Әл-Фараби – әлемнің екінші ұстазы

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты басқармасының әлеуметтік жобасы аясында «Үздіктер таңдауы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған онлайн форматта республикалық танымдық шара өтті. Жиынға Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы» тарихтану бөлімінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, тарихшы, дерекші Асылжан Дулати қатысып, Әл-Фараби бабамыз туралы тың деректер турасында қозғады.
Аталған шара әлемдік ғылым мен мәдениетте үлкен із қалдырған ортағасырлық ойшыл тұлға – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын кеңінен атап өту және оның өмірі мен шығармаларын жастар арасында насихаттауға бағытталды. А. Дулати шара барысында Әл-Фараби бабамыздың ғылым мен білімнің құпия сырларын жетік меңгергені үшін кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, асыл мұра, қайталанбас қазына қалдырғанын тағы бір еске түсірді.
Иә, биылғы жылы Әл-Фараби бабамыздың туылғанына 1150 жыл толды. Осыған орай елімізде ғұламаның шығармашылығын кеңінен насихаттап, жұртшылық жадында қайта жаңғырту мақсатында түрлі іс-шаралар өтті. Бұл ретте біз де Әл-Фарабидың өмірі мен шығармашылығы турасында тарихтан таным тартып жүрген ҚР Журналистер одағының мүшесі Асылжан Дулатимен сұхбаттасқан едік.

– Әл-Фараби бабамыздың туған жері мен сол кезеңдегі тарихи дәуір туралы айта кетсеңіз…
– Алдымен Әл-Фараби бабамыздың ұлы даналығы мен туып-өскен отанына, оның өнген ортасы мен қай дәуірдің тұлғасы болғанына ғылыми тұрғыда көз жүгіртейік.
Ол өскен дәуір араб басқыншыларының оңтүстік қазақ жеріне шапқыншылық жасап, ислам дінін таратуға күш салып жатқан кезең болатын. Алапат дүлейлі Ислам мен Тәңір дініндегі Түркілердің арасындағы итжығысқа ұласып жатқан қырғын соғысы мен Түркілердің жаңа қағанат құруға ұмтылып жатқан дәуірі еді. Осыдан жүз жыл бұрын ғана өмір сүрген Түргеш қағанатының ыдырап құлауымен бірге, оның орнына Қарлұқ қағанатының өз үстемдігін орнатуға ұмтылып жатқан кезімен тұспа-тұс келді. Дәл осы кезеңде яғни, 840 жылы Қарлұқ билеушісі, ақсүйек-қаракөктің ұрпағы, ұлы Афрасиаб қағанның тұқымы, Боғра хандар мен Арслан хандардың негізін қалаушы Құл Білге Қадірхан өзінің билігін жариялап, Баласағұндағы билеушіні тақтан тайдырды. Сөйтіп, Қарахан мемлекетінің негізін қалап берді. Тақта ұзақ отыра алмай қайтыс болған соң, орнына екі ұлы таласып, мемлекеттің басының бірікпеуіне себепші болды. Дәл осыны пайдаланған Саман патшасы Исмаил бин Ахмед оңтүстік Қазақ жеріне шабуыл жасап, Фараб, Тараз, Сайрам қалаларын басып алды да, ондағы жат пұттық дін шіркеулерін мұсылмандық мешіттерге айналдырды. Одан түркілер қайта бас көтеріп, саман әскерінің тас-талқанын шығара жеңеді. Мұны айтып отырған себебіміз, Түркілердің бірде жеңіп, бірде жеңіліп, өзінің қағанатын құра алмай жатқан осындай аласапыран уақытта бүкіл Түркінің маңдайына біткен жарық жұлдызы, ғаламның ұлы ұстазы, Ұлы Дала Елінің перзенті, ғұлама ғалым Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки 870 жылы Фараб қаласында, яғни, кейіннен Отырар деп аталған Қазақтың ұлы даласында ауқатты отбасында жарық дүниенің есігін ашқан еді. Ол дүниеге келгенде әлем бір тыныштық күй кешіп, жайма-шуақ күндер болып, оның ер жетуіне ыңғайлы заман болыпты деседі. Мүмкін, бұл Алланың ғұлама ғалымға және адамзат баласының өміріндегі ғылымның дамуына үлес қосар, оны дамытар ұлы данышпан адамның келуінің құрметіне берген сыйы да шығар.
– Ғұлама ғалым білім жолына қалай келді және қандай қалаларда білім алды?
– Ұлы Дала Елінің перзенті, ғұлама ғалым Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-Түрки ортағасырлық Фараб, яғни, Отырар деп аталған қалада, ауқатты отбасында дүниеге келген. Алғашқы білімін ол Отырардағы Ислам медреселерінің бірінен алады. Сол дәуірде Орта Азияда Жібек жолының бойындағы қалалардың ислам дінінің келуіне байланысты өркендеп, дамып тұрған кезі болатын. Одан соң Әл-Фараби білімге деген қызығушылығымен философиялық ой-жүйесін әрі қарай дамыту барысында Шаш қаласына жол тартады. Шаш қаласы Араб халифатының сол кезеңдегі түркілермен шекаралас ең шеткі қаласы болатын. Яғни, ислами ғылымдар мен Тәңірлік ұстанымдар арасындағы білімнің енді дамып келе жатқан ордасы болатын. Шаштан да толық білімін жетілдіре алмаған бозбала болашақ ғалым, ғылымға деген тоймас албырт сезімімен келесі қала Самарқандқа сапар шегеді.
Самарқан қаласы сонау ерте ортағасырлық дәуірден бері түркілердің рухани астанасы болатын. Афрасиаб хақан салдырған дейтін бұл қалада білім мен ғылым біршама жақсы дамығанды. Түркілік наным-сеніммен бірге ислам дәуірінің Азиялық ғылымдары тоғысқан жер еді. Бұл қаладағы діни медреселерді де толық тәмәмдаған ғұлама ғалым, оған да көңілі толмай тағы да білім іздеп әрі қарай, Орта Азияның ішкі қалаларына сапарлатады. Бұқара қаласына келген жас ғалым осы қаладан толық білім алып, сонымен шектеліп, ғылымның ордасы бітсе керек деп ойлайды. Себебі, Бұқара сонау зароастризм заманынан бері діни, философиялық ойларды жинақтаған ойшылдардың отаны болатын. Түркілік ғалымдар мен Орта Азиялық ғалымдардың басын қосқан нағыз шекаралық қала әрі ғылым ордасы еді. Бұл қалада да ғылымға сусындамаған, білімге тояттай алмаған Әл-Фараби, қайткен күнде де ілімнің түбіне жетем деген қияли ойыменен тағы да жолға шығады. Мерв қаласына жеткен ғалым тіптен, ислам дінінің нағыз білімдерін өзіне жинаған осы қаладан нәр табатынына көзі жеткендей болады. Өйткені, Мерв қаласы араб халифатының ең ірі дамыған қаласы болатын. Діншілдердің, ғұламалардың, оқымыстылардың бәрі осында жиналып, пікір алмасатын ордасы еді. Бұл қаладан біршама ғылым мен білімді санасына жинай білген Фараби, осындағы оқымыстылар мен ғалымдардан бұдан артық дамыған керемет ойшылдардың астанасы Бағдад қаласының бар екенін естиді. Ғылымға деген талпынысы жүрегіне тыным бермеген ұлы Ұстазға қалай болғанда да сонда бару керек деген ой түседі.
Көкте қалықтаған қыран құстай ой-сананың жетегімен аты аңызға айналған Бағдад қаласына жетеді. ІХ-Х ғасырларда ғылыми жұмыстар негізінен Тигр мен Ефрат алқабындағы ескі мәдени орталықтар болған Басра мен Харранға шоғырланғанды. Антиохиядан грек ғылымы да осында қоныс аударған еді. Бағдад – бүкіл мұсылман әлемінен, әсіресе, Иран мен Орта Азиядан шыққан әдебиетшілер мен ғалымдарды өзіне тарта білген қала ретінде тарихта қалғанды. Бұл қаладан Әл-Фараби шексіз ғылым мен антикалық философтардың ғылымымен танысып, Аристотельді өзінің алғашқы ұстазы санайды. Әбден білімін жетілдірген ғұлама ғалым тағы да білсем деген тоймастықпен Шам қаласына жол тартады. Шам қаласы (Алдыңғы Азия елдерінің антикалық рухани астанасы) да нағыз ғылым мен білімнің, өнер мен руханияттың, өркениет пен мәдениеттің дамыған орталығы болатын. Осы қалада ғылыммен тағы да сусындаған Фараби, өмірінің бар мәні болған өзінің барлық трактаттарын жазып шығады. 150-ден аса еңбек жазып, әлемнің «Екінші Ұстазы» атанды. Ғұмырының соңғы күндерін де Шам қаласында өткізіп, осы қалада өмірден өтті. Осылайша ғұлама ғалым әлемнің дамыған Жеті қаласынан сусындап, нәрін алады.
– Әл-Фараби туралы жазған ортағасырлық ғалымдар бар ма және олар оның несін дәріптеп жазды?
– Иә, бар. Тіптен көп десек те болады. Себебі, Әл-Фарабидің ғылымға қосқан үлесіндей олардың ешқайсысы да ондай үлес қоса алмады. Сол үшін де олар оны кеңінен дәріптеп, оның біліміне бас иді. Әл-Фарабидің көзі тірісінде-ақ өзімен бірге үзеңгілес болған, сабақ алған, ғылым жолында сапарлас болған сол дәуірдің біраз жазушылары ол туралы тамсана жазып, естеліктер қалдырғаны біз үшін өте маңызды дерек пен мол байлық болып табылады. Әл-Фараби жөнінде арабтың мына жазушыларының естелігінде кеңінен айтылған: Заһир ад-Дин Әбу-л-Хасан әл-Байһақи (1099-1170) «Даналық сөздерге толықтырма», Әли ибн Саид әл-Қифти (1167-1248) «Фарабтан шыққан фәлсафашы», Ибн Саид әл-Қуртуби «Дәрігер топтары», Имад ад-Дин Мухаммад бин Мухаммад әл-Катиб әл-Исфаһани «Әл-Харида» (12 ғ), Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) «Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі», Ахмад Ибн Халликан (1211-1282) «Аса ірі фәлсафашы», «Ұлы адамдардың қазасы жайлы кітап», Әбу Қасым Сағид бин Ахмад бин Әбд ар-Рахман бин Саид әл-Куртуби «Ғылым топтары».
Мысалыға, ортағасырлық ғалым Ибн Саид Әл-Кифти деген кісі болған. Сол ғалым өзінің (1167-1248) «Фарабдан шыққан фәлсафашы» мақаласында былай дейді: «Ол кезде бұл кездегідей ғылымға таңдау жоқ еді. Ал әл-Фараби логиканы зерттеді. Ол Платонның фәлсафасын зерттеді. Оның еңбектеріне лайықты атаулар берді. Аристотель еңбектеріне де солай етті. Ол Аристотельдің еңбегіне атышулы алғы сөз жазды. Аристотельдің философиясын бақайшығына дейін зерттеді. Содан кейін бірінен соң бірін кітапқа жазды. Мен фәлсафашыларды жеріне жеткізе талдап, әр уақытта ұғынықты етіп түсіндірген Әл-Фараби болмаса Аристотельдің «Категориясының» мән-мағынасын, ойын түсіну қиын болар еді. Тек Әл-Фараби арқылы ғана Аристотель еңбектерінің мән-мағынасын саралады». Ал екінші бір ортағасырлық ғалым Ахмад ибн Хамел Хан (1211-1282) деген кісі өзінің «Аса ірі фәлсафашы» деген еңбегінде: «Мен бұл кітапты 100 рет оқып шықтым, » — депті. Аристотельдің «Жан туралы» кітабын. Сол сияқты Аристотельдің «Физика» кітабына: «Мен бұл кітапты 40 рет оқыдым, сонда да қайта оралуға мәжбүрмін» деп айтыпты Әл-Фараби» дейді және тағы да «Әл-Фарабидың өз үйі болмаған. Ол ешқашан өз қамын ойламаған. Оған қазынадан күн сайын 4 дирхем беріп тұруды бұйырған. Өйткені әл-Фараби осы бағаны қанағат еткен. Ол өле-өлгенше осылай күн кешкен. Хиджраның 139 жылының Раджаб айында дүниеден қайтқан. Осы кезде Әл-Фараби 80 жаста болатын – дейді. Көрдіңіз бе? Барлық ғалымдар ол кісі туралы тамсана жазып қалдырған. Әсіресе, ол жөнінде ортағасырлық Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) деген ғалым керемет жазады. Ол өзінің «Шамнан шыққан дәрігер» деген естелігінде: «Әбу Насырды Мәшһүр еткен алғашқы еңбегінің бірі – ғылымды жіктеу және мақсатты айқындау болып саналады. Өйткені, оған дейін сол тақырыпқа кітап жазған ешкім болмаған. Ғылыммен әуестенгендер осы кітапқа соқпай кете алмаушы еді. Олардың ой-өрісін дамытуда атқарған еңбектері ұланғайыр. Оның зерттеуге деген құлшынысына негіз болған «Аристотель» сынды фәлсафашының «Арифметика» кітабы болды. Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трактатын ол Бағдатта жазып, Дамаскіде аяқтады, оны үлкен алты топқа бөлді. Бұл еңбегімен ол өзінің философия ілімін қаншалықты жетік меңгергенін дәлелдеді. Аристотельдің мақсатын айқындай отырып, оның еңбектері хақында түсіндірмесі бар. Бірнеше кітап жазды. Аристотельдің бізге 1 рет жеткен «Метафизика» деп аталатын кітаптың түсініксіз жерлерін ашты. Өзінің осындай түсіндірмеден тұратын еңбегін «Жаратылыстану ғылымы» кітабында түсіндірме жазумен аяқтады» дейді. Ал Ибн Халликан: «Ол – аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ» десе, ал, Әбу Қасым әл-Куртуби болса: «Әл-Фараби нағыз мұсылман фәлсафашысы. Ол Бағдадта Йуханна бин Хайланнан логиканы үйренді. Ол бұл пән бойынша күллі мұсылман фәлсафашыларын қуып жетті, сөйтіп, логиканы кемеліне келтіріп, баршаға түсінікті, ұғынықты етті. Оның жұртқа құпия, беймағлұм жақтарының сырын ашты» деп тамсана да қызыға жазған екен.
Осы аталған ғалымдар Әл-Фарабидің әлемнің «Екінші Ұстазы» болғандығын мойындап, оның біліміне бас иіп, көптеген деректер қалдырды.
Міне, бұлардан артық ештеңе айта алмаймыз. Яғни, осы тарихи жазбаларға қарап отырып, Әл-Фараби бабамыздың философ та, дәрігер де, математик те болғанын аңғаруға болады. Бұл әрине, біз үшін мақтаныш пен жетістік деуге болады.
– Әл-Фараби бабамыздың туған жері туралы кезінде ғалымдар арасында талас болған деседі. Сіз бұған не айтасыз және қазақ топырағында туылғаны рас па?
– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Себебі, көп адамды толғандырып жүрген осы сұраққа кезінде Ақжан Машани деген ағамыз нақты нүктесін қойып кеткен болатын. Ол кісі ортағасырлық Имад ад-Дин әл-Исфаһани атты бір авторды тауып, соның еңбегінде нақты жазылған мына деректі алға тартып барлық таласушы ғалымдарға нүкте қойды. Ол деректе былай дейді: «Әл-Фараби өзінің қолжазбасында «Тархан» деген атағының болғанын айтады. Бұл – түркі есімдері. Ал, Әл-Фараби ныспысы Фараб шаһарына байланысты алынған, қазыр Отырар деп аталады. Бұл қала Шаш шаһарының арғы жағында, Баласағұнға таяу жерде. Бұл өзі түркілердің астана қалаларының бірі». Міне, осы дерек арқылы біз Әл-Фараби бабамыздың нақты туған жері Түркістан облысындағы ортағасырлық Отырар қаласы екенін анық айқындадық.
Шынында да осы уақытқа дейін Орта Азиялық ғалымдар арасындағы Фараб қаласы туралы көп талас-тартыс болғанды. Себебі, Фараб атауымен аталатын қалажұрттар Өзбекстан жерінде, Тәжікстан жерінде, Түркмен жерінде және Қазақстан жерінде де бар. Ал, жаңағы Имам ад-Диннің еңбегінде бұл қай жердегі Фараб қаласы екені нақты айтылып тұр. Шаш қаласының бер жағында дейді, яғни, қазіргі Отырар қаласының атауы бағзы заманда Фараб болғаны белгілі және де бұл аймақта одан басқа осылай аталатын ешқандай қала да жоқ. Әрі Баласағұн қаласына таяу жерде екенін ескерсек, Баласағұн қаласы Жамбыл облысы Шу ауданындағы Ақтөбе қаласының орны екенін У.Шалекенов ағамыз 40 жылдық археологиялық ғылыми қазба жұмыстарында дәлелдегенді. Міне, ешқандай дау тудырмайтын деректер бабамызды Қазақ жерінің тумасы екенін дәлелдейді.
Сонымен, тағы бір айтарымыз көптеген ғалымдар оның есімін Мұхаммед деп атайды. Бірақ, араб тілінің сөздік қорындағы сөздерге қарасақ Әбу деген – әкесі дегенді білдіреді екен. Сонда «Насырдың әкесі Мұхаммед» болып шығады. Егерде осылай болатын болса, онда бабамыздың есімі Насыр болғаны ғой. Ал, Насыр деген сөздің арабша мәні «Жеңімпаз» деген мағына білдіреді. Егер Насыр есімі емес деп болжасақ және осы сөзді Мұхаммед деген есіміне қосып талдасақ «Жеңімпаз Мұхаммедтің әкесі Мұхаммед» болып шығады. Сонымен Фарабидің шын есімі кім болғаны да жұмбақ күйінде қалды деген сөз. Өйткені, сол дәуірдегі Фараби туралы жазған барлық араб жазушыларының естеліктері мен шежірелерінде де бабамыздың аты-жөні дәл осылай Насыр болып жазылған. Әрине, мұны енді болашақ ғалымдарымыз зерттеп, зерделей жатар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *