Қажымұқан ұшағының ұшқышы кім?

Атақты Қажымұқан балуанның Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің жинаған қаржысын әскери ұшақ жасату үшін жалпыхалықтық қорға қосқанын елдің бәрі жақсы біледі. Бұл туралы оқулықтар мен энциклопедияларда, жазушы С.Бақбергеновтің «Он үшінші ойыншы» кітабына кірген «Самолет қанша тұрады?» атты деректі әңгімесінде жеткілікті айтылған. Ал балуан қаржысына жасалған сол ұшақтың жүргізушісі Қажытай Шалабаев ше? Ол туралы біз не білеміз?

Қажекең қаржысына жасалған әскери ұшақты майдан даласында қабылдап алған Қажытай Шалабаевпен мен ең алғаш 1984 жылы қаңтарда Семей қаласында ақын Мерғали Ибраевтың таныстыруымен кездескен едім. Кейін 1989 және 1991 жылдары ол кісімен екінші және үшінші рет жүздесіп, «Қазақтелефильмнің» тапсырмасы бойынша кинорежиссер Тыныбек Танин екеуміз деректі фильм жасап шығардық. Есімде қалғаны – даңқты ұшқыштың үйі Семейдегі Ф.М.Достоевский мұрaжайының жанындағы былайғы ел «Рамазановтың үйі» деп атап кеткен төрт қабатты мекенжайдың шеткі подъезінде болатын. Қажытай ағаның ол кезде облыстық аэропорттағы істеп жүрген жұмысынан зейнеткерлікке жаңадан шыққан кезі еді. Өмірдің ыстық-суығынан өтіп ысылған, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сыйлы ақсақал атанған ол кісінің әңгімелерінен балалық шағы, соғыс жылдарындағы бастан өткергендері, Қажекең жіберген әскери ұшақты қабылдап алып, кейін атақты балуанмен қалай кездескені жөнінде мен төмендегі жайларды ұқтым.
Ол кісі 1922 жылы сол Семей қаласында туған. Бір жасқа келгенде әкесі көз жұмады да анасының тәрбиелеуімен 7 жылдық мектепті бітіріп, содан соң былғары зауытында тері сұрыптаушы болып еңбек жолын бастайды. Осы жерде жүргенде қазақ жастарынан ұшқыштар дайындау керек деген комсомолдық ұранмен 1940 жылы Ақтөбе қаласындағы әскери әуе училищесіне жіберіледі.
– Алғашқы оқу жылында көп нәрсені үйрендік, көп нәрсені меңгердік,– деген болатын сонда әңгіме иесі. – Сегіз ай ішінде жаттығу ұшағын бөлшектеп, оны қайтадан құрастыра алатын дәрежеге жеттік. Содан кейінгі екі айда парашютпен секіруге машықтандық. Жыл толғанда Ақтөбе аспанында темір сұңқармен қалықтадық. Оқуымызды бітіріп, тезірек бейбіт еңбекке араласқымыз келетін. Бірақ, бұл ойымыздың шырқын соғыс бұзды ғой. 1941 жылдың жаз, күз айларында жаттығу алаңындағы жұмысымыз қиындап кетті. Күніне 12-14 сағат оқимыз, аэродромнан шықпаймыз. Ақыры оқу бағдарламасы да бітіп, өзіммен бірге оқитын 70 курсанттың ішінен мен және тағы бес жігіт сарапшылар комиссиясының шешімімен Солтүстік Кавказдағы истребитель ұшқыштарын даярлайтын арнаулы мектепке жіберілдік. Тағы да оқу… Жаттығу… Содан қойшы, бұл жерден 1942 жылдың қысында Ленинград майданы бағытындағы әуе армиясының 184-дивизиясындағы 701-ұшқыштар полкына жолдама алдық.
– Қажымұқан бабамыз жасатқан ұшақ майданға қалай келді? Ол сізге не үшін және қандай жағдайға байланысты табыс етілген еді?
– 1944 жылдың желтоқсанының аяғы болатын. Кезекті тапсырманы орындап, жертөлеге кірген бетіміз еді. Жолдастарым түнгі ұйқыға бас қойды. Мен ағаш сәкіде ары аунап, бері аунап мазасызданғаннан соң далаға темекі тартуға шықтым. Осы мезетте есік алдына «полуторка» машинасы келіп тоқтады. Одан түскен екі адам күзетшімен күңкілдесе сөйлесіп болған соң маған қарай беттеді.
– Аға лейтенант Шалабаевсыз ба? Сізді полк штабына алып кетуге келдік. Жиналыңыз,– деді біреуі.
– Неге?
– Бұйрық солай.
Содан бір жарым сағат өткен соң мен полк штабына жетіп, полковник Семеновтің қабылдауында отырдым.
– Қане, Шалабаев, биле! Саған ауылдағы атаңнан сыйлық келді. Ол кісі өз қаржысына әскери ұшақ жасап, біздің армияға жіберіпті. Киімдеріңді ретке келтір, орден-медаліңді тақ,– деді командирім қуақылана күліп.
– Түсінбей тұрмын, жолдас полковник. Маған сыйлық жіберген кім? Семейде тұратын жалғыз шешемнен басқа ешкімім жоқ. Қайдағы, қандай ата ол?
– Ондай сөзді қой. Артыңда Қазақстан секілді елің барда сен қайдан жалғыз боласың? Одан да жолға дайындал.
…Сол күні түстен кейін біздің полктан 15 шақырым жердегі дивизия штабының маңында үлкен митинг болды. Сөз алған командирдің бірі ел алдында тұрып, төмендегідей бұйрықты оқыды. «Күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, бауырлас қазақ халқының батыр ұлы, есімі Отанымыздың мақтанышына айналған Қажымұқан Мұңайтпасовтың аталық тілегін Жоғарғы Бас қолбасшы қабыл алды. Оның өз қаржысына жасатқан әскери әуе машинасы бұйрық бойынша, армиядағы ең таңдаулы ұшқыш, аға лейтенант, даңқты балуанның жерлесі Қажытай Шалабаевқа тапсырылады!»
Мына сөзді естігенде жүрегім аттай тулап қоя берді. Атым аталғанда буындарым сәл-пәл дірілдей мінбеге көтерілдім. Көрсетілген сенімге рахмет айтып, тапсырылғалы отырған әскери машинаны әрдайым жауынгерлік дайындықта ұстауға, Жеңіс күніне дейін оны көзімнің қарашығындай сақтауға уәде бердім. Содан соң аэродромға беттедік. Ұшу алаңының ортасына келгенде басқалардан оқшау тұрған су жаңа ұшақты көзім шалды. «Қазан қаласынан әкелінді, бұл жерде тұрғанына бүгін үшінші күн»,– деп түсінік берді аэродром коменданты. Сөйтті де әскери машина үстіндегі брезент жапқышты сыпырғанда оның бүйірінен бәріміз: «Летчику – казаху, от Хаджи-Мухана»,– деген жазуды оқыдық.
– Қажекең жіберген осы әскери ұшақпен қанша әуе шайқасына қатыстыңыз?
– Мен, қарағым, соғыс жылдарында аспанға 217 рет көтеріліп, түрлі әскери тапсырмалар мен операцияларды орындаған жанмын. Соның 70-ке жуығы өзіміз сөз етіп отырған осы әскери машинаның еншісіне тиеді. Берген сертке беріктік таныттым. Балуан бабаның маған берген ұшағы Жеңіс күніне аман-сау жетті.
Осыдан кейін біз үй иесінен аталмыш ұшақтың кейінгі тағдыры, Қажытай ағаның осы темір қанат әуе кемесімен қай жерде қоштасқаны және оның Қажекеңмен қалай кездескені туралы сұрадық.
– Жеңіс күнінен кейін, – деп жауап берген болатын жоғарыдағы сауалдарға ардагер аға ойлана тіл қатып,– демалысқа шықтық. Елге қайтамыз деп елегізіп жүрген күндердің бірінде штабқа телеграмма келмесі бар ма? Онда менің Қажымұқан баба ұшағымен 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына қатысуымның қажет екені айтылыпты. Мұны естіген эскадрилья жігіттері мені, менің темір қанат сұңқарымды жабылып жүріп жолға әзірледі. Бірақ 24 маусым күні ауа райы өте қолайсыз болып, аспанды бұлт қаптап тұрды да, Қызыл алаңдағы мерекеге әуе күштері ұшып шыға алмады. Оған өкінбеймін, себебі, басшыларымыз бізден, яғни ұшқыштардан шұғыл арада жеке колонна жасақтады да жаяу әскерлер сапына қосып жіберді. Сөйтіп, Жеңіс парадына да қатыстым.
«Бұл ұшақпен қай жерде қоштастыңыз? – деген сауалыңа бір ғана сөзбен: «Керпач қаласында» деп жауап бере аламын. Иә, даңқты балуан жіберген әскери ұшақты мен сол қаладағы аэродромда қалдырдым. Ол Мәскеуден онша алыс емес елді мекен еді. Бұл 1945 жылдың тамыз айы болатын.
Ал енді Қажекеңмен қалай кездескенімді айтайын. Әскерден қайтып, Алматыға келдім де Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады деп естіген Қажекеңе сәлем беруге ойым кетті. Елді, туған жерді, көп жыл көрмеген анамды қанша сағынсам да атағы аңыз болған жанға баруды өзімнің парызым деп білдім. Әлі күнге дейін көз алдымда, күздің күні еді, Темір стансасының маңайы болуы керек, Ақтөбе ауылына келдік. Балуан көрші бір колхозға жолаушылап кеткен екен, екі-үш күннен соң жүздестік.
– Енді менің арманым жоқ, балам,– деді танысып, біліскеннен кейін қайран Қажекең. – Еңбегім елім үшін деген жан едім. Шүкір, ол үмітім ақталды. Сағымды сындырмадың, рақмет, қарағым!
Сол жолы қарт балуан екеуміз көп сөйлестік, көп әңгімелестік. Ол кісі менің Теміржан деген нағашымды танитын болып шықты. Керекуден Семейге барып жүрген сапарларында «6 февраль» кемесінің матросы әлгі нағашыммен Қажекең талай жүздескен екен. Содан қойшы, қарт балуан бір жетіге дейін мені өзінің қасынан ешқайда жібермеді. Ақыры майданнан келе жатқанымды, анамды көптеп бері көрмегенімді естігеннен соң ғана барып батасын беріп, риза көңілмен шығарып салды.
1984-1991 жылдар аралығындағы үш кездесуде даңқты ұшқыш Қажытай Шалабаевтан мен міне, жоғарыдағыдай деректерге қаныққан едім. Есімде қалған тағы бір жайт, ардагер ағаның әулетімен ұшқыштар отба¬ынан тұратындығы болатын. Тұңғышы Ғазиз сол кезде «АН-2» ұшағының командирі, одан кейінгі ұлы Талғат та солай, «АН-2» ұшағының ұшқышы болатын. Қызы Рәзия «ЯК-40» әуе кемесінде стюардесса еді. Ал олардың бәрінің анасы, Қажытай ағаның зайыбы Рәбиға апай Семей аэропортындағы жүк тасымалдау бөлімінің смена бастығытын.
Қажытай ағамен соңғы рет 1991 жылғы желтоқсанда хабарласқаным бар. Ол «Қазақтелефильмдегі» кинорежиссер Тыныбек Танин екеуміздің «Қажымұқан мен Қажытай» атты деректі киноның шыққандығын хабарлауым еді. Ол кісі бұған рақмет айтып, ризашылығын білдірген.

Жанболат АУПБАЕВ,
журналист-жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *