Жұмыссыз жастар азайып келеді

Бүгінде мемлекет саясатындағы басым бағыттардың бірі – сапалы білім беру екені сөзсіз. Әйткенмен, білім алумен қатар жас түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселесі де өзекті болып тұр. Көбіне-көп жұмыс беруші мекемелер жас мамандардан дипломмен бірге біліктілік пен жұмыс тәжірибесін де талап етеді. Ал оқуын кеше ғана тәмамдап келген жас маманда тәжірибе қайдан болсын? Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осыдан үш жыл бұрын жүзеге асқан Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жастарға қолдау ретінде қабылданған бірден-бір бағдарлама деуге болады.

Бүгінде жастарға жаңа мүмкіндіктерді ұсынған «Жастар практикасы» ауылды жердегі көптеген жас маманның жұмысқа орналасуына сеп болып отыр. Аталған бағдарлама жас түлектерге өздері тәмамдаған мамандық бойынша тәжірибе жинақтауға көмектеседі, әрі оларға алдағы уақытта тұрақты жұмыс орындарына орналасу үшін үлкен мүмкіндік екені анық. Өйткені, жоғарғы оқу орнын аяқтаған жас мамандар дипломға қол жеткізген соң жұмысқа орналасу бойынша қиындықтар туындап жатады. Міне, жастар практикасы дәл осындай түлектерге жол ашады. Айта кету керек, жастар практикасына соңғы үш жылда жоғарғы оқу орнын бітірген түлектер, жұмыссыз ретінде тіркелген және олардың жасы 29-дан аспағандар ғана қатыса алады. Бұл бағдарлама білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында ұйымдастырылғандықтан, оның айлық жалақысын мемлекеттің өзі алты ай бойы төлеп отырады. Егер алты айдан кейін жұмыс беруші жас маманды тұрақты жұмысқа алу туралы шешім қабылдаған жағдайда, жұмыс беруші жас маманмен Еңбек кодексіне сәйкес келісімшартқа отырады.
Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Оралхан Умаров жастар практикасы жас маманды жұмыспен қамтып қана қоймай, оның бойындағы іскерлік қабілеті мен жауапкершілікті арттыруды да көздейтінін айтады. «Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде ауыл-аймақтағы жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеп, керісінше жастарды жұмыспен қамту мүмкіндігі жыл сайын артып келеді. Ең маңыздысы – жастар практикасы арқылы өз мамандығыңның қыр-сырын толық меңгеруге мүмкіндік бар. Себебі жас мамандар жұмыс істеп жүріп жаңа ақпарат алады, құжаттармен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл тек тәжірибе ғана емес, жастардың өзін қызықтыратын жұмыс па, жоқ па түсініп, нақты шешім қабылдауына сеп болады. Ал тұтастай алғанда ауданда жастар практикасы арқылы тәжірибеден өтіп, артынша сонда жұмысқа орналасып жатқан жастар аз емес. Мәселен, үстіміздегі жылы біздің орталық тарапынан «Жастар практикасы» бойынша 248 жас маманды жұмыспен қамту көзделсе, қазірдің өзінде 294 жас маман жұмыспен қамтылып отыр» — дейді Оралхан Асылбекұлы.
Жалпы, жастарға қатысты мәселелер қай кезде де бірінші кезекте болуы тиіс. Өйткені ел ертеңі саналатын жастарымыздың тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір мамандықтың иесі болуы өте маңызды. Бұл ретте, еліміздегі жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың атқарар міндеті үлкен. Жоғарыда аталған бағдарлама арқылы бас-аяғы үш жылдың ішінде мыңдаған жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта ерекше екпін алып, жұмыссыз жастардың санын азайтады деген сенімдеміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ,
Шу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *