Фри өндірісі жолға қойылмақ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Нидерланды Корольдігінің Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Андре Картенспен кездесті. Ол өңірімізде жүзеге асырылатын ортақ жобалар жайын пысықтау үшін келген.

Нидерланды елінің «Farm Frites Beheer» компаниясы жергілікті «К-Агро Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп Шу ауданында жобалық құны 145 миллион долларға бағаланған картоп фриін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 240 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоспар бойынша зауыт 2023 жылы қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр.
Елшіні жылы шыраймен қарсы алған аймақ басшысы инвесторларға қажетті көмекті аямайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта болашақ зауыттың орналасатын жері белгіленіп қойған. Оған қажетті инфрақұрылым да тартылған.
– Қазір ең басты мәселе құрылысты жедел бастау керек. Уақыт өтіп барады. Мұндай кәсіпорын бізге керек. Оның шығаратын өнімі сыртқа экспортталмақ, – деді Бердібек Сапарбаев.
– Құрылыстың созбалаңға салынғаны біздің тарапқа да тиімсіз. Сол үшін қандай мәселелер бар екенін білу үшін арнайы келіп отырмын. Сіздің сөзіңізден түйгенім, біздің мақсатымыз бір, – деді Андре Картенс.
«К-Агро Холдинг» директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Жеңіс Өсербайдың айтуынша, инвесторлар зауыт салмас бұрын 65 гектар жерге картоп егіп, өнімділік деңгейін бақылауға ниетті.
Жүздесуге еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрбек Дайырбеков те қатысты. Ортақ жобаның келешегі зор екенін атап өткен вице-министр Нидерланд тарапымен өзге де жобаларды бірлесе жүзеге асыруға болатынын тілге тиек етті.
– Біздің облыс аграрлық-индустриялық аймақ болып саналады. Көкөніс, жеміс-жидек, әсіресе таулы аймақ болған соң алма жақсы өседі. Жеріміз құнарлы. Қазіргі жобаны жүзеге асырып болған соң өзге де ұсыныстар әзірлейміз. Өзара әріптестік қатынас ауқымын кеңейтуге дайынбыз. Инвесторлардың көптеп келуіне біз де мүдделіміз, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *