Өнім өндірушілерге қолдау бар

Облысымыз аграрлы аймақ санатында болғандықтан Жолдауда айтылған қайта өңдеуге қатысты маңызды міндеттер жамбылдықтарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жалпы өңірімізде атакәсіп мал шаруашылығын дамытуға бет бұрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісін қолға алушыларға демеу боларлық мүмкіндіктер мол.

Бұл тұста, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс қимыл кезеңі» Жолдауында да аталған салаға айрықша көңіл аударып, үлкен міндеттер жүктеді.
«Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керек. Осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті. Аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аудару қажет» деген Қасым-Жомарт Кемеұлы ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет екенін баса айтты.
Нәтижесінде елімізде көп жылдар бойы лайықты деңгейде көңіл бөлінбей келген қайта өңдеу саласының тамырына кейінгі жылдары қайта қан жүгіргенін айта кету керек. Кенже қалған саланы түлетіп, тың серпін беру мақсатында мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады. Себебі қайта өңдеуден қайтарым көп.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және кооперациялар бөлімінің басшысы Дулат Оспановтың айтуынша, өңірде қайта өңдейтін 171 кәсіпорын тіркелген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарда 2800-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылған. Кәсіпорындарды саралай қарасақ, сүт, ет өнімдерін және мақсары майын, астықты тереңдете өңдеу басым бағытқа ие екен. Бұл бағыттағы жұмыстар айтарлықтай жолға қойылған. Мәселен ағымдағы жылдың сегіз айында сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі 82 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артыпты.
–Облыста 21 кәсіпорын сүт өнімін тереңдете өңдеумен айналысады. Экспортқа өнім шығару мақсатында 2 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Жуалы ауданындағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылы 236 тонна қатты ірімшік, 2019 жылы 599,9 тонна қатты ірімшік өнімін Ресей Федерациясына экспорттады. Сол секілді «Көкжиек-2030» серіктестігі 2018 жылы 180 тонна сары май, 100 тонна құрғақ сүт шығарса, 2019 жылы 160 тонна май өнімін Ресей Федерациясына экспортқа шығарды. 2016 жылы сүт өнімін тереңдете өңдеу мақсатында Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында шағын цехтар іске қосылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 26 қарашадағы №3-2/615 бұйрығымен бекітілген «Өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы арқылы сүт өңдеуші кәсіпорындарға қолдаулар көрсетіліп келеді. Атап өтер болсақ, ағымдағы жылы Жуалы, Меркі, Сарысу аудандарында қуаттылығы тәулігіне 2 тонналық шағын сүт өңдеу цехтары іске қосылды,–дейді Дулат Оспанов.
Басқарма мамандарының айтуынша, сан бағытта жұмыс атқарып жатқан кәсіпорындардың өндірістік қуаты жыл санап артып, өңір дамуына ерекше серпін беруде. Алайда бірқатар аудандардағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Осыдан бірнеше апта бұрын облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Аманов облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар ашу бойынша облыс әкімінің алдында есеп берді. Сонда біршама олқылықтың беті ашылды. Мәселен Байзақ ауданында көкөніс, жеміс-жидекті тереңдете өңдейтін кәсіпорын жұмыс атқармауда. Жамбыл ауданында макарон, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар жұмыс атқармауда. Сол секілді Тараз қаласында және Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандарында тереңдете өңдейтін кәсіпорындар жұмыс атқармауда. Жиында баяндама жасаған Қайрат Тілеубайұлы «2019 жылы қайта өңдеу саласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Нақтылап айтқанда, 2019 жылы 3 сүт өңдеу цехын ашу жоспарланса, тек Сарысу ауданында ғана ашылып, Мойымқұм, Талас аудандарында ашылмады. Сол сияқты облыс бойынша 5 ет өңдеу цехын ашу жоспарланса, бүгінгі таңда Жамбыл ауданында 2 ет цехы ашылған. Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында орындалмаған. Сонымен қатар тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу бойынша Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында берілген тапсырма орындалмаған», деп бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Қайрат Амановтың сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 8 айында 222,1 мың тонна сүт өндіріліп, 163 мың тоннасы ішкі тұтынымға кетсе, 38,6 мың тоннасы қайта өңделген. Кәсіпорындардың жүктелімі 82 пайызды құрап, өндірілген өнімнің 17,4 пайызы қайта өңделген. Ал 8 айда 40,6 мың тонна ет өндіріліп, ішкі тұтынымға 17,1 мың тонна кетсе, 5,1 мың тоннасы қайта өңделген. Кәсіпорындардың жүктелімі 35 пайызды құрап, өндірілген өнімнің 12,6 пайызы қайта өңделген. Сонымен қатар ағымдағы жылы 1 миллион 48 тонна жеміс-жидек, көкөніс жинау жоспарланса, 89,5 мың тоннасы ішкі тұтынуға, қалған 958,5 мың тоннасы өңдеусіз жөнелтілетін болады.
Жалпы қайта өңдеу саласына байланысты облыста атқарылған жұмыстар аз емес. Ал орын алған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ауқымды жоспарлар қолға алынған. Әсіресе инфестициялық жобалардың игілігі мол болмақ. Қайта өңдеу саласына қарқын беру мақсатында 2020-2021 жылдары жалпы құны 87 миллиард 747 миллион теңгені құрайын 11 инфестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Жобалар толық іске қосылғанда 766 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша берген тапсырмалаларын орындау мақсатында облыс әкімдігі егін шаруашылығында 6, мал шаруашылығында 7, ауыл шаруашылығы кооперативтерінде өндірілетін өнім көлемін арттыру, өңдеуші кәсіпорындарды ашу және жүктелімін арттыру мақсатында 2 бағытты белгілеген.
Осылайша мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта өңдеу саласындағы кем-кетіктер бүтінделіп, жоқ-жітігі ретке келтіріліп жатыр. Ортақ мақсат жолында жауапты сала мамандары бірлесе жұмылып, ықтымақтаса әрекет етуде. Сондықтан мемлекет міндетіне атүсті қарап келген аудан әкімдері алдағы уақытта жұмысына болашақтың қамы ретінде жауапкершілікпен қарап, қайта өңдеуден қайтарым көп екенін ертерек ұғынса дейміз.

Айдар БЕКТЕМІР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *