Иманжүсіптің әні

Бебеулеген күй бірден тұңғиық иіріміне тартып әкетіп, әп-сәтте тістілер мен тұяқтылар айқасы қызған майдан даласынан бірақ шығарады. Міне, Бозайғыр қаумалаған аш қасқырлардың ортасында қалды. Тайыншадай арлан қапысын тапса, Бозайғырдың шабын жарып жібермек. Үйір басшысы тірі тұрғанда үйірден қотыр тай ала алмайтынын білетін қаншық қасқыр да жанұшыра қимылдап, ала жаздай баулыған бөлтіріктерін Бозайғырға жауып жүр. Қалың қарға қамай шабуылдаған аш бөрілер қапысын тауып, жануарға азуларын салып та үлгеруде. Қас пен көздің арасында Бозайғырдың қоң еттері бірнеше жерден ойылып, жауырын, сауыр, сан терілері жырым-жырымы шығып, жалбырап қалды. Қасқыр тістері іліп кеткен, осып түскен тұстардан сау-сау төгілген қып-қызыл қан аппақ қардың бетін бүркіп-бүркіп өтеді. Әйтсе де, бұған дейін қандыауыздармен талай айқасқа түсіп шыңдалған Бозайғыр аса сақ. Шыр айнала қорғана шабуылдап, қас жауы арлан қасқырдың мүлт кетер тұсын көздеп, топ басшысын көзінен таса қылмауда. Бірде тарпып жіберіп, бірде артқы аяғымен сілтей теуіп, жалақтаған жауыздардың қанжардай азуларын денесіне дарытпауға тырысқан Бозайғыр өзін алқымнан алмақ боп атылған арланды ауада тарпып үлгерді. Жауырын тұсынан тиген болат тұяқтың алапат соққысы көкжалдың тоқпан жілігін үзіп кетті. Көсемдерінен айырылған бөрілер шабуылының берекесі кете бастады. Ашулы айғырдың темірдей тепкісі тиген тағы бір итқұс қатардан шықты. Ұялы бөрінің бетін қайтарған жеңімпаз айғыр үйірін орай шауып, азынай кісінеп, жер тарпиды. Үйір шұрқырай кісінеседі. Дүние азан-қазан, астан-кестен. Домбыра тағы булығады. Күймен бірге жұрт булығады. Алқа-қотан отырған елдің арасынан солқ-солқ еткен, қорс-қорс тартқан, уһілеп күрсінген үндер шығады. Ел жылаған соң ба, білмеймін, бір жақтан беймәлім шер қысып, бой-бойым шығып мен де жылаймын. Көз жасым бетімді айғыздайды. Жо-жоқ, қарсы соққан желдің екпінінен екен деймін, жылап келе жатқаным. Есімді тез жиып, өзімді қиял әлемінен сүйреп шығардым. Үмбет төре ауылы, «Бозайғыр» күйі көрген түстей санамнан тез өшті. Сонда да көзімнен аққан тарам-тарам жасқа ие болар емеспін. Бәлкім қуаныш жасы… Жеңіс жақын қалды ғой. Тіу анау Қарауылтөбе басындағы халықты-ай! Тура сеңдей соғылысады. Иманжүсіп баласы Дәулетхан екеуі шаттанып тұрған шығар. Торыарғымақ бәйгеден қара үзіп келеді. Енді шамалы сәтте көмбеден ұрандап өтем. Апырмай бағана сұрап алсамшы. Мәреден өтерде кім деп ұрандаймын? Соған да бас ауыртып… «Иманжүсіп, Иманжүсіп батыр!» деп қиқулап өте шықпаймын ба? Сансыз ойлар жан-жақтан қаумалап, алуан-алуан сезімдер санамды шабақтаған сорлы басым артыма бұрылып, соңымдағы аттарға ақыры рет қарағым келіп кетті. Торыарғымақ самғай шауып келе жатты. Қарақшыға дейін бір-екі шақырымдай ғана жер қалып еді. Оң аяғымды таралғыға шірей, бір қолыммен ердің алдыңғы қасынан ұстап, ердің оң қапталына қарай сәл жантая, сол қолымды ердің артқы қасына тірей таяныш етіп, артыма бұрылып қарай бергенім сол еді. Жұлын үзердей жұлқып жіберген сұмдық соққы алдымен ердің алдыңғы қасына апарып ұрды да, ат үстінен тымақша ұшырды. Сол ұшқаннан есік пен төрдей жерге барып бұрқ ете қалған басым әлденеше рет домалап кеттім. Жалма-жан атып тұрып, атқа қарай жүгірдім. Бірақ аяғы құрғыр еркіме бағынбай бір аяғым екінші аяғыма шалынып құлап түстім. Бір тұрып, бір құлап қайта ұмтылдым. Зеңіп қалған басымды мың сан инелер шабақтап, қос құлағым зыңылдап, түк ести алар емеспін. Көз алдымды жапқан қызыл мұнар ештеңе көрсетер емес. Құлағымда Торыарғымақтың шыңғырған дауысы қалып қойғандай. Есім ауып қалғандықтан ба, ешнәрсе анық аңғара алар емеспін. Тәлтіректей жүгіріп келіп, Торыарғымақтың мойнынан құшақтай алғанымды білем. Жануар басын соғып жатыр екен. Алдыңғы оң аяғы жіліншік тұстан үзіліп кетіпті. Сәл кейінде аттың аяғы кіріп кеткен сарышұнақтың ескі іні опырайып жатыр. Болған сұмдыққа көзім жеткендіктен бе, бақырып жылап жібердім.
Қолдан келер басқа дәрмен жоқ аттың басын құшақтап алып, еңіреп жылай бердім. Сәлден кейін қалған аттар қасымыздан өте бастады. Тап мені табалағандай тура бұғалық тастар жерден қиқулап өте шығуда. Алдымен Қарақасқаны басып озған қос шұнақ өтті. Сәл қалыңқы Қарақасқа, одан көп кейіндеу атақты Батыраштың Жүнісінің Буырылы, оған құйрық тістесе Кернейдің Көкшағыры мен Қияштың Нұрланының Құласы кетіп барады. Пырақтар бейне елес сияқты батар күннің шұғыласына малынып, алаулай, өртене шапқан күйі, күн ішіне қарғып түсіп, ғайып болып жатқандай еді. Біраздан соң, үздік-создық өтіп жатқан аттардың легі таусылып, Торыарғымақтың басында жападан жалғыз қалдым. Осылайша қазақтың ең соңғы ұлы бәйгесі көз алдымда көшкен елдің керуеніндей күн астына жұтылып, жоқ болды. Үсті басым жыртылған, бет-аузым қан-қан, көзім бұлаудай болып ісіп кеткен күйімді кім көрсе де шошитындай, аяйтындай еді.
Қанша жылағаным есімде жоқ, бір кезде басымды көтеріп, Қарауыл төбе жаққа күн салдым. Бері қарай бірнеше аттылы беттеп келе жатыр екен. Тақала бере алдыңғысының Иманжүсіп екенін таныдым. Сәл қалыңқы баласын, одан ары ат арба жеккен бейтаныс біреуді аңғардым. Бағанағы жамағайыным екеуміз арқамызды сүйеп дамылдаған арба баяғының әніне салып, боздап келеді. Иесінің келіп жеткенін көрген торы арғымақ басын жерден жұла, шыңғыра кісінеп жіберді. Атынан жалма-жан сыпырыла түскен Дәулетхан жүгіре басып барып торының мойнынан құшақтай бере, өкіре жығылды. Мені өксік қайта буды. Иманжүсіп үнсіз жылады. Бағанағы батыр тұлғалы, алпамсадай адам көз алдымда қартайып, шөгіп кеткендей болды. Қалың ойдың құшағында қалған ол атының жанында ұзақ отырды. Торы арғымақ иесінен медет күткендей тұмсығымен Иманжүсіпті кеудесінен иіскелеп, аянышты үнмен оқыранды.
– Имеке, жүрейік, күн батпай тұрғанда, атты арбаға салайық, – деп арба иесі үнсіздікті бұзып жіберді.
– Айтып бақтым, әке, Арқа бізге пана болмайды деп, Бетпақтың шөлінен шықпайық деп. Өмір бойы көргеніміз қуғын, шеккеніміз қасірет. Ақ патшаның ұлықтарымен, оның пасық болыстарымен өмір бойы алыстың, қане мүйіз шықса?! Жаңа үкіметтен жақсылық күтіп ең, жарылқаймыз деген олар сары ізіңе шөп алып түсуде. Ел, ел дейсің. Елжіреп тұрғаны кәні, еліңнің? Жеріңнің шұқанағына дейін кедергі. Қуса жетіп, қашсаң құтылатын торы арғымақтың түбіне жетті. Енді бізге ондай ат қайда! Тұлпарың туған жеріңе келіп жығылды. Тағы да дұшпаныңа таба табылды. Байқадың ба, бағана: бұл елдің белсенділерінің түрі жаман. Тағы бір сұмдыққа арандатпай тұрғанда кетейік, бетке алып Бетпақты. Қу медиен шөлге сіңіп жоғалайық!
Дәулетхан таусыла сөйледі. Іштен тынған адамның жанайқайы. Үндемейтін адамнан үйдей-үйдей сөз шықты. Баласын дел-сал тыңдаған Иманжүсіп орнынан тұрып, шапанының етегін қақты. Үн-түнсіз жүріп аттың құлаған орнын көріп шықты. Арғымағы аяғын сындырған індікешке ойлана қарап, біраз тұрды да:
– Бақ тайған соң, осы да, – деді.
Сосын көкжиекке қарай еңкейе түскен күнге түнере, түсін суыта қарап қалған ол, кенет дүр сілкінді. Осы сәтте ол маған баршын тартқан бүркіттей көрініп кетті. Шамырқанған жүзі күн сәулесімен күреңітіп, сұстана түскен дидарына айбатты рең орнап, айбарлы, сесті қалпын тапты. Әлденеге тәуекел еткендей:
– Арбаны бермен тақа, – деп бұйырды көлік иесіне.
Жайдақталған арба мертіккен жануардың жанына жақындатылды. Ыммен ұғысқан әкелі-балалы торы арғымақты қолдаса көтеріп, арба үстіне лып еткізді. Атына мініп, жүре берген Иманжүсіп мені де іле кетті.
Қарауылтөбенің басына жиналған ығы-жығы халық араның ұясындай гу-гу. Қып-қызыл даудың үстінен түстік. Көк шұнағы мен торы шұнағы іркес-тіркес келген аралбай Мұқажан жер баспай сөйлеп тұр. Тапалдау бойлы, тарамыс денелі, ақсары өңді, шегір көзді бұл кісіні ел жырық Мұқажан деуші еді. Шегір көзінде үнемі жанжал оты ойнап тұратын ол, расында қияңқы адам еді. Баяғыда Ақмолада атақты Балуан Шолақтың Ғалиясының қымызханасында қала бұзықтарымен болған қалың төбелестің үстінде бір қаныпезер қанжарымен Мұқажанның ішін жарып жіберсе керек. Қанжар сойып кеткен бүйірінен шығып кеткен ішегін бір қолымен бүре ұстап жүріп төбелескен Мұқажанның бар бұзықты жалғыз қолымен-ақ жайпап жібергені жалпақ жұртқа аңыз боп тарап кеткен-ді Мұқажанның жырық атануы да қызық әңгіме еді. Басбұзар, шадыр мінезді бола тұра сәбет үкіметі алғаш орнаған жылдары оның бір болыс елге мілитсә болған жайы бар-ды. Жаңа өкімет ісінде жүргенде әлдебір содырлармен атысып қалып, үстіңгі ернін оққа жырғызып алған атышулы тентекті содан бері жұрт біржола «жырық Мұқажан» атап кеткен болатын. Оның үстіне ол атқан оғы құр кетпейтін ғажап мерген, аңшы адам еді. Тағы бір осал жері жүйрік ат десе есі шығып кететін, әрі қазанатты бір көргеннен танитын ол атбегілік өнерден де құр алақан еместін. Қара басы осыншама қайшылыққа толы жырық Мұқажан сол кезде отыз бестер шамасындағы жігіт болатын. Бүгін де ол нағыз зар күйлі бүркіттей шаңқ-шаңқ етеді:
– Сондықтан бірінші, екінші бәйге менікі. Қосқан жүйріктерімнің қара үзіп келгеніне бәрің куәсің. Ал, енді Иманжүсіптің атының құлап қалғанын Алланың ісі деп біліңдер.
– Әй, Мұқажан жөнге көш – деді қалыбек Қайрақбай, – Бұл жолғы дауың тіптен орынсыз, аудансыздығыңды көрсетпей, қи осы жолғы бәйгені Имекеңе, екі мен үшінші бәйге тақияңа тар келмес, ал соны!
– Бір мен екі сенікі деп сөйле, Қайрақбай. Қалған бәйгені кімге берсең оған бер!
Мұқажан ешкімге есе бермеймін дегендей екілене сөйледі.
– Мұқажан, сен «құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының» керін келтіріп тұрсың. Иманжүсіп Арқаның арыстаны емес пе еді? Аяулы ағамыз туған елін сағынып, алыстан жадап, жүдеп келгенде елдігімізді танытып, бәйгесін шаппай беретін жөніміз бар емес пе? Бас бәйгеге енді таласпа, Мұқажан, бәйге саған берілмейді – деп Қайрақбай төтесінен кетті.
– Дұрыс.
– Қайрақбай жөн айтады.
– Бас бәйге Имекеңе, – деген дауыстар шығып, ел гулеп кетті.
Осы кезде сөзге аудандық мілитсәнің нәшендігі Нұрғали Тасымов араласты.
– Мұқажан деді,– ол сабырмен сөйлеп, – бәйгені ұйымдастырушылар да, тойды қызықтаушы халық та бәйгені Имекеңе беруге ұйғарып отыр. Қалған қос жүлде сенікі. Қанағат ет. Елдің тілегіне құлақ ас. Ендігі сөз артық.
– Өйдөйт – деді Мұқажан мысқылдай күліп, – Үкімет қолымызда деп Қайрақбай екеуің қырып барасың ғой, түге. Жарайды Иманжүсіпке қаның тартып болыстық қылып тұрғаныңды түсініп бағайын, ал анау өзімнің аталасым Қайрақбайға не жорық. «Жаңаарқаның нәшендік мілитсәсі қаным бір қыпшақтың баласы, мені қолынан жауға бермейді» деп Иманжүсіп Бетпақтан бері өткен көрінеді деп елдің іші гулеп отыр. Байқа, нәшәндігім. Ел құлағы елу. Ұшынып кетіп жүрмеңдер, – дегенше болған жоқ:
– Әй жырық, сен не тантып тұрсың, – деп гүр ете қалған Иманжүсіпке елдің бәрі жалт қарады. Ол бағанадан бері сөзге араласпай сабыр сақтағандай болып тұр еді.
– Әттең, сағым сынып, сұм дүние сыртын берген шағымда шықтың-ау сен шәуілдек. Әйтпесе, сендейлерді тәубәге келтіргенді тәуір көретін Иманжүсіп мен емес пе ем! Амал нешік, – деді ол ызалы өкінішпен.
Сәл үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғады.
– Мен сені танып тұрмын. Алдыңғы жылы Қызылордада Сейфолланың Сәкенінің жанынан көріп едім. Сырдың бойын жағалап, Телікөлге дейін ұзап шығып, Сәкен екеуміз үш күн бойы саят құрғанда ақынға атқосшы болып жүрген сен емес пе едің? Енді, міне, көзіңді шел басыпты. Мені жорта танымағансыйсың, ә. Әй, қайран Сәкен-ай, бауырым-ай, кімдерді ерткенсің қасыңа!?
Бағанадан бері құтырған бурадай жан-жағын жайпап келе жатқан Мұқажан жынынан айырылған бақсыдай боп қалды. Әп-сәтте ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп, аяқ астынан мүсәпірге айналды. Сәлден соң: – Өздерің біліңдер, – деді жуасыған үнмен тойды ұйымдастырушыларға қырын қарап тұрған күйі. Сөйтті де атына ырғып мініп, топтан шығып жүре берді.
Мұқажан ымыраға келді. Дау тоқтап, бәйгелер иелерін тапты. Төбе басынан төмен қарай құлап, ұбақ-шұбақ қайта бастаған елге ақырғы шапағын аямай төгіп, қызара жалқындана күн де батып бара жатты.
Иманжүсіп те аттанайын деп жатыр.
– Бері кел, – деді маған Иманжүсіп.
Сөйтті де қасына барған мені басымнан сипады. Күс-күс болып, жарылып кеткен аяқтарыма қарап тұрды да, қойнынан етіктің бас ұлтанын алып шықты.
– Етік тіктіріп ки, айналайын, – деді қамқор үнмен. Сосын кісесінен бір уыс ақша алып шықты да:
– Мынаған үстіңе киім ал.
Ақшаны көрген жамағайынымның көзі жайнап кетті.
–Бұл қаржыға қиянат қылма шырағым, – деді Иманжүсіп оның пиғылын сезгендей болып.
– Баланың өзіне жұмса – деді де ақшаны жамағайынымның алақанына салды.
– Рахмет, Алладан қайтсын, Имеке, – деп туысқаным қалбалақтап жатыр.
– Жолыңыз болсын жортқанда!
Иманжүсіптер атанып кетті. Іңір қараңғылығы кіре бастаған шақ еді. Ұзай түскен оларды қаусырмалап қоршай түскен түн түнегі лезде жұтып жіберді. Тек торы арғымақты артып алған арбаның майланбаған дөңгелектерінің шиқылы қайтқан қаздай қаңқылдап, көпке дейін естіліп бара жатты. Сол кеткеннен Иманжүсіпті көре алмадым.
Көп ұзамай Иманжүсіп ұсталыпты деген суық хабар дүңк ете қалды. Нәшендік мілитсә туысы Нұрғали Тасымов қорған бола алмапты. Кепеудің (ГПУ) жендеттері Иманжүсіпті кісендеп, Әулиеатаға қарай алып жүріпті. Атасу өзенінен өткен соң, ел «Шкөл» деп атап кеткен ескі мектеп бар еді. Қол аяғы кісендеулі Иманжүсіпті сол мектепке бір түн түнетіпті. Торға түскен жаралы жолбарыстай аласұрған Иманжүсіп түнімен күңіреніп ән айтыпты. Жым-жырт түнді жарып шыққан оның күшті зор даусы өзі әнге қосқан Ақтау, Ортау тауларын жаңғыртыпты. Батыр перзентінің қоштасу әнін үнсіз, мүлги тыңдаған тәкәппар таулар көз жастарына ие бола алмапты: еңіреген бұлақтары еңіске қарай еңкілдей құлапты. Оның қасіретті үніне тебіренген Арқаның асыл анасы Сарысу жылап ағып жатыпты. Сол түні оның мұң мен зарға, қайғы мен өкінішке, ерлік пен батырлыққа толы әндері Ақтау мен Атасудың бойын жайлап жатқан жалпақ елге түгел естіліп, тегіс тарапты. Дәрменсіз ел іштен тыныпты, жігіттер шарасыздықтан бармағын тістеп, арулар үнсіз егіліп, жәудір көздерінен жас төгіпті. Аналар жаулықтарымен көз жасын сүрте отырып, «ауызы түкті кәпірлерге» қарғыс айтыпты. Сақалынан тарам-тарам жас аққан қариялар Абылайдың жаугершілік заманын аңсапты, Абылайдың ақ туын Ақтауға әкеп тіккен Кенесары ханның дәуірін еске алып, күңірене күрсінісіпті.
Жаламенен сорладым, мен не дермін,
Тарқамастан барады қайғы шерім.
Алтау ала болғанда ер құрбандық,
Осымен азғаның ба, қайран елім, – деп өксіпті Иманжүсіп.

(жалғасы бар)

 

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *