Мұраты бөлек – Мұратқали

Бүгінгі жаһандану заманында ел экономкасына табыс көзінің басым бөлігін зауыттар мен фабрикалар әкелетіні рас. Соның ішінде  еліміздегі іргелі зауыттардың бірі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қазфосфат» зауытының алатын орыны ерекше. Іргелі зауыт Жаңатас пен Қаратау қалаларының құрылу тарихымен тығыз байланысты. Аталмыш зауыттың іргетасы Сарысу ауданындағы қазіргі Жаңатас қаласының маңындағы ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастады. Осылайша Жаңатас 1969 жылы кентке, ал 1971 жылы ондағы жұмысшылармен қатар халық санының өсуіне байланысты кəдімгі қалаға айналып шыға келеді. Міне бұл да бір қаланың көпшілік біле бермейтін ерекше тарихы десек болатындай.

 Əлі күнге шейін қалада бұрынғы фосфорит өндірісінің негізінде құрылған акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер жұмыс істейді. Ал «Қазфосфат» зауыты болса жергілікті елді мекендердің жəне қала тұрғындарының басым бөлігін жұмыспен қамтып отырған бірден-бір алып кəсіпорын десек артық айтқандығымыз емес. Осы алып кәсіпорынды кәдеге жаратып, тіршілік тетігін дөңгелетіп отырған азамат «Қаратау» ТКӨК және «Шолақтау» ТКӨК директоры, «Құрмет» орденінің иегері  Мұратқали Сәрсенов. Іскерлігімен қоса маңайындағы ауылдар мен елдімекен жұртшылығына, қала берді қала тұрығындарына қажетінше қарайласып, әр-кез көмегін аямайтын атпал азамат туралы бүгінгі мақаламызда айтуды жөн көрдік.

       1955 жылы 26 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Қабылтөбе ауылында туып өскен Мұратқали Бақыткерейұлы өзінің осынау үлкен өмірдегі даңғыл жолын жастайынан мақсат етіп қойғандай. Ол  1977 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіре салысымен, еңбек жолын  бірден Орал қаласында құрал-жабдықтарды жөндеу жөніндегі электрослесарі болып бастайды. Еңбекке деген құштарлығы мен іскерлігі жас маман Мұратқалиды ұдайы алға жетелеп отырды. Нәтижесінде 1979 бен 1992 жылдары аралығында Тараз қаласындағы Жаңа Жамбыл фосфорзауытында ауысым шебері, аға шебер, бөлімше бастығы, цех бастығының орынбасары, цех бастығы дәрежесіне шейін көтерілді.

         1992 және 1994 жылдары «Нодфос» Жамбыл өндірістік бірлестігі цех бастығы, 1994 пен 1995 жылдар аралығында  «Цемент зауыты» шағын кәсіпорнының директоры, 1995–1998 жылдары «Нодфос» АҚ цех бастығының орынбасары, цех бастығы болды.

Ал 1998 жылдан бастап 2003 жылға шейін «ЖЖФЗ» ӨК,  цех бастығы, 2003 пен 2005 жылдары аралығында «Қазфосфат» ЖШС ЖФ (ЖЖФЗ) бас механик қызметін атқарса, 2005 жылдан күні бүгінге шейін  «Қазфосфат» ЖШС филиалдары «Қаратау» ТКӨК және «Шолақтау» ТКӨК директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Үлкен салада бар күш-жігерін сарқып, жемісті қызмет етіп келе жатқан тұлғаның еңбегі еленіп, қажетінше биілік тарапынан да тиісті бағасын алып жатыр.

      Атап айтқанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төс белгісінің, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі,   «Қазақстан маслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалі, «2015 жылдың Үздік инженері» медалі және дипломы мен «Құрметті кенші» («Почетный горняк») медалдарының иегері атанды. Бертін келе 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін, 2017 жылы «Еңбек ардагері» және «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2018 жылы «Астана 20 жыл» мерекелік медалі және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін алды. Ал 2019 жылы «Облыстың құрметті депутаты» атағы беріліп, ағымдағы жылы «Қазақстан маслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалі мен «Қазақстан  Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалін алды.

Мұратқали Бақыткерейұлы Қоғамдық тіршіліктің де белортасында жүріп, халықтың игілігі  мен бұқараның ортақ мүддесі үшін жасалып жатақан  игі шаралардан да тыс қалған емес. Сондықтан да болар еңбек адамын жергілікті билік тарапы да Жамбыл облысының Сарысу, Талас аудандарының және Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының Құрметті азаматы атақтарына лайық деп тапты. Мұнымен қоса Сарысу аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл облысы маслихатының соңғы екі шақырылымындағы  депутаты болды.

«Жеріне лайық елі туады, еліне лайық ері туады» деген мақал осындайда ойға оралатыны хақ. Мұратқали Сәрсенов фосфор өндірісі саласында 40 жылдан астам еңбек етіп, күні бүгінге шейін зауыттың өркендеуі жолында аянбай тер төгіп келе жатқан жан. Оның 22 жылында Жаңа Жамбыл фосфор зауытында еңбек етті.   2005 жылғы маусым айынан бері «Қазфосфат» ЖШС-нің филиалы «Қаратау» және «Шолақтау»  тау-кен өңдеу кешендерінің директоры қызметін абыроймен атқарып,  облысымыздың экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді. «Қазфосфат» ЖШС нің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде кен өндіру жұмыстары Талас, Сарысу және Түркістан облысының Созақ аудандары аймағында жүргізіледі. Мұратқалиды жақсы білетін үзеңгілес әріптестері күндіз-түні тынбайтын өндіріс жұмыстарымен қоса, оның осы үш ауданның өзекті мәселелерін шешуден сырт қалмағандығын айтып, риза болады. Әсіресе, 2013 жылы бұрын-соңды болмаған табиғаттың алапат апаты кезінде үш ауданға да үлкен көмек көрсеткен. Жолдар тазаланып, электр жарықтары жөнделіп, түрлі тазалық жұмыстары жүргізілген. Бұдан бері де  үш аудандағы жолдардың қысқы тазалық жұмыстарына үнемі арнайы техника бөлдіріп көмектесіп отырды.

Жалпы алғанда Жамбыл облысын еліміздің химия саласын алға сүйреп келе жатқан өңір деп мол сеніммен айтуға болады. Оның ішінде осы аймақтағы фосфор өндісі посткеңестік елімізден өзге де алпауыт мемлекеттерге айтарлықтай танымал болды. М.Сәрсенов, аталған пайдалы қазбаны өндіруде «Қаратау» таукен өңдеу кешенінің бәсі жоғары еккендігін айтады.

Бұл кәсіпорынның негізін қалаған оқиға алғашқы фосфорит кені 1946 жылы 5 желтоқсан күні өндірілген болатын. Фосфорит кені өндіріле бастағанына міне биыл 74 жыл толды. Бұл күн кәсіпорын күні ретінде тарихта қалды. Жаңа кен көздерінің ашылуына байланысты ел картасында Қаратау мен Жаңатас қалалары пайда болды. Жетпіс төрт жылдың ішінде «Қаратау» таукен өңдеу кешені фосфор өндірісі саласын талап деңгейінде жолға қойып, төрт аяғынан тең тұрып, алыс-жақын шетелдерге танылды. Міне, сол уақыттан бері облысымызда химия өнеркәсібі қанат жая бастады. Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің тұғыры болып қалыптасты.

Фосфор өнімдеріне әлемдік рынокта сұраныстың көбейіп отырғаны компанияның келешекте қазіргіден де көлемді жұмыстар атқаруына тура келетінін білдіреді. Компанияның шығарған өнімдерін Орта Азия мемлекеттері түгел дерлік, Шығыс және Батыс Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығындағы мемлекеттер пайдалануда. Фосфор өнімдерін дайындау мыңдаған адамдардың уақытпен санаспай жұмыс атқарғанының арқасында болатынын біздер жақсы білеміз. Кен орындарын аршып, кен өндіру, оны тасымалдау, ұсақтау, түпкі нәтижеде дайын өнім алу қажырлы еңбекті қажет ететін ұзақ жұмыс жүйесі. 74 жылдық тарихы бар «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда кешен ұжымында 1500 ден аса адам еңбек етуде. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар.

Кәсіпорын аудан өміріндегі әртүрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға үнемі атсалысып отырады. Елді-мекендерді көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына да өзіндік үлесін қосып, әр түрлі демеушілік, қайырымдылық шаралардан кеншілер ұжымы сырт қалған емес, – дейді ол.

       Мұратқали Сәрсенов басшы ғана емес, кісілігі мен кішіпейілділігі жарасқан қайырымды жан. Басқару ісінде бірінші кезекте тәртіпті талап ететін тұлға. «Тәртіп бар жерде, жұмыс та алға басады» деген қағиданы қатаң ұстайды. Әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмеген отбасыларына, мүгедек, ауру жандарға үнемі көмектеседі. Облыс және аудан ардагерлерлерінің, жасы үлкен қария кісілердің меселін қайтарған емес. Тіпті сол кісілердің бірнеше рет киелі орындарға зиарат етіп барып қайтуына қолқабыс жасады. Кешеннің емдеу сауықтыру орнына жеңілдікпен жолдама беруге ықпал етті. Ұлтжанды азамат ретінде ана тіліміздің кешенде қолдану аясын кеңейтті. Мемлекеттік тілдің іс-қағаздарын жүргізуге үлкен қозғау салды. Әріптестері «Мұратқали Бақыткерейұлы басшы болып келгенше мекемеде іс-жүргізу тек ресми тілде ғана болатын. Қазіргі кезде мемлекеттік тілде іс-жүргізуге кешеннің жұмысшы-қызметкерлері әбден төселді» дейді.

 Ауданның құрметті азаматы сол топырақтың мәдениеті мен өнерін дамытуды да назардан тыс қалдырмады. Белгілі жазушысы Дулат Шалқарбаевтың «Дарабоз» романының, жергілікті жазушы Түсіпов Жәкелдің «Жұма батыр» жыр жинағының   өмірге келуіне  және аудан жастарының «Жайдарман» көңілділер мен тапқырлар клубының Нұр-Сұлтан қаласына баруына демеушілік  жасаған. Ал, Кешен қызметкері болса ақын С.Жарылқасынованың әдеби-шығармашылық кешін мазмұнды, қызықты өтуіне қолдау көрсеткен. Ауыл тұрғындары  әлі күнге шейін шексіз алғысын арнайтын игі жақсылығының бірі Қызыл жар-қызыл қыстақ ауылындағы су қоймасын қайта қалпына келтіргені. Тіршілігі тоқтап қалған дамбыны халықтың игілі үшін қайта жөндеуден өткізіген жақсылығы әлі күнге шейін жұрт жадында.

Облыстық маслихаттың депутаты ретінде  сайлаушылардың сұраныс-тілектеріне орай Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы 113 көшенің жөндеу жұмыстарына және газ құбырлары мен электр желілері жеткізілмей қалған екі көшеге облыстық бюджеттен қаржы бөлуге ықпал етті.

         Соңғы екі-үш жылдың көлемінде М.Сәрсенов басқаратын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты нысандарда пайдаланылатын тау-кен өндірісі техникаларын жаңартуда, жаңа технологияларды пайдалануда бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 2018 жылы Б-75131 маркалы 3 дана БелАЗ, 1 дана ЭКГ-10 маркалы экскаватор сатып алынса, былтырғы жылы ауыр жүк таситын 130 тонналық осындай маркалы 6 БелАЗ, 3 экскаватор, 2 бұрғылау қондырғысы, 1 дана Т-20 шой тастарды бұрғылау қондырғысы, 1 дана ТК-3501 маркалы бульдозер, Б-7547 су тасып-шашатын БелАЗ, 1 дана жүк тиегіш техника және электр желілерінің опораларын таситын арнайы техника сатып алынып өндіріске пайдалануда. Жаңа техникалармен толыққан өндірістің жұмысы одан сайын жанданып, қарқын алды.

        Әлемдік бәсекенің алдында жүріп, еліміздің химия саласына терін төгіп жүрген барша «Қаратау» және «Шолақтау»  тау-кен өңдеу кешендері қызметкерлерінің еңбегі ерен. Тиісінше кешен тарапынан жыл сайын мамандар сауықтыру лагеріне жіберіліп отырады.

       «Қазфосфат» ЖШС шынтуайттығына келгенде, ТМД елдері арасында фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші компания ретінде Қазақстан Республикасының фосфор өндіруші өнеркәсібі болып табылады. Қазфосфаттың өнімдері Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға және ішкі рынокқа шығарылады. Компания қызметі Қазақстанның химия саласы кәсіпорындарын дамытудағы өзекті міндеттерді шешуге, әлемдік рынокқа бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға, шикізат өңдеудің жоғары деңгейін көрсететін жоғары технологиялық тауарлар өткеруші ретінде Қазақстан Республикасының бедел-бейнесін жасауға бағытталған.

     

      Табаны күректей 74 жылдық тарихы бар зауыттың келешегі кемел екендігі даусыз. Зауыттың туған күнімен тұспа-тұс келетін тағы бір қуаныштың бірі саналы ғұмырын осы салаға арнаған бүгінгі мақаламаздың басты кейіпкері – Мұратқали Сәрсенов 65 жасқа толып отыр. Атпал азаматты туған күнімет құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен отбасыға берік береке тілейміз. 

 

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *