Иманжүсіптің әні

Бір көңілсіз сапар болып тұрғаны. Терезесінен күңгірт жарығы өлеусіреген қара көлеңке бөлмеде оңаша отырмын. Тыстан ішін тарта ұлыған боранның ызбарлы үні естіледі. Сұрапылдана түскен боранның өкіре, азынай соққан үні онсыз да дегбірсізденіп отырған көңіліме мазасыздық бұлтын үйіріп, ұйқы-тұйқысы шыққан ішкі әлемімді одан сайын әлемтапырық ете түседі. Осы сапарға бекер-ақ шыққан екенмін деп өкініп те қоямын. Оның үстіне әлгінде ғана мені жолға шығуға көндіріп, қаладағы қым -қуыт тіршілігімнен қол үздіріп алып шыққан жол серігім боранның тым күшейіп кеткенін айтып, қорқытып кетті. Мазасыздануым себепсіз емес. Арқаның бораны, әсіресе «ақырып келген ақпанның ақ бораны» бір күннің ішінде толастамаса үш күнге бір-ақ секіретін мінезі бар. Үш күн ішінде басылмаған боранның аптығы аптаға ұласып, жеті күнсіз саябырси қоймайтын табиғи заңдылықтарын бала кезімнен көріп, біліп өскен басым шынымен өзімді елсіз аралда қалғандай сезіне бастадым. Үш күн қарлы қамаққа тұтқын болу әлгі айтқан қаладағы қым-қуыт тіршілігіңе кәдігімгідей соққы болып тиері анық. Баяғы Біржан сал құсап «кешегі ел қыдырған есер шақта» деп айлап, жылдап салдық құратын заман келмеске кеткен. Қағаз кемірген бюрократ бастығың сенің үш күн түгілі үш сағат жұмысқа кешіккеніңді кешірмейді. Бас салып түсінік жаздыртады. Ол аз болса үстел астынан сөгісін суыра қояды. Әйтеуір сенің қарақан басың оның алдында қашанда қалтаң қағып, мейлінше басыбайлы бола түссе болғаны. Бастық біткенге одан биік мұрат жоқтай көрінеді маған. Әбден ерқашты болған қойторыдай ертеңгі күні бастығым алдында азап шегетін арымды аяп қоямын. Жә, оны қойшы! Күнде көріп жүрген құқайым ғой. Дәл қазір менің көңіліме қаяу түсірген басқа жайлар екенін сезгендеймін. Қай-қайдағы ойлардың құрсауынан құтылмақшы болып, отырған диваныма шалқалай түсіп жата кеттім. Ескі диван жақтырмағандай ыңыранды. Осы ауылға қалай жеткенімді көз алдыма келтіре бастадым.
Қарағандыдан таң ата шыққанбыз. Жолсерігім бұрын көп араласа қоймаған адамым. Менен бір мүшелдей үлкендігі бар. Дембелше келген шикіл сары кісі. Аты Ғинаят. Өзінің айтуынша, өнер адамдарын жақсы көреді. Кезінде шаруасы шалқып тұрған шағында өнерпаздарға жағдай жасап бағыпты. Сөз арасында шапағатына бөленген өнерпаздардың аты-жөнін сұрап едім, ешкімді түстеп айта алмай күмілжіңкіреп қалып, қолма-қол әңгімені әкімдер жайына аударып жіберді. Бұл әңгімесі де алдыңғысымен сарындас. Талай әкіммен тұстас, талайымен істес болыпты. Тіпті, облысты басқаратын дөкейінің өзімен қатар отырып, бір табаққа қол салыпты. Тек жеме-жемге келгенде мұны барлығы сазға отырғыза берген секілді. Ақыры уәде еткен дәмелі қызметтердің біреуі бұйырмапты. Дұрысы бұйыртпапты. Сол себепті шенеуніктермен ат құйрығын кесісіпті. Сондықтан болар, әкім-қараларға деген өкпесі қара қазандай. Әлдекімдерді сықпыртып боқтап қояды. Аузынан ақ май аққан заманнан қалғаны екеуміз мініп келе жатқан тозығы жеткен сары «Жигули».
Біз шыққанда жапалақтап жауып тұрған қардың аяғы ұйтқи соққан боранға айнала бастады. Бірте-бірте күшейе түскен боран алды-артымызға ақ пердесін тұтып, бағанадан бері жүйтки жарысып келе жатқан адырлар көрінбеуге айналды. Тас жолдың үстінде боранның мың сан тілдері сумаңдайды. Осы мың сан тілдердің бір-бірімен уілдей сөйлескенінен құрылған долырған боранның даусы машина моторының шуылымен үндесіп, өзінше дуетпен әндетеді. Мың сан тілдердің әншілігі өз алдына, үдей соққан қарлы боранның күшімен тұрғызылып жатқан жал-жал көлденең бөгесіндерге жиі-жиі киліккен көлігіміз қайта-қайта шоқалақтап, айтып келе жатқан әнінен жаңыла бастады. Қарлы бөгесін көбейіп, оның үстіне сол жақ бүйірден қатая түскен желдің екпінінен ескі «Жигулидің» жүрісі өнбеуге айналған соң жүргізуші серігім әңгімесін доғарып, бар зейінін жолға тікті. Орнаған үнсіздік арқасында өз ойыммен оңаша қалдым. Шолақ тонымның жағасын көтеріп, қаусырынып алдым да, түбіт бөкебайыма иегімді тығып бұйыға түскен бойы жанарымды алысқа тіктім. Екілене түскен боран ештеңе көрсетер емес. Сонда да ақ шілтер жапқан даланы көзіммен тінте отырып, қилы-қилы ой кешемін. Боранды күнгі жүрген жолдың осынау сәті жанымды тәтті мұңға бөлеп, түсініксіз, бірақ рахатты бір күй кештіріп келе жатыр еді…
– Келдік! Жол серігімнің оқыс шыққан көңілді дауысы кәбеңке ішін жаңғыртып жібергені. Бұрын аудан орталығы болған, оңтайландыру науқанынан соң кетеуі кете бастаған шағын кенттің шетіне ілігіппіз. Қар ала бастаған көшелердің бірнешеуінен өтіп барып, той болып жатқан үйге тұмсық тіредік. Той демекші, бүгін Ғинаяттың жиен балдызы үйленіп жатыр. Жас келіннің бетін ашып бер, тойшыл қауымның көңілін көтеріп ән саласың, құтты қонағым боласың деп, кежегем кейін тартып тұрса да, жолға алып шыққан Ғинаятымның жайы келе салысымен «күйеу атымен күл тасының кері» болды. Мен болсам… Иә, бәсе, мен болсам… Тозығы жеткен диванды сықырлатып дел-сал боп жатысым мынау. Қолымды созып жанымда сүйеулі тұрған домбырамды алдым. Құлақ күйін келтірген болдым. Селсоқ шертіс жаңағы үзілген ойдың жосығын жалғауға сеп болды. Біз келген соң, шамалы уақытта той басталды. Бұрынғыдай емес, қазір ауыл қазағы тойды кешке қаратпайтын болған. Тал түсте басталған той бірден қызып сала берді. Тойдың жар-жарын айтқызу, беташар ашу келісім бойынша менің мойнымда. Әуелі келін келгенде жұртқа жар-жар айтқыздым. Жар-жар деген аты ғана. Ешкім бұл жақта жар-жарға қосылмайды. Анығы қосыла алмайды. Бұл өңірдің қазағы тілге шорқақ. Ауылдың дені орысша сөйлейді. Бір екі мосқал әйел аузын жыбырлатқан болды. Оның өзінде ұялғаннан-ау деймін. Бастамаларын ешкім қостай қоймаған соң, олардың да «жар-жарының» аяғы сұйылып кетті. Ақыры жар-жарды жалғыз өзіме айтуға тура келді. Беташарым да жар-жардың кебін құшты. Жас жұбайлар орнына отырған соң, тілек айту басталды. Өңкей орысша тілек. Оқта-текте «арпа ішінде бір бидай» қазақша тілектер де көрініс беріп қояды. Қазақ сөзінің бұл жақта бәсі төмен. Онда әнге не жорық? Сонда да бір екі ән айтқан болдым. «Сен іште, мен іш» болып жатқан ділі орыстанған, тілі шұбарланған елге менің әнім шыбын шаққан құрлы әсер етпегендей. Қызып алған ел асабаға да бой берер емес. Әр жерден барылдаған масаң дауыстар шыға бастады. Хормен қазақ, орыс әндерін айтқан болады. Кілең басы бар, аяғы жоқ әндер.
Мерекенің аяғын тоспай, тойханадан шығып үйге келген едім. Сырттағы боранның уіліне құлағымды түре отырып, тып-тыныш бөлмеде өз ойыммен оңаша арбасамын. Сонда да көңіл шіркін байыз таба алар емес. Құлазыған көңіл әлденені аңсайды. Жабырқаған жанымды домбыра шертіп жұбатқан сияқтанамын. Қай-қайдағы күйлердің басын шалған болдым. Әндердің сұлбасын келтірген болам. Бірақ бойымды билеген ықылассыздық жігерімді құм қылып отыр.
– Қарағым, Иманжүсіптің әнін білесің бе?
Өз құлағыма өзім сенбей, көзіммен қаракөлеңке бөлменің ішін тінте бердім. Бөлменің бір бұрышында тұрған кереует жан біткендей сықырлай бастады. О тоба! Қаракөлеңкеде байқай алмаппын. Кереуеттің үстінде ауру меңдеп, әбден әлсіреген қарт жатыр.
– Балам, білсең Иманжүсіптің әнін айтшы…
Қарттың қарлығыңқы, әлсіз үні маған ажал аузында жатқан жанның ақырғы тілегіндей естілді. Өтініште өксік бардай, жалыныш бардай. Бағанадан тып-тыныш жатқан ол ұзақ булыға жөтеліп, қиналып қалды. Қарияның қаздай шулаған көкірек сырылынан алыстан келе жатқан ақ жауындай ұзақ сырлы әңгіменің сарыны естілгендей. Дәп қазір тілегін орындасам, дімкәс қарттың кеудесінде беріш боп қатқан шемен шер жібіп, шертпе күйдей шертіліп шып-шып шындық ақтарылардай. Ең болмаса, өлмелі шалдың осы өтінішін өтесем, өзімнің де көңіл түкпірімдегі шилі түйін тарқардай. Тым болмаса, күні бойғы жанымды жеген көңілсіздіктің қайтарымы боларын сезгендей, науқас адаммен іштей саудаласқанды доғарып, санамның алыс түкпірінен жаңғырығып келе жатқан ән шумақтарын тірілте бастадым. Әншіге жүз иіс алмастан жалғыз есті құлақ артық. Осы тақілеттес ойлармен арпалыса отырып, домбырамның құлақ күйін көтере келтіріп алдым. Ән айтар кездегі дағдылы отырысыма көшіп алған соң, Иманжүсіптің әнін бастап кеттім.
Абылай аспас Арқаның сары-ай белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Нияздың Аюлыда Қара-ай көлі.

Мен жасымда, жігіттер, топтан астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым.
Қасыма ерген жігіттерге олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.

Екі жағы дарияның қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.
Бір түстеніп аттанған ауылымның,
Қыздары болушы еді маған құмар.

Ауру қарттың көкірек жара күрсінгені естілді. Әннің қалыбына түсе алмай жатқаным өзіме мәлім. Домбырамды көсіп-көсіп жіберіп, әрі кеттім.

Қысырақтың үйірі жирен ала,
Орыс, қазақ байлары жапты жала.
Ерейменді бетке алып шыққанымда,
Алдымнан көрінуші ең Ботақара.

Нем бар еді иесіз көлге барып,
Дұшпаннан кек алмадым сайран салып.
Барамын іш құса боп, амал бар ма,
Теңбіл көк пен ақсауыт үйде қалып.

Күйгенжарды ауылым жанай қонған,
Әкем Құтпан кешегі қандай болған.
Қазы, қарта жемейтін қайран басым,
Түрменің қара наны балдай болған.

Мен қалайша жалғанға тұрақтайын,
Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын.
Аузы түкті кәпірдің талайларын,
Бақыртып сабаушы едім лақтайын.

– Ой десеңші, шіркін дүния-ай, қайран Иманжүсіп-ай, – деген қартымның деміккен әлсіз, бірақ шымыр шыққан даусын қолпаштау деп ұқтым ба, бойымды құмырысқа жыбыр еткізгендей жон арқам шымырлады. Көз алдым бұлдырап, кеудемді шер қысқандай. Домбырамды жігерлене қағып-қағып жіберіп, өлеңнің келесі аузына көшкенімде әннің ішінде жүргенімді түйсіндім.

Ішім өлген, дүние-ай құр сыртым сау,
Маған десең көз жасым жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау!

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіңді алғам.
Есіл, Нұра, Ереймен, Қарақойтас,
Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған.

Қатар қатар өрілген тастарың-ай
Мұнарланып көрінген бастарың-ай.
Сол бір жерлер есіме түскен кезде,
Көзімнен парлап аққан жастарым-ай.

Асыл тұқым алдырдым Қызылжардан,
Өңшең жүйрік шал құйрық, қызыл нардан.
Таң мезгілі болғанда тас буынып,
Ауылына болыстардың салғам ойран.

Тумай жатып өш болды маған болыс,
Аударылды сол үшін талай қоныс.
Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен,
Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс.

Несібімді жазыпты менің түзден,
Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.
Қайран ел, оқта-текке еске түссең,
Шымырлап жас шығады екі көзден.

Қош, аман бол, Сарыарқа өскен жерім,
Кір жуып кіндігімді кескен жерім.
Ертелі-кеш тартысып ұлықтармен,
Шұбыртып маңдайымнан аққан терім.

Күйгенжарға ауылым қона алмайды,
Кері кеткен тірлігім оңа алмайды.
Қырық мың қатын қыпшақтан ұл туса да,
Бірі де Иманжүсіп бола алмайды, ах-ау-ей, – деп ұзақ айтылатын өкінішті, ызалы, кекті, өн бойын ерлік пен батырлықтың рухы кернеген, қайғы мен қасіретке толы толғаулы әнді баяулата бітірдім.
– Рахмет шырағым. Бұл әнді естімегелі қай заман?
Осылай деді де ол, үнсіз қалды. Қарттың көкірек сырылы ғана естіліп тұрған тыныштықты сырттағы боранның ышқына соққан үні бөліп тұр. Үнсіздік тым ұзаққа созылғандай болып көрінді ме: – Ата, Иманжүсіпті көріп пе едіңіз? – дедім шыдай алмай.
– Көргенде қандай!
Қарттың үні күтпеген жерден сауығып кеткендей жарқын шықты.
– Мен Иманжүсіптің атымен бәйгеге шапқанмын.
Түйсігімнің алдамағанына тәубе қылып, демімді ішіме тарттым.
– Жиырма тоғызыншы жылы Жаңаарқада байларды кәмпескелеу науқанының аяқталу құрметіне арналған үлкен той болды. Сонда шаптым. Сен өзің қай жердің баласысың?
– Сол Жаңаарқаданмын…
– Ендеше Қарауылтөбені білетін шығарсың Хан жолындағы*.
– Білемін…
Көз алдыма қиыршық тас алу үшін қаза-қаза қос бүйірін қорқау үңгіп жеген қойдың өлімтігіндей қылып тастаған, ат шаптырым айналасы қоқыс төгетін алаңқайға айналған, әбден сиқы кетіп шөгіп, жер бетінен өшіп бара жатқан тозған төбе келе берді.

* Қарауылтөбе — Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің батысында бес–алты шақырым қашықтықта жатқан шағын төбе. Осы төбенің бауырымен өтетін көне заманнан келе жатқан керуен жолын халық «Хан жолы» деп атаған. Тарихи деректер мен халық жадындағы аңыздарға сүйенсек, Көкшетаудан шыққан Абылай хан Есілді бойлап отырып, Сарысуды кесіп өтіп, осы жол арқылы Бетпақ далаға өткен. Мойынқұм арқылы Талас өзенінмен жоғары өрлеп, 1767, 1770 жылдары қырғыздарға жорық жасағанда осы жолмен жүрген.

(жалғасы бар)

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *