Кемпір

— Алдымен кіші қызым кетті. Он үш жыл бұрын. Ал былтыр үлкен қызымды жерледім. Екі-ақ бала көтергенмін. Екеуі де жоқ енді. Өзім ғана қалдым…

— Немерелеріңіз бар ма?
— Кіші қызымда бала болмады. Ал Липаның ұлы, одан бір қыз, бір ұл шөберелерім бар. Қазір Канадада. Бес жыл болды көшіп кеткендеріне. Шешелерін қойғанда да келе алмады. Жалғызбын. Жалғыз тұрамын. Сексен үшке келіп өстіп жалғыз қаламын деп ойлады дейсің бе. Жас кезінде әдемі, тіпті сұлу болған тәрізді. Жанары солмаған. Жүзін терезеге бұрып, алысқа қадалып сөйлейді.
Көзіне ұйқы тығылды. Тұрып кету ыңғайсыз. «Қазір жыласа, мына кісі баламның бар екенін біліп қояды» деп ойлады ол. Содан соң пәтеріне кіргізбек түгіл маңынан жүргізе қоймас.
— Шайды ысытайын ба?
— Мен болдым. Өзің ішпесең, әуре болма.Ол басын шайқап, дастархандағы бос кеселерге қарады.
— Қазір тұрамын, — деді кемпір, — қазір.
Қолын столға тіреп көтерілмек болды да қайта отырды.
— Қазір, қазір.
Ол орнынан тұрып, қолтығынан демемек болып еді, кемпір:
— Өзім. Қазір өзім тұрамын, — деді.
Жақтырмаған сыңайлы.
— Өзіңіз біліңіз.
Дастарханды реттеуге кірісті.
— Немерем телефон соққан. Үйрене алмай жүрмін дейді. Тілі, салты басқа ел ғой. Өзі де жер ортасына келді. Барған соң әйелімен ажырасып кеткен.
— Неге?
— Әй! — кемпір қолын сілтеді, — өздері біледі де. Мұнда тұрғанда да жетіскендері шамалы еді. Андрейдің көзі тая бере ол да қаңғып кететін. Қызып келеді. Телефонмен сөйлеседі. Мені көрмейді, естімейді деп ойлай м екен. Мен бәрін сеземін.
— Шай құяйын ба?
— Кішкене, бір жұтым ғана. Содан кейін тұрамын. Шаршадым. Жату керек.
— Ал Тамара кайта ішіп кетіпті. Нан ұстап ант беріп еді енді аузыма алмаймын деп. Звондасам, мас болып отыр. Жарайды. Міне, тұрдым.
Шынымен, тырмысып күш жинады да орнынан көтерілді.
— Міне, кеттім. Қолым кақсап әкетіп бара жатыр. Ауа райы бұзылар ма екен. Әсіресе шынашағым жан шыдатар емес.
Әр қадамын абайлап басып, өз бөлмесіне беттеген кемпірдің дауысы алыстап түсініксіз күмбірге айналып кетті. Аздан соңмүлде тынышталған. Жатса керек.
Ол ас үйді реттеп болып өз бөлмесіне өтті.
Ернін тістеп, еппен есікті жапты.
— Кішкентай балапан. Ұйықтамай жатырсың ба? Менің бөпем жыламайды екен.
Жөргектерді ашып астын көрді де көтеріп бетіне басты.
— Тәттісің ғой, кішкентай. Орыс апа мамаға не дейді? Орыс апа Тамара көке ішіп кетіпті дей ме? Тамарасы кім екен орыс апаның? Бізден пәтерақы сұраса не бетімізді айтамыз, бөпем? Ертең ақша беріңдер десе қайтеміз. Сенің көзіңді құрт десе не дейміз? Өлтіреміз дейсің бе? Сен қашан өсіп мамаға көмектесесің?
Мұңая қалған ол кереуеттің үстіне қолындағы үлкен, қызыл бет қуыршақты қойды. Содан кейін ауыр күрсініп шамды сөндірген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *