БІР КЕМ ДҮНИЕ

АЗ ХАЛЫҚ – ТІЛСІЗ БАЛЫҚ

Отарлаушылар озбыр келеді. Бұдан бес жүз жыл бұрын Американы Еуропадан барып басып алған алпауыттар ежелгі «қызыл терілі» жергілікті халықты қырып салды.
Мысалы, колонизаторлар Аnnazzu тайпасының ер-азаматын өлтіріп, бас терісін (скальп) сыпырып алған жауызға 100 доллар, әйелін өлтіргенге 50 доллар, баласын өлтіргенге – 25 доллар сыйақы төледі. Дәлел үшін құрбан болғандардың бас терісін (скальп) сыпырып алып отырған.
Сөйткен Америкада енді ежелгі индеецтердің тамтығы ғана қалды.
Ал, кешегі СССР деген империяда ше? Патша заманынан бастап, күні кешеге дейін әсіресе, азиялықтар, әсіресе Сібірді, Қиыр Шығысты мекендеген эвендер, явенкілер, нанайлар, чукчалар, удэгейлер, нганасандар, айндар, хақастар, тывар т.б. орыс басқыншылығынан көп зардап шекті. Азая-азая ұлттық, тайпалық болмысынан айырылды. Тіл сорлады…
Бір заманда қазақтар да солардың қосағында кете жаздады. Көп-көп құрбандықтың арқасында аман қалды.
Өз алдына ел болдық, егемен болдық дегеннің өзінде, қазіргі Ресей президенті Путиннің айтуына қарағанда:
– «Орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолдау – біздің жұмысымыздың басты бағыты. Бұл Қазақстан үшін тіпті өзекті. Қазақстанда халықтың 85 пайызы орыс тілінде сөйлейді» (Путин).
Сөйте-сөйте Путин бір кездегі Сталин, Хрущев зорақылығынан да асып түспекші. Сөйтіп қазақ тілінің қауқарын чукча тіліне теңеп қоймақшы. Және бұл саясатты Қазақстан басшылығы қолдап отыр деп қояды Путин. («Түркістан», 23 қазан 2007 ж.).
Путиннің бұл қылығы Қазақстанда бұрыннан тілі қышып, анда-санда бой көрсетіп, қоқаңдап жүрген Бухаков сияқтылардың делебесін қоздырып кеткен сыңайлы. Енді олар «Қазақстанда орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын! – деп зіркілдей бастады.
Ал, біздің атқа мінгендер үндемейді. «Молчание – знак согласия» деген бар.
Алла жар болсын!
Нұрлы жүрек көп болсын!
Әйтпесе бір кем дүние.

ИМАН БАЙЛЫҒЫ КЕРЕК

Кедейді бай,
Азды көп қылған –
Патша данышпан.
Кедейді бай ету – сауап. Осы соңғы жиырма жылда талай-талай нувориштер, яғни жоқтан бар болып, кедейліктен бір-ақ секіріп бай болғандар көбейді.
Ал бірақ байлығына сай иман көбейді ме? Өте сирек. Ілуде біреу. Олар бақа сияқты. Басқаларына бақ қонады. Құс патшасы бүркіттің өзі барып оларға сәлем береді.
Сөйтсе де кедей бай болсам дейді,
Бай құдай болсам дейді. Кесір-кесапаттың түбірі осы жерде жатыр.
Бізде дәл қазір осындайлар көп. Имандылар аз.
Ал енді азды көп қылу… Біз, қазақтар әлі азбыз. Көбейетін ретіміз бар ма? Патша айтты таяу жылдары жиырма миллионға жетеміз деп. Әлі сегіз миллионбыз. Шетелдегілерді қосқанда он үш миллион сияқтымыз.
Өсіп-өнудің бал бұлағы ауыл еді… ауыл да ақырзаман амалын үйреніп алды. Баланы құрсағында жатқанда құртады.
Абортқа тыйым салатын заң керек. Ол да адам өлтірумен бірдей. Жазасын алсын!
Ертеректе бойдақ салық деген болушы еді… Қазір жоқ білем. Бірақ бойдақтың да бойдағы бар. Әуелі себебін анықта.
Азды көп қылудың амалы:
Әуелі халыққа жағдай жаса. Көп жастар үйсіз-күйсіз.
Көпбалалыны барынша көтермеле. Он бала, одан да көп табатындар бұрын көп болған. Заман өзгерді, өмір өзгерді. Халықтың басынан неше алуан зұлматтар өтті. Көп қырғын, ашаршылық, геноцидтер болды.
Дәл кәзір бейбітшілік, біршама түзік заманда, дана халық болсаң көбеюге тырыс.
Кім біледі, алдымызда әлдеқандай заман бар?
Алладан рахым тіле!
Әйтсе де жасаған ием жақсыларға иман мен данышпандық қасиет берсін.
Бір кем дүние.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *