Болат Үмбетәліұлы Бекжанов

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Тараз қаласы және Талас ауданының Құрметті азаматы Болат Бекжанов 62 жасқа қараған шағында жарық жалғаннан өтті.
Ол 1958 жылдың төртінші қарашасында Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген. Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы сол кездегі облыстық Абай атындағы қазақ драма театрында актер болып бастағанын жұрт жақсы біледі. Бұдан соң 1982 жылы Ойық кеңшарындағы Мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері болып қызмет етті.
1989 жылдан облыстық телерадио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор, «Ақ жол» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлық этнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің әдеби қызметкері, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз жөніндегі хатшысы болып еңбек еткен. 2005-2010 жылдар аралығында облыстық «АрАй» қоғамдық саяси және танымдық жастар газетінің Бас редакторы қызметін атқарды. Кейін Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде бас редактор, Театр.kz журналының редакторы болып тер төкті. Өмірінің соңғы жылдарында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры қызметінде болды.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына және қалың оқырманына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *