Ел игілігіне тапсырылды

Жаңатас қаласында орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі толықтай күрделі жөндеуден өтті. Аталған аурухананың күрделі жөндеу көрмегеніне біраз жылға жуықтаған еді. Сондықтан, бұл мәселе жергілікті биліктің назарынан тыс қалмады. Нәтижесінде, биыл аурухана ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары жобаланып, қолға алынған болатын. Нысан бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталып, толық жөндеуден өтіп, қайта халық игілігіне берілді.

Нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов, аудандық мәслихат хатшысы Сағынбек Бегеев және аудандық орталық аурухананың дәрігерлері қатысты. Жиында аудан басшысы, аудандық мәслихат хатшысы мен аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері де сөз сөйлеп, ыстық лебіздерін жеткізді.
Қазақтың салт-дәстүрі бойынша жаңа қонысқа шашу шашылған соң қонақтар аурухананың ішін аралап көрді.
Жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталды. Мердігер «Райша-3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазынадан қаралған 308 миллион теңгені толықтай игеріп ғана қоймай, өз есебінен де қосымша жұмыстар жасап берді.
Құрылыс кезінде 54 адам жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмысқа тартылды. Оларға тұрақты айлық жалақы төленді. Жалпы инфекциялық аурухана емделетін науқастарға қарай ыңғайластырылып жаңартылыпты. Жарық әрі осы заманға сай үлгіде құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Камели Сүлейменова,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *