Тараздық тоғызқұмалақшылардың тартысты турнирі

Адамзат өркениеті мен әр ұлт мәдениетінің қалыптасып, жетілу барысындағы зияткерлік ойындардың орны айрықша. Ғасырлар бойы олар үздіктерді анықтайтын спорттық бәсеке, жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды орын алуда. Ой ұшқырлығы, қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда. Адамның тапқырлығы мен табандылығын дамытуда және осындай жақсы әдеттрге баланы баулуда тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындардың пайдасы зор.

Бағзыдағы бабаларымыздан бізге мұра болып жеткен тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі десек артық айтқандық емес. Жас баладан қарияларға шейін жанталасып, ерекше қызығушылықпен ойнайтын осы бір спорт түрін бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Барлық ойыншылар мен жаттықтырушылар, тоғызқұмалақ насихатшылары мыңдаған жыл тарихы бар төл ойынымызды жандандырып, түлету арқылы мәдени мұрамызды жаңа деңгейге көтеруде.
Ұлттық спорт түрін дамыту үшін түрлі шаралар жасалуда. Осы мақсатта Жамбыл жерінде де тоғызқұмалаққа қайта ден қойылып келеді. Өткен аптаның ортасында қала күніне орай Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта тоғызқұмалақтан ересектер мен жастар арасында турнир өтті. Алтын Орданың 750 жылдыған арналған жарысқа бас-аяғы 36 ойыншы қатысып бақтарын сынады. Ойынның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Батырбек Құлекеев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жыл сайын облыс көлемінде тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылатын. Былтыр орталық алаңға шатыр тігіп, екі ай қала тұрғындарына тоғызқұмалақ ойынын тегін үйреттік. Қаладағы барлық мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды. Нәтижесіне осы ойынға қызығушылық танытатын жастардың қатары жыл санап артып келеді. Сондай-ақ өткен жылы Түркияның Кемер қаласында тоғызқұмалақтан әлем біріншілігі өтті. Он күнге созылған сапарға Тараз қаласынан 8 адам барып қатысты. Ал, биыл елдегі жағдайға байланысты жарысты тек қала көлемінде ғана өткізіп отырмыз. Жуырда осы Қ.Рысқұлбеков саябағына мәрмәрдән тоғықұмалақ ойнауға арналған үстел орнаттық. Енді қала тұрғындары кез-келген уақытта келіп, ұлттық ойынды үйренсе әбден болады, – деді Батырбек Әбдрәсілұлы.
Бұдан соң, тоғызқұмалақшылардың арасында қарсыластар жеребе тарту рәсімі бойынша анықталып, жарыс басталып кетті. Ересектердің тобында жасы алпысты алқымдаған ел ағалары да бар. Барлығы ойын басталғаннан қызу додаға белшеше кірісіп кетті. Қатысушылардың арасында облыстық, республикалық тоғызқұмалақшылар жарысына қатысып жүрген сақа ойншылар да қатысты. Солардың бірі Ришад Шәмілдің айтуынша соңғы уақыттарда аталмыш спорт түріне өңірде қолдау артып келеді. Дей тұрғанмен бұл уақытқа дейін облыстың мәртебесі үшін республикалық турнирларда сынға түсіп, жүлде тұғырынан көрінгеннің өзінде құр дипломның өзімен қайтқан.
– Былтырғы жылы республикалық үлкен турнирде Жамбыл облысы құрама командасынан 5 қатысушы бардық. Бұл командалық жарыс болатын. Командалық жарыста өздеріңіз білесіздер жекелей емес, қатысушылар команданың атынан сынға түсіп, беске-бес болып, ұпайды сарапқа салады. Сол жарыста Тараздық тоғызқұмалақшылардың ересектер ұүрамасы тарихында болмаған жойқын нәтиже көрсетіп, командамыз екінші орынға қол жеткізді. Бұған дейін мұндай көрсеткіш болмаған. Өйткені Қазақстандық тоғызқұмалақ бәсексінде Павлодар, Шымкент және Атырау қалаларының шоқтығы биік, бас бәйгелерді бермей келген. Алыстан ат терлетіп барған соң облыстың абыройы үшін барыңды саласың. Артылған үміт мол. Сол үмітті ақтап жеңіспен оралғанда бір медаль мен диплом ғана алдық. Бар ынта-жігерді салып, ойға күш түсірген осындай үлкен бәсекеде тек бір ғана алғыс хатпен шектелетіні қынжылтады.
Қазіргі таңда енді-енді тоғызқұмалаққа өңірімзде қолдау күшейіп келеді. Өзім спорт шеберлігіне үміткермін. Жекелей қатысқан республикалық жарыстарымда бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленіп келемін. Қазіргі таңда осы жарыс түріне жасөспірімдерді үйретіп, ұлттық спортымызға баулып отырған бапкермін, – дейді ол.
Иә, расында тоғызқұмалақ – төл спортымыз. Футбол – аяқ доп шеберлерінің, жүйріктердің жарысы болса, тоғызқұмалақта ой жүйріктері жарысады. Оңай емес. Оңай еместігін ойнағанда барып түсіндік. Жалпы тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналатын ойын. Ойын тақтасында 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақ болады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Ой ұшқырлығы мен есепке жүйріктік сынға түскенде шыдамдылық һәм сабыр да керек. Тоғызқұмалақтан мен де жасөспірімдер арасындағы 2011 жылғы қола жүлдегері болдым. Сол бағымды тағы бір сынап соңына шейін ұтып шығуға тырысып бақтым. Бір жарым сағатқа созылған ойын нәтижесінде, қарсыласымнан ақыры жеңіліс таптым.
«Тоғызқұмалақ – ой майданы» дейді іргелес үстелде ойнап отырған қатысушылардың бірі. Шындығында да ой майданында облыстың намысын қорғап, жүлде тұғырынан көрніп жүрген спортышыларымызды бар болғаны бір жапырақ мақтау қағазымен марапаттап жүрсміз бе?.. Аяқ доп шеберлері айына миллиондап айлық алып жатқанда, ұлттық спортымыздың ұлдары неліктен бір реттік сыйақыға жарымай жүр. Осы сұрақтар көңілімізді күпті еткенін жасыра алмаймыз. Алдағы уақтта жергілікті билік тарапы осыған назар аударды деп сенеміз.
Айтпақшы, аталмыш жарыстың қорытындысы бойынша ересектер арасында бірінші орынды біз аз-кем әңгімелескен Ришад Шәміл алса, жастар арасында Әсет Сейтбекова үздік атанды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында ұйымдастырылған ойында үшінші орынға екі бірдей тоғызқұмалақшы ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломмен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *