
Қалжау, қалжыраған, әлсіз дауыспен әнді жайлап айта бастады:
Көкталдан шығып қондық біз «Школге»
Көз талды қарай-қарай туған елге.
Оралмасым дәм жазып, енді анық,
Күлжәмилә болар екен қандай күйде?
Әрі қарай айта алмады.
– Еске түсер емес, шырағым. Ауру мен кәрілік қоса келіп, ұмыттырды бәрін. Қап! Есімде сақтап кеп едім. Қара басып жатқанымды қарашы.
–Торыарғымақтың тағдыры немен тынды – дедім, қарттың өлеңді есіне түсіре алмасына көзім жетіп, әрі қынжылып.
– Келесі жылы ел ішіне ашаршылық кіре бастады. Иманжүсіптен тірідей айырылған, Күлжәмилә торыарғымақты соғымға сойыпты. Қасапшы жігіттер ноқталап жатқанда өзі ақсақ, әбден арып, тулаққа айналған торыарғымақ жылап тұрыпты; Күлжәмилә әлдекімдерді қарғап, дауыс қойып аңырапты деседі. Атты сойғандар торыарғымақтың жүрегі самауырындай үлкен, өкпелері шайнектей ғана екен, қабырғасын санадық тұп-тура он сегіз, бір жұп қабырғасы артық біткен екен десіп жүрді. Ұзамай Әулиеатада Иманжүсіпті атып тастапты деген суық хабар сумаң етіп, елдің үрейін алып өтті. Одан кейін отыз екінің аштығы басталып, тоз-тозы шыққан ел басымен қайғы болып кетті. Қырылғаны қырылып, аяғы жеткені өзбек, қырғыз асты. Елге ере алмай, әліміз құрып, Жаңаарқаның көшесінде аштан бұралып өлгелі жатқан інім екеумізге «Мырзажанның» адамдары ұшырасып, арбаға тиеген аш балалармен бірге Қарағандының детдомына әкеп өткізді. Жетімдер үйінің қатықсыз қара көжесі мен қайнаған суына іліккен біздер қатарға қосылып кеттік. Тек Иманжүсіп қатарға қосылмады. Қайта ол туралы әңгімелер бірте-бірте бәсең тартып, келе-келе сап тиылды. Әні де айтылмайтын болды. Ғазіз жанның әні түгілі есімі де аталмайтын зәрлі заман орнады жер бетінде. Кең дүние оған келгенде тарылып, тастабандай берді. Иманжүсіпке тек менің кеудемде орын кең еді. Жүрегімнің сонау терең түкпірінде өзім де түсініп болмайтын бір от маздап жататын. Сөйтсем жүрегіме ұялап, жаныма жалын берген оның рухы екен ғой. Маған жетімдік тақсіретін жеңгізген де сол күш дер едім. Бертінде тоң жібіп, сең қозғалған тұста Иманжүсіптің әнін радиодан беретін болды. Қилы заманның құрбаны болған есіл ердің өзім куә болған өмірінің бір сәтін осы тұста айтып көріп едім елге. Кеш қалған екенмін. Орыстанған елде ондай әңгімені ұғатын құлақ қалмапты. Сосын іштен тынып, үндемейтін болдым. Бір жылы осында Алматыдан екі-үш ақын-жазушы келді. Елдің ескі сөзін жинайтын, көкірегі сәулелі жандар ғой деп жолығып, тілдесіп қалмаққа арнайы іздеп бардым. Бірақ сыртта «барып кел, алып келмен» шапқылап, танаулап жүрген совхоз деректірлері мені арызқой біреу деп ойлады ма, жазушылар демалып жатқан үйді қызғыштай қорып, кіргізбей қойғаны. Аупарткомның хатшысымен арақ ішіп, карта ойнаудан қолы босамаған әлгілер бір-екі күннен соң қайтып кетті. Сөйтсем олар Теміртау зауыттарының жеткен жетістіктері мен жасампаз істері жайында кітап жазып жүргендер болып шықты. Зауыт бастықтары оларды өзен бойының таза ауасын жұтсын, көңілдерін сергітіп, демалсын деп, осы өңірге әдейі жіберген екен. Қала, аудан басшыларының қолынан жақсы күтім көріп, жем жеп, қызара бөртіп, көңілденіп, күйленіп алған ақын-жазушылардың мен түгілі Иманжүсіптің өзі тіріліп келсе де, елең қылмасына көзім жеткен кезде ең соңғы үмітім үзілгендей болып еді. Сол уақыттарда:
Халықтың қасиетін жанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды.
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, – деген атақты Иса ақынның өлеңі есіме түсіп, қайта қайраттанушы едім. Содан бір күні аудандық газеттің редакциясына бардым. Қуықтай бөлмеде сыра ішіп, даурығып отырған екі жорналшыға Иманжүсіп туралы әңгімені бастап келе жатыр едім, әлгі екеудің біреуі: – ақсақал мұндай әңгімені газетіміздің көлемі көтермейді, біздің газет аудандық партия комитетінің органы, сондықтан бұнда тек партияның қаулы, қарарлары басылады. Қазір ауданда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Сіздің әлдеқашан сүйегі қурап қалған ақыныңызды баспақ түгілі совхоздардан түскен мәліметтердің өзін сиғыза алмай жатқан жайымыз бар, – деп ақталды. Екінші тілші тіпті қылды: Алдындағы бәңкідегі күрең сырадан қылқылдата жұтып жіберген ол: – Ақсақал, – деп бір қойды. Сөй деді де кепкен балықпен әуреленіп кетті. Ақыры кепкен тұқының бүйір қалашын жұлып алып, аузына салды. Асықпай тамсап бірсыпыра отырған соң, – Аудандық газет негізінен орыс тілінде шығады. Көріп отырған екі тілшіңіз қазақ тіліндегі қосымшасына ғана иеміз. Оның өзі аударма. Ал енді, сіз айтып отырған жаңағы ақын ба, әнші ме, кім еді өзі – «халық жауы» болған ғой. Біз де мына жерде Ай қарап отырған отырған жоқпыз. Білеміз ғой бәрін… біліп отырмыз. Сондықтан сіз бізге алдымен әлгі ақыныңыздың ақталғаны жайында прокуротурадан спрәпке әкелуіңіз керек. Ертең аупартком жақтан айғай шықса, не деп ақталамыз, – демесі бар ма, кепкен балық сүйектерін аузынан алып шығып жатып. Осылайша жазушы, тілші атаулыдан әбден түңіліп, көңілі қалған мен бейбақ Иманжүсіптің әңгімесі ішімде кете ме деп уайым қылушы едім. Құдай сені айдап әкелді. Саған аманат бұл әңгіме. Енді өле беруіме де болады.
Ол үнсіз қалды. Сөйтсем жылап жатыр екен. Жұмулы көздерінен аққан жас самайын қуалай, құс жастыққа сіңіп жатыр. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Бағанағы ұли соққан боран да басылған тәрізді. Терезе сыртына әлдеқашан түскен қою қараңғылық енді ішке ентелейтіндей. Біреу келіп бөлменің жарығын жағып кетіпті. Қарттың алдында жылан арбаған торғайдай болып отырған басым осының бірін де аңғармаппын.
– Немене бітпейтін әңгіме сендердікі, – дабырлап Ғинаят кіріп келді. – Боран басылыпты. Не істейміз?
– Қайтайық, – дедім мен. – Елге ертерек жетіп алайық.
– Шәй ішіп алып шығып кетейік, онда.
– Ата сау болыңыз, – дедім мен, оны енді қайтіп көрмейтінімді ойлап.
– Қош бол қарағым. Қайда жүрсең де жолың болсын, шырағым.
Ол еті қашқан саусақтарымен қолымды әлсіз қысты.
Қар басқан көшелерден оппаға батып, одан әзер өткен сары «Жигули» тас жолға ыңырана бебеу қағып, зорға шықты. Күре жолдың да жайы мәз емес екен. Ескі көлік жал-жал болып қалған күсет қарды қинала бұзып, ауыр жүріп келеді. Көңіл түкпірімді зіл батпан ойлар торлап алған. Қарттың айтқан әңгімесінен айыға алар емеспін. Көзімді машина жарығына ілестіріп, қараңғылыққа тесіле қараймын. Көкжиектен шабандау көтерілген Ай сәулесі қарлы даланың түнегін серпіп, айналаны көгіс мұнарға бөктіріп, төңірекке бозғылт реңк бере бастады.
– Әнші деген көңілді болушы еді. Сенікі не осы, тұнжырай бересің? Жол қысқарсын әңгіме айтып отырсайшы, – деді жол серігім. Үні кәдігімгідей ренішті. – Жоқ, әлде әлгі қырсық шал өзіңді үндемейтін етіп, дуалап тастаған ба?
Үнінде кекесін бар ол кеңкілдеп күлген болды.
– Мен көрген әртістер жүз грамды тартып жіберіп, балпылдап анекдот айтып отырушы еді, болмаса қызық көрген, қыз аулаған серілік, періліктерін айтушы еді. Сен ондайға да жоқ екенсің. Шал өзі саған не әңгіме айтты күні бойы? Тағы да жалғыз інісін айтқан шығар? Сол інісінің күйігі ғой, бұл шалды жегідей жеп біткен.
Тағы бір әңгіменің ұшығы шығып келе жатқанын сезе қойдым. Бағана қариядан інісі жайлы сұраудың реті келмеген еді.
– Інісінің детдомнан кейінгі тағдыры немен тынды, – дедім көзімді жолдан алмаған күйі.
– Ә, кейінгісін айтпаған екен ғой. Бірақ не деп айтады? Орыс боп кеткендегісін айта ма, енді?
– Орыс болып кеткендегісі несі?
– Жағдай былай болған ғой. Бұлар детдомға алынған соң, көп ұзамай екеуін екі жаққа айырып жібереді. Інісінен тірідей айырылған біздің шал кейін есін жиысымен бауырын іздей бастамай ма? Ол екі ортада соғыс бұрқ ете қалады. Алғашқылардың бірі болып, әскерге алынған атамыз қан майданнан бір-екі ауыр жарақат алғаны болмаса, құдай сақтап аман есен оралады. Жарақаты жазылып, өзіне-өзі келген соң, інісін іздеуді қайта жалғастырыпты. Ол екі ортада тың көтеру, тағы да басқа науқандар килігіп, атамыздың қолын байлай береді. Тек бертін келе ғана інісінің дерегі Германия ма, әлде Венгрия ма, әйтеуір, Кеңес Одағымен сыбайлас Еуропаның бір елінен шығады. Сөйтсе інісі әскери адам, сол елде тұрған кеңес әскерінің бірінде дивизия командирі екен. Шал мұны анықтағасын, інісіне телеграмма беріп, телефонмен сөйлесуге шақырады. Келісімді уақытында екі мемлекеттің байланысшылары ағалы-інілі екеуін телефон тұтқасында табыстырады. Біздің шал кемсеңдеп, біресе еңкілдеп жылап інісімен дұрыстап сөйлесе алмайды. Жалғыз-ақ: «жалғызым-ау, жарығым-ау, бұл күнге жеткізген, сенің даусыңды естірткен Алла Тағалама ризамын, енді сені бір көріп өлсем арманым жоқ», – дей беріпті. Әр жақтан үн-түнсіз тыңдап тұрған інісі: «Говорите по русский» деп қалыпты. Абыржып қалған ағасы: «Қазақшаны ұмытыңқырап қалған шығарсың, орысша сөйле десең, орысша сөйлесейік, тек өзің бірдеме деші» десе, «я уже сорок лет на чужбине, поэтому родной язык не помню, ага» деп тілге келіпті. «Ағалаған» даусыңнан айналдым, уа аруақ, қу жалғызды өзің жебе» деп ағасы зар еңірепті. Қойшы, сөйтіп өшкені жанып, өлгені тірілген атамыз ауыл аймақ, дос-жарандарын шақырып, дүркіретіп той жасады. Сол тойға шетелдегі бауырын да отбасымен шақырған еді, бірақ әскери қызметтің қатаң тәртібіне бойұсынған інісі елге келе алмады. Оған реніш қылған ағасы жоқ, одан кейін тағы да телефонмен хабарласып, інісінің екі ұлы барын білгенде тіпті масайрап кетті. Сөйтіп жүргенде бауырының қызметі Мәскеуге ауысқаны жайында хабар алған ол көп ойланып жатпастан ұшақпен алып-ұшып Мәскеуге жетеді. Ұшақтан түссімен бірден такси ұстап, тура інісінің үйіне барыпты. Таңертеңгі уақыт екен. Інісі жұмысқа кетіп қалған. Орыс келіні ернін жыбырлатып амандасқаны болмаса, келген қонаққа аса ыңғай бере қоймапты. Томсырайып отырысып шай ішіпті. Інісіне елдің дәмін сағынған шығар деп, үйткен қой, сүрленген қазы, қозы қарын май, басқа да базарлықтар алып барса керек. Онысын да келіні мұрнын тыржитыңқырап, жақтыра қоймапты. Сөйтіп отырғанда ағасынының келгенін естіген інісі келіп жетіпті. Екеуі ұзақ көрісіп, құшақтары ажыраған соң, жөн сұрасып, әңгімеге көшіпті. Інісі иығында генерал шені жарқыраған, зор тұлғалы, көрікті, толысқан жігіт ағасы болыпты. Үлкені осының бәріне сүйсініп, тәубе қылып отырыпты. Келінінің қабағы ашылмай қойғанын, әкелген сыбағасын босағада қалдырғанын да көңіліне ала қоймапты. Бір уақта әлденеге қуанулы екі ұлы келіпті. Сөйтсе соқталдай-соқталдай болып, ержеткен екі ұлдың кішісі он алты жасқа толып, сол күні үйіне төлқұжатын әкеп тұрған беті екен. Әке-шешесі төлқұжатты қолдарына алып, айналдыра көріп, қуанып жатыр дейді. Біздің шал да екі ұлды емірене құшақтап, беттерінен сүйіп, көрімдікке тұтас жиырма бес теңгесін ыңғайлап, төлқұжатты қолына алып бетін ашыпты. Қараса! О, тоба! Көрген сұмдықтан ағасының көзі атыздай болыпты. «Астапырла, мүмкін, емес, Құдай сақтасын» дей беріпті, жалғыз-ақ. Төлқұжатты өздеріне беріп, көрімдікке деген жиырма бес сомды қайтадан төс қалтасына сүңгітіпті.
– Соншалықты не болыпты – дедім мен. – Төлқұжаттан не көрген сонда?
– Айтарың бар ма? Ұлты көрсетілетін тұста тура «ебірей» деп жазылып тұр дейді.
– Шынында да сұмдық екен. Неге өйткен?
– Атам да осы сұрақты інісіне қойыпты. Інісі болса: «маған не қыл дейсің, ебірей ұлтында ұрпақты шешеден таратады, туған бала шешесінің ұлтына жазылады. Бұған мен дәрменсізбін» деп ақталыпты. «Сонда қалай? Мен де үш қыз, жалғыз ұлды тың игеруге келген переселендер пышақтап өлтірді. Сенен туған екі ұл «ебірей» болыпты. Осымен тап-тақыр, тып-типыл болғанымыз ба? Бектас әулетінің шырағы сөнді, шаңырағы ортасына түсті, ақыр-тақырымыз осы десейші», – деп шыр-пыры шыққан ағасы жанын қоярға жер таба алмапты.

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *