Қордай қарқынды дамып келеді

Бүгінде Жамбыл облысында ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асуда десек, әсіресе, Қордай ауданы – алып құрылыс алаңына айналған. Алғаш рет ауданды жеке дамытуға қосымша 35 миллиардтан астам теңге бағытталды. Бұл қаражат қалай игерілуде, қандай мәселелер бар, бүгінгідей пандемия кезінде жұмысшылар күші жеткілікті ме? Осы және өзге де сауалдар аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың облысымыздағы халқы ең тығыз орналасқан аталған ауданға кезекті жұмыс сапары барысында негізге алынды.

Тұрғындардың қалыпты өмір сүруі үшін ең алдымен шешілуі тиіс қажеттіліктердің бірі ол – таза ауыз су мәселесі. Сондықтан облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Арал ауылындағы су қабылдағыш нысан және су құбырының құрылысы барысымен танысудан бастады. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл бұл бағытта 2,7 миллиард теңгенің алты жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Кенен ауылындағы су құбырын тарту жобасы тапсырылу кезеңінде десек, Қаракемер, Қордай және Отар ауылдарындағы жұмыстар 80 пайызға, Өтеген және Арал ауылдарында 90 пайызға аяқталған. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 73-тен 78 пайызға дейін артады деп күтілуде.
Арал ауылындағы нысанға келетін болсақ, мұнда тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Тіпті артизан суы да кәдеге аспақ. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі Арал ауылынан 1,2 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде ондағы ішкі желілер ылғал қабылдауға дайын. Орталықтандырылған су құбыры 280 абонентке қызмет көрсетіп бастамақ. Мердігер «ТемірСтройСервис и К» ЖШС сорғының жеткізілуін тосуда. Қазір аумақты жарықтандырумен және абаттандыру жұмыстарымен айналысуда.
Аймақ басшысы нысанды іске қосу кестесін сақтауға және алдағы уақытта сумен үздіксіз қамтамасыз етуге баса назар аударды.
Тұрғындарды газбен қамтамасыз ету де басты қажеттіліктердің тізімінен орын алатыны сөзсіз. Осы орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданның 12 ауылдық елді мекенін және салынып жатқан биофармацевтикалық зауытты газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Отар» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жобасы жүзеге асуда. Аймақ басшысына Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айрықша мәселелердің жоқтығын, нысан 60 пайызға дайын екендігін жеткізді. Қазір электр қондырғылары орнатылуда. Сондай-ақ, тоғыз блоктың ішкі орамасын жүргізу, аумақты абаттандыру қажет. АГТС-ті ағымдағы жылдың 25 желтоқсанынан кешіктірмей пайдалануға беру жоспарланған.
Бердібек Сапарбаев ауа райының суымай тұрғанын пайдаланып, жұмыс қарқынын барынша арттыруды тапсырды.
Тұрғын үймен қамту да – тұрмыс сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірегейі. Осы орайда Қордай ауылында бүгінде бірнеше көп қабатты үйлер бой көтеруде десек, олардың екеуін «Батыс» тұрғын алқабында «Агроспецстрой» ЖШС салуда. 60 пәтерлік қос үйдің бірі кірпіштен, екіншісі газаблоктардан тұрғызылуда. Оған жақын маңнан саябақ және әлеуметтік нысандар салу жоспарлануда. Қазіргі күнде 1524 қордайлық тұрғын үй кезегінде тұрғанын тілге тиек етсек, олардың кейбірі осы жылдың соңына дейін қоныс тойын тойлайтын болады.
Облыс әкімі үйлердің қасбеттеріне ерекше назар аударуды, қажет болса, тәжірибелі сәулетшілер мен дизайнерлерді және қабырғаларға органикалық муралдар салу үшін суретшілерді тартуды тапсырды.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жаңа биофармацевтикалық зауыты Қордай ауданының дамуына айтарлықтай серпін беруге қауқарлы Аймақ басшысы еуропалық технология бойынша салынып жатқан өндіріс құрылысының барысымен танысты. Зауыт өнімдері, вакциналар әлемдік фармацевтикалық нарықтарда сатылады деп күтілуде.
Техникалық бақылау өкілі Рахманқұл Байтелиевтің айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл аяқталып, жабдықтардың бір бөлігі жеткізілмек. Ал, негізгі бөлігі 2021 жылы орнатылады. Себебі, оларды дайындауға 8-9 айлық уақыт қажет екен. Қазіргі уақытта барлық инженерлік коммуникациялар жүргізіліп, жұмысқа 145 адам мен 30 техника жұмылдырылған. Алдын ала болжам бойынша, зауыт келесі жылдың бірінші тоқсанында өз жұмысын бастауы мүмкін.
Сондай-ақ, «Агроспецстрой» ЖШС Әлжан ана ауылында құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінінің құрылысымен айналысуда. Игі іске тиісті қаржыны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бөлген. Бас директор Марат Рахымбердиевтің айтуынша, спорт залдарына қосымша жарықтар орнатылған десек, мұнда балалар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылдана алады. Мердігер кешеннің Тәуелсіздік күніне орай пайдалануға берілетініне сендірді.
Осы ауылдағы 1972 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп бүгінде қайта жаңғыртылған. Адам танымастай өзгерген нысанның шатыры, едені, жылыту жүйелері ауыстырылып, жылы дәретхана, су және газбен қамтылып, 27 бейнекамера орнатылған. Спорт залдан әлі күнге жаңа бояудың исі сезіледі десек, ал акт залындағы сахна пердесін мұғалімдердің өздері тігіпті. Бүгінгі таңда жалпы 868 оқушының бастауыш сыныптардағы 320 оқушысы мектепте, қалғаны қашықтан білім алуда.
Бердібек Сапарбаев дәстүрлі форматта өтетін сабақтарда әлеуметтік арақашықтықты сақтауды, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауды тапсырды.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *