АБАЙ ЖӘНЕ МУЗЫКА

Абай туындыларының уақыты мен ғұмыры шексіз. Ол — көпқырлы шығармашыл ойшыл ғұлама: ақын, ағартушы, рухани ұстаз, композитор. Қазақ әншілік өнерінің тарихында ұлы Абай әндерінің алатын өзіндік орны ерекше. Абай өз әндерін халыққа таныту мақсатында шығармады. Ұлы ақынның жан дүниесі музыкамен терең байланыста болды. Оның әндері халықты әсемдікке, сұлулыққа, тазалыққа тәрбиеледі және халықтың рухани — мәдени болмысын қалыптастырды.

Абай Әжесі Зере мен анасы Ұлжанның махаббатына бөленіп өсіп, олардан әнге, ертегіге, аңыздар мен дастандарға құмарлықпен қарауды үйренді. Солар арқылы өнерге деген сүйіспеншілігі ерте оянды. Әжесі Зере ауылға өнерпаздарды, жыр айтатын үлкен қонақтарды арнайы шақыруымен Абайдың өнерге деген құмарын ашқан. Абай туған ауылға қонақ көп келетін болған. Соның ішінде елге өнеге болар тұлғалар көп қонақтапты. Сондай қонақтың бірі — Біржан сал. Оның ауылға келуі Абай үшін үлкен әсер қалдырды. Қарасөздің хас шебері ұлы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында осы екі өнер тұлғаларының кездесу оқиғасын асқан шабытпен, үлкен шеберлікпен суреттеген. Туындыдан Біржан мен Абай бейнелері арқылы қазақ өнерінің киелі қасиеті, ұлы даналық пен дарындылық көрінеді. Абай мен Біржан салды бір-бірімен табыстырып, сырластырған да – осы ән құдіреті болатын. Абай Біржан салдың өнеріне өзгеше таңырқап, әндерін еліте, беріле тыңдады. Әнші Біржанның ақын Абаймен шығармашылық байланысының нәтижесі – бір ғана ән емес, өмірлік сабақ, кейінгі ұрпаққа тәрбие болар өнегелік тәлім болды. Абай аулында болуы — Біржанның күрделі де қиын шығармашылық өміріндегі ең жарқын күндерінің бірі еді. Біржанның Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңіне ерекше сазды, өзгеше бітімді ән шығаруы осының дәлелі болса керек. Абай Біржан әндерінен халық үнін, халық арманын, сәулетті болашағын, ізгі бақытты өмірге талпынған арманшыл жастардың сезімін сезді. Сол арқылы шабыттанып, өзінің сазды шығармаларына арқау етті.
Ақын әндерінің ең шұрайлысының бірі – «Сегізаяқ» әні. Оның әуезділігімен қатар, философиялық мәні терең. Бұл әнде ақынның талай өмір өткелдерінен өтіп, талай күресті бастан кешіргендігі және ән мазмұнының мыңмен жалғыз алысқан ауыр жағдайдан туындағаны байқалып тұрады.
«Жартасқа бардым,
Күнде айхай салдым,
Одан да шықты жаңғырық»,- деген өлең жолында қазақ еліне арналған күйінішінің бір көрінісі байқалады. Айтылған сөзден тіпті жартастың өзі жаңғырып, кері жауап қатады. Ал елім менің айтқанымнан түйін түмеді, жауап қатпады дейді ақын.
Әндегі ащы шындық, халқына ашына ақтарыла айтқан ақылы, бұл әннің құдіретінің тым жоғары екендігін байқатады.
Абай әншілік өнердің қасиетін бар жан тәнімен, жүрегімен терең түсінетін. Сондықтан болар әр әннің атқарар қоғамдық міндетіне аса ерекше мән берді.
«Қараңғы түнде тау қалғып» әні арқылы Абай қазақ ән өнеріне тың мазмұн қосты. Бұл ән халықтарды өзара достыққа, бейбітшілікке шақыратын қасиетке ие болғандықтан, қазақ әншілік өнерінің мәртебесін тағы бір биікке жоғарылатты.
Ал жастар арасында Абай әндерінің ішіндегі ең танымалы — «Желсіз түнде жарық ай». Әнде нәзік ғашықтық сезім табиғаттың таңғажайып тербелісімен үндесіп, жүрекке жылы әуенмен жетеді. Екі ғашықтың тулаған жүректері мен қазақтың ақжарқын, ұяң жүзді, ай бейнелі сұлу қызының шынайы бейнесі суретеледі.
Бұдан кейінгі махаббат лирикасындағы ерекше әні — «Татьянаның әні». Бұл туындыда Абай әйел дүниесінің сезімтал ішкі сырын, оның нәзік көңіл-күйін әсерлі музыкалық тіл арқылы көркемдік биік деңгейде бейнелейді.
Абайдың заманында да өлеңге ебі бар жастар көп болды. Олардың әрбірі ақын шығарған әндерді ыңылдап айта жүріп, халық арасына кең таралуына себепші болды. Абай ауылы ақындықтың ауылы ғана емес, әншіліктің де ауылы болды. Абайды ең әуелі әнге баулаған сүйген жары Әйгерім еді. Ақынды Әйгерімге ғашық еткен де осы ән құдіреті болған.
Ұлы ақын мұрасында 60-70 ке жуық әндер бар. Бүгінгі таңда Абай әндері бүкіл әлемге кең тарап, көптеген тілде айтылуда. Абай әндері өзі өмір сүрген дәуірдің шежіресі, ғасыр үні, тарих үні. Сол себепті Абай әндерінің басқа әндерден алар орны өзгеше.
«Абайды құрметтеу — өзіңді, құрметтеу, Абайды қастерлеу — ұлтыңды қастерлеу» — деп М. Жолдасбеков ағамыз айтқандай Абай өнегесі мәңгілік жадымызда болғай! Қазақ халқының мәдени-рухани қазынасы әманда Абай армандаған биіктен көріне берсін!

Мая ӘЗІМҚҰЛОВА,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану орталығының
кіші ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *