Иманжүсіптің әні

–Той сол өзің білетін Қарауылтөбеде өтті. Баяғыдай «ішкен мас жеген тоқ» дегендей аста-төк болмаса да шама шарқынша дүрілдеген мереке болды. Әке-шешемнен бірдей айырылып, тұлдыр жетімдіктің тақсыретін тартып жүрген шағым. Жанымда жалғыз інім бар. Үмбет деген төренің есігінде жүріп күнелтеміз. Таңның атысы күннің батысы інім екеуміз қожамыздың отымен кіріп күлімен шығамыз. Титықтатқан тұл жетімдік бізді әбден шер көкірек етіп тастаған. Өмірі қабағымыз ашылып бір күлмейтін інім екеуміздің жалғыз-ақ жанашырымыз бар. Ел Тәткей қырғыз деп атайтын бұл кісі бізге жамағайын болып келеді. Екеуміздің анда-санда халімізді біліп, көрген сайын бауырына басып басымыздан сипайтын жан дегенде жалғыз туысымыз. Үнемі біреуден жылылық, мейірім тосып жүретін қос жетім оны көргенде бір жасап қаламыз. Әйтеуір сыртымыздан ылғи қамқор болып жүреді. Жетім жүрегіміз одан шынайы туысқандықтың лебін сеземіз. Жалғыз ғана жамағайын туысынан басқа ешкімі жоқ екі байғұс осылайша ептесіп-септесіп күн көруші едік.
Бір тәуірі, жамағайыным мені тойдан қалдырмайды. Бәлен жерде ас беріледі, түген жерде ат шаптырылады деп естісе болғаны мені Үмбет төреден қолқалап сұрап алады да әлгі жерге бір-ақ тартады. Өйтетін себебі шабандоздық өнерім бар. Қайбір жетіскеннен шабандоз болды дейсің. Қу жетімдіктен ғой бәрі. Жылқышылар үйір ішінен ұстап беретін тай, жабағыны үйрету балаларға таптырмас ермек. Әсіресе ала жаздай арда емген асау тайды ауыл шетіндегі құмайтқа салып үйрету сәті қарасирақтар үшін кәдігімгідей зор мереке. Алғашында үстіне атылып мінген көзсіздерді асау тай шыңғыра тулап, мөңки қарғып жүріп шетінен жығып тынады. Осыдан кейін бірінен соң бірі топылдай құлаған үйреткіштер шу асауға беттей алмай біраз дағдарады. Бір уақта әлгі топтың ересегі, әрі ең сотқарларының бірі осының бәрін сыртынан қызықтап тұрған мені байқап қалады:
– Бері кел, ей, жетімек, – дейді, әлгі сотанақ. Бай баласы басынғыш. Жетім көрсе бұлар тіпті құтырып кетеді. Әй-шәй жоқ олар менің қорқып, қарсыласқаныма қарамастан асауға жарбита қонжитады да, сегіз өрім қамшымен тайды жамбасқа, сауырға шықпырта тартады-ай келіп. Тұщы етіне ащы қамшы өткен, оның үстіне әлі тың, бастықпаған асау тай мені оңай жығады. Басында мен де жығылып бақтым. Тұмсығымен жер сүзе, төбеммен шаншыла, етпетімнен, май құйрықпен дейсің бе, қойшы әйтеуір, әр құлаған сайын түрлінше түсетін мені мазақ қылған немелер шек-сілесі қата күледі. Мұндайда көзімнің жасын жұта жүріп, ерегісе түсем. Әлденеше рет асау тайдың астында қалдым. Қабырғам сынып, басым да жарылған күндер болды. Көп құлағаннан ба, жоқ әлде жетімдіктен көрген қорлық, оған деген балаң жүрегімді үнемі шерлендіріп тұратын өшпенділік, кек сезімдері бойымды буып кете бере ме, ол арасын анық бағамдай алмаймын, бетім қайтудың орнына қайта өжеттене, өршелене түстім. Бара-бара асаудан жығылу да, өзімнен жасы үлкен сотқарлардың жұдырығы мен таяғы енді маған батпайтындай, өтпейтін болғандай. Мұндайларға етім өліп кеткен мен бірте-бірте нағыз үйретімпаздың өзі болып алдым. Тіпті тай түгілі, жүген құрық тимеген шу асаулардан қорықпайтын күнге жеттім. Енді асау десе арқам қозып, бастықтыруға өзім белсенетін болдым. Ауыл арасына асау үйреткіш атым шығып, атағым да жайыла бастады. Тұрғыластарым арасында өнерім асқаннан ба, шалдуар тентектер де баяғыдай беталбаты ұрынбайтын болды. Бұл да болса, басымдағы ауырытпашылығымды азырақ жеңілдеткендей, оның үстіне асау үйрету жетімдік күйігін басуға таптырмайтын амал болғандай. Асаумен алысқан күні бойым жеңілдеп, жетімдік дертінен арылғандай бір жасап қалам. Жалшылықтың ауыр бейнетін арқалай жүріп, анда-санда бұйыратын асау үйрету бақытын бала көңілім енді жетімдік тақсыретін жеңудің жолы, жалшылық қамытынан құтылудың әрекеті деп түйсіне бастағандай еді. Сөйтсем осының бәрін сыртынан бағып, байқап жүрген жамағайынымның ойы одан да әріде болып шықты. Бір күні ол мені екі-үш болыс ел бас қосқан кішігірім асқа алып жүрді. Сірә, ат иесі күні бұрын келіссе керек, қамқоршыммен біраз кеңескен соң, әлгі кісі сол өңірге дүбірі енді шыға бастаған, аса танылып топ жара қоймаған күлігін алдымызға әкеп көлденең тартты. Бойым тым кішкене мені жамағайыным өзі аяқтап жіберді. Сөйтті де жүресінен отыра бере, бөркін шешіп, мойнына белбеуін салды. Жүзін құбылаға бұрған күйі көзі жасаурай, даусы дірілдей отырып тілек тілеп, дұға қайырды. Аздан соң, ат айдаушылар ауыздығымен алысқан өңкей саңлақты алдарына салып айдап бара жатты.
Сол аста алғаш рет жолым болып, бағым жанды. Кейін білсем мен мініп шапқан Тоқа* Біргебайдың қызылының тұқымы екен. Мейіздей жараған, айтулы жүйріктің нәсілі бұл жолы бар аттан оза шауып, мәреден сынаптай сырғып өте шықты. Астың бас бәйгесін иеленген ат иесінің қуанышын көрсең. Шек жоқ еді-ау. Қайта-қайта құшақтап бетімнен сүйген ол қайтар сәтте алдымызда үш-төрт ұсақ тұяқ салып берді.
Содан басталды бәрі. Жаз шықса болды, жамағайыным екеуміз ас пен той аңдимыз. Ат бәйгесінен түскен азын аулақ пайда інім екеуміздің кәдемізге жаратылады. Шапқан атым озып келіп, жүлдеге ілінсе болғаны Тәткей ағам ат иесінен есебін тауып тақым ақымды алады. Ат иелері көп жағдайда өз ықыластарымен береді. Өз еркімен бергендері оған да жақсы. Мұндайда ың-шыңсыз үйге қайтамыз. Кейде кейбір қарау атсейістермен тәжікелесуге тура келеді. Ондайда істі ұрыс-керіссіз шешуге күш салады. Егер істің соңы дауға ұласса, онда оның басты қаруы менің жетімдігім. Бойымдағы бас кемшілігім таразыға тартылғанда, безбен басы маған ауып шыға келеді. Дау бірден тыйылып, шаруа әркез екеуміздің үлесімізге шешіледі. Ол заманда жетімнің ақысын жеген деген жаман атақ. Кім де болса, осы атаққа ілігіп кетем бе деп қорқады. Жамағайыным күні бұрын атбегілермен келісіп алуға тырысып бағады. Ешкіммен келісе алмаған жағдайда бәйге алаңына бұрынырақ барып алып, мені ерте жүре жар салады.
Сол күні ауылдан таң сыз бере шығып, Қарауылтөбеге ертерек жетіп алдық. Бәйге аттарының ортасына кіріп алған ол айғайлап келеді: «Атқа шабар бала бар, атқа шабар бала бар. Атсейістер баланы, Менен келіп қалап ал». Ол өңешін жырта айғайлайды. Бірақ ешкім бізге мойнын бұрар емес. Атбегілер аттарымен әуре. Сұқ көздерден сескене ме, шамалары келгенше бойларын жырақ ұстап, жүйріктерін жетектеп ат айдаушының даусы жетеді-ау деген жерге дейін аулақтап, ұзап кеткен.
Күн түске тырмысты. Ат айдайтын сәт жақындаған сайын жамағайын туысым тықырши бастады. Енді қайтсін? Бәйге сайын мені атқа шаптырып, азын-аулақ пұл табушы еді. Құдай бүгін онысын да көпсінгендей. «Атқа шабар бала бар, Атқа шабар бала бар…» деп айғайлайды жанашырым. Дауысында үміт бар. Ақыры шаршады білем, көзімен көлеңке іздеді. Сонан соң қаңтарулы тұрған арбаның көлеңкесіне отыра кетті. Состиып тұрып қалған маған да отыр деп ым қақты. Көзімнің астымен жамағайыныма қарап қоям. Оны да тіршілік қажытқаны сезіледі. Күн қақты жүзіндегі әжімдері тереңдеп, мұрны салбырап, қабағы төмен түсіп кеткен. Жолы болмағанына қынжылып отыр. Ұлан-асыр тойдың түк қызығы қалмағандай. Осының бәріне өзімді жазғырып, талайсыз тағдырыма налыдым.
* Арғынның Қуандық тайпасының тарайтын ру аты

Әлдеқашан сүйегі қурап қалған әке-шешемді есіме алдым. Анамның мейірімге толы жүзін, шуақты алақанын сағындым. «Құлыным» деп еркелеткен үні құлағыма келгендей. Көмейіме ащы өксіктің кермек дәмі келді. Ата-анама іштей шағынып, қамығып отыра берер ме едім.
– Иманжүсіп, Иманжүсіп кепті, Иманжүсіп келе жатыр! – деген дауыстар шығып, атып-атып тұрдық. Елдің назары Қарауыл төбенің оңтүстік беткейіне ауған. Келе жатқан екі аттының айналасы қалың ел. Төбе басына қарай толқыған жұрттың ішіне біз де келіп сіңе бердік.
– Япырмай, мынау Иманжүсіп пе ей?
– Бұл қайдан жүр?
– Анау жылдары Сырға көшіп кетті деп еді.
– Бетпақтың шөлінде үкіметтен жасырынып қашып жүр деп естіп едік.
– Кір жуып, кіндік кескен жерін сағынып келген ғой.
– Е шіркін дүние! «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген осы да.
Толқыған қарақұрым ел төбе басына жиналды. Ортада – Иманжүсіп. Біреулермен қысқа-қысқа тілдесіп қояды.
– Ау халайық! Имекең сөйлесін. Лебізін тыңдайық, – десіп жатыр жұрт.
– Уа халқым! – деген Иманжүсіптің даусы саңқ етті. Жым-жырт тыныштық орнай қалды. – Мен алыстан, Сыр елінен келе жатырмын. Мойнымда елдің аманаты бар. Әйтсе де өздеріңе деген сағынышымды сөзбен айтып жеткізе алармын бе екен… Иманжүсіптің даусы дірілдеп кеткендей болды.
– Алда сабазым-ай!
– Енді қайтсын.
– Азаматым-ай, батырым-ай!
– О, ел мен ерге опа бермеген сұм заман.
Ел дүрлігісіп теңселіп кетті.
– Тойыңның үстінен түстім туған ел. Шаруамды айтып шырықтарыңды бұзбайын. Одан да қызықтарыңды көбейткенім болсын. Арқаның тойында атым шаппағалы қай заман. Қостым торы арғымағымды бәйгеңе, – деп желпіне сөйлегенде ел гулесіп қостай кетті.
– Ағайын, – деді Иманжүсіп халық тыныс алған сәтте. Араларыңда бәйгеге шабар бала бар ма? Дәулетханым атқа… дегенше болған жоқ, жан дауысы шыққан жамағайыным: «Имеке, бар бала, менде бар» – деп, алдындағы адамдарды қаға-маға мені Иманжүсіпке қарай сүйрей жөнелді. Осы кезде ат айдаушылардың «атшабарлаған» ащы дауыстары қатар шығып, құжыныған жұртшылық тік көтеріле Қарауылтөбенің қарақшы тігілген шығыс беткейіне жөңкіле жөнелді.
Иманжүсіп бізді оңаша алып шықты. Маған ұзақ сынай қарап тұрды. Бағанадан бері қалың жұртшылықтың арасынан анықтап көре алмаған едім. Бажайлап қараудың сәті енді түскендей. Жас шамасы алпыстан мол асып, жетпісті қусырып қалғанына қарамастан баяғының батырындай еңселі, биік. Алып біткен сом тұлғасының бітімі ерекше. Аш арыстан кеуделі. Кең жазық маңдайлы. Қасқыр қабағының астына шүңіректене біткен көздері кісіге тік, шүйіле қарағанда өңменіңнен өтіп кетеді екен. Тік қыр мұрынды. Шалғысы ширатылған мұртына ақ кіріп, ұзынша селдір сақалы буырыл тарта бастаған. Үстіне жеңіл шапан, тік жаға, зерлі ақ көйлек киіпті. Басында пұшпақ тақия. Беліне күміс кіселі жалпақ қайыс белбеу тартқан. Аяғында қисық табан әмірқан етік. Қолында сегіз тұтам сері қамшысы. Жанындағы бойы өзіне жетеқабыл жігіт баласы Дәулетхан болып шықты. Жасы отыздардың шамасында. Әкесіне қатты ұқсағанымен өңі қара-қоңыр. Ештеңемен ісі жоқтай, томсарайған күйі екі көзін бір нүктеден айырмай, шетте үн-түнсіз тұр. Әу бастан сөзге жоқ адам тәрізді.
– Балаңыздың сүйегі тым ұсақ екен. Түріне қарасаң тоғызға да толмаған сияқты. Ұзақ шабыста тақымы талып, құлап қалып жазым болып жүрмей ме, – деп қауіп білдіре сөйлеген Иманжүсіп – Бұрын бәйгеге шауып па ең? – деп маған жылыұшырай қарады.
– Иә, – деп басымды изегенше болған жоқ, жамағайын туысым жалма жан:
– О не дегеніңіз, Имеке!? Осы өңірдегі өтіп жатқан талай бәйгенің алдын бермей жүрген бала бұл. Келісті ат болса болды, Имеке. Бабы келіскен талай жүйріктің бағын жандырды бұ жігіт. Қаралдысы кішкентай енді. Көзін ашқалы көріп келе жатқаны жетімдік болған соң, қайтсін енді, көкке жарымаған көпей қозыдай қортық боп қалды. Ештеңе етпейді. Қайта қысылып өскендерден ер жете келе мықты жігіт шығады деуші еді, үлкендер. Әйтпесе, жасы биыл он төртке шығады. Менен басқа ешкімі жоқ бейшара баланың. Осылай ала жаздай ас пен тойға алып жүріп бәйгеге шаптырам. Сөйтіп несібесін айыртамын елден. Басқа амалым жоқ. Қой бақтырып, көтен жегізетін байлардың жайын өзіңіз білесіз… Не болғанын… Ал енді, тақымы талады деп қорықпаңыз. Нағыз жел тақым, сірі сирақтың өзі. Тек таралғысын шақтап тартып берсеңіз болды, Имеке.
Самбырлап сөйлеген жамағайыным әрең дегенде тоқтап, не дер екен дегендей Иманжүсіптің аузын бақты.
– Бопты, – деді Иманжүсіп. Сөйтті де мені іліп алып торы арғымақтың арқасына тымақша атып жіберді. Құранды ерге қаққан қазықша барып қадалған маған риза болды-ау деймін, торыны сулығынан жетектеген күйі ат айдаушылардың тұсына келгенше тіл қатқан жоқ. Байқаймын, Иманжүсіп жиналған жүйріктерді жүре сынап келеді. Кенет көзі шеттеу тұрған шұнақ құлақ қос бедеуге түсті. Бірі – көк шұнақ, бірі – торы шұнақ – бұрыннан білетін жүйріктерім. Аралбай* Мұқажан дегеннің күліктері. Екі үш жылдан бері алыс-жақыннан бәйгі алып келіп жүрген айтулы жылқылар. Иманжүсіп тақала барып тоқтап, қос бедеудің тұла бойын өткір жанарымен жіті тінтіп шықты. Сонан соң жүре сөйлеп, сөзін сабақтады:
– Міне, торы арғымақпен егеске түсетін осы қу шұнақтар. Қалған аттан сонша қауіп жоқ. Ат айдаушы аттарды тізгенде жел жағын ала тұруға тырыс. .*Арғынның Қуандық тайпасынан тарайтын ру аты
Алғашқы сәтте барлығы жел жағын ала шабуға ұмтылар. Сен де жел жағын мол қамти шап. Ештеңе етпейді. Жер шаңдақ, көріп тұрсың. Торы шаң сүймейтін жануар. Тек шаңға көміп алма. Ә дегенде аттың суырылып алға шығуына мүмкіндік бер. Басқаларынан оқ бойы ұзап алған соң барып тізгінді сәл тежей тартып отырарсың. Екі шұнақ жол ортаға дейін тістесе шауып, торыға біраз қысым көрсетер. Содан кейінгіге олардың бабы келгенімен, қарымы жетпес. Сонау сағымдана мұнартқан кезең жолдың қақ жартысы. Сол кезеңге келгенде атқа ерік бер. Байқа, көп қамшылап жібермегің. Тек тізгінді жіберген сәтте, бір-екі рет сауырлата көміп-көміп жібер. Содан кейін сипай қамшылап отырарсың, –деп аттың бабы мен шабар жолды мұқият пысықтап жатқан Иманжүсіптің сөзін:
– Ассалаумағалейкүм, Иман аға, ат бәйгелі болсын! – деген бір топ аттылы жігіттердің үні бөліп жіберді. Аттарынан аунай түскен олар жапырласа келіп сәлем беріп жатыр.
–Уағалейкүміссалам батырлар, айтқандарың келсін!
– Ғафу етіңіз аға, сұрауға рұқсат беріңіз.
– Рұқсат! Не білгілерің келеді, жандарым?
– Елдің аузында сіздің атыңыздың әңгімесі, аға, халық сан-саққа жүгіртеді. Соны өз аузыңыздан естиік деп едік. Торы арғымағыңыз қай жылқының тұқымынан?
Иманжүсіп сәл ойланып қалды. Әңгімеге зауқы соқпай тұрғаны анық. Бірақ жастардың меселін қайтарғанды жөн көрмегендей:
– Есенкелді жылқысының тұқымы, – деп қысқа жауап берді. Келгендердің көсемі атқұмар, аңкөстігімен аты шығып қалған Кентай есімді жігіт еді:
– Имеке, қалай ойлайсыз, торы арғымақ бүгін топ жара ма, – деп төтесінен бір-ақ кетті. Сауалдың батырға ұнамағаны жабырқай түскен жүзінен көрініп тұр:
– Қайдан білейін, Арқаның қу тұяғының қандай өнер шығарарын, – деген Иманжүсіп бар зейінін тас лақтырым жерде тұрған қос бедеуге тікті. Ат иесінің екі-ұшты жауабы мен кейісті үнінен өздерінің қиыс кеткендерін сезген жастар ыңғайсыздана қоштасып, жөней берді.

(жалғасы бар)

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *