«Табыстың» толайым табысы

Талас ауданының әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасов пен аудан әкімінің орынбасары Төрехан Қойлыбаев бастаған бөлім басшылары С.Шәкіров ауылдық округіне қарасты қалың құм ішіндегі «Кіші Айдарлы» жайылымында асыл тұқымды қой өсіріп отырған «Табыс» шаруа қожалығында болды.

140 жылқы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 150 млн. теңге несие алып, 3000 бас асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын сатып алып, 5369 қойға дейін өсіріп отырған шаруа қожалықтың ісі ілгері басқаны көрініп-ақ тұрды. Шаруашылық төрағасы Ақжарқын Байсымақ қарындасымыз болғанымен, бар шаруашылық жұмысын ұйымдастырып, жұмысты жүйелеп, айрандай ұйытып отырған Нариман Мәуленов атты Ақжарқынның нағашы ағасы екен.
Сөзіне ісі сай Нариманның білімі мен шаруаға ыңғайы мал басын көбейтіп, оны асылдандыруға өз септігін тигізген.
Қазір мұнда еңбек қазаны қайнап тұр. Шаруашылық меңгерушісі Аязбек Ақынбаевтың басшылығымен ұрықтандырушы – техник Жарқын Қожабеков күніне екі мезгіл қолдан ұрықтандыру жұмыстарымен қызу айналысуда. Еділбай, гиссар тұқымды салмағы 160-180 келі тартатын асыл тұқымды қошқарларды пайдалану арқылы қолдан ұрықтандыру жұмысы сәтті жүргізілуде.
-Біздің асыл тұқымды қой өсіретін «Табыс» шаруа қожалығы өз жұмысын 2018 жылы бастады. Біздің қарамағымызда қазіргі таңда 5098 гектар жер бар. Оның ішінде 78,5 гектар суармалы жер болса, 5019 гектар жер жайылым болып саналады,- деп бастады өз сөзін Нариман бауырымыз,- сондай-ақ жұмысқа 4 жүк мәшинесі, 1 КамАЗ, 1 УАЗ, 1 пикап джип, 1 жатқалы комбайн, 4 қора тазалайтын, 4 шөп орып- жинайтын трактор жұмылдырылған. Мал суару үшін 12 құдық жұмыс істеп, 9 күн панельдері жарық береді. Ал, малшылардың жағдайын өздерінен сұрағандарыңыз дұрыс болар,- деген Нариман бізді сол жердегі шопандарға жолықтырды.
Бізге барлық жағдай жасалған, — деді аға шопан Ратхан Иманбаев,- айлық жалақымыз 200 мың теңге, ай сайын сойысқа бір қой, 1 қап ұн, азық- түліктер, газ толтырылған балон, тағы басқа да керек – жарақтар беріп тұрады. Мұндағы әр отардағы шопандардың бәріне жаңа тұрғын үйлер салынған. Ваннасы мен әжетханасы үйдің ішіне орналасқан, бөлмелер де жеткілікті. Шаруа қожалығы басшыларына деген алғысымыз шексіз. Мұнда 20 адам жұмыс атқарады, барлығына жағдай жасалған. Жақсы жағдайда отырған шопан да малға жақсы қарайтыны белгілі ғой,- деп ол риясыз жымиды.
Иә, табысы тасыған «Табыс» шаруа қожалығының ауызға алар тірліктері көп-ақ.
Жұмысты ұйымдастырушы Нариман Мәуленов малшыларға ең төменгі пайызбен 1 миллион теңгеден несие беріп жатқандарын да айтып өтті. Негізі, бұл несие малшылар да өз малдарының басын көбейту үшін беріледі екен. Олардың ай сайынғы жалақысынан 20 пайыз ұсталып отырады.
Алда атқарар істерің бұдан да көп. Соның бәрін алдын ала жоспарлап, дайын болғандарың дұрыс. Аудан әкімдігі тарапынан да көмек керек болса, дер кезінде хабарласып тұрарсыңдар,- деген Бақыт Алпысбайұлының сөзіне орай:
Иә, болашақта біраз жұмысты еңсеру ойда бар. 3000 бас қойға арналған бордақылау базын соқсақ деп отырмыз. Бордақы малдың етін Дубай мен Иранға сату да жоспарлануда. Сондай-ақ, алынған төлдерден жас асыл тұқымды қошқарларды осы маңайда орналасқан ауыл тұрғындарына 100-120 мың теңгеден берсек деп отырмыз. Бәрі де қойларын асылдандырып, тұқымын өзгертсе деймін,- деген Нариман бауырымыздың сөзіне риза болыстық.
Бүгінгі тірлігіне қарап, «Табыс­тың» табысы тасқындар күндері әлі алда екеніне көзіміз жетті.

Қамысбай Сауқымов,
Талас ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *