Сүтті мал шаруашылығына арналды

Бүгінгі таңда, ауданымызда аудан әкімдігі ғылым мен өндірістің интеграциясы бағытында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, отандық өнімді дамыту, қолдау және жарнамалау мақсатында қоян-қолтық жұмыстар атқаруда.

Осы мақсатта, ауданға жұмыс сапарымен келген университет ғалымдары Сарыкемер ауылындағы №3 Байзақ колледжінде бас қосты. «Сүтті мал шаруашылығы» тақырыбын қаузаған семинарды аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков ашып, жиын қатысушыларына университет ғалымдарын таныстырды. Семинар барысында “Агродаму” басқармасының жобаларды коммерциализациялау және ақпараттық кеңес беру жұмысы бөлімінің бастығы, профессор Сауле Темірбек Қазақ ұлттық аграрлық университеті туралы мәлімет берсе, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Серғалы Мырзақұлов сиырлардың ұдайы өндірістік қабілеттерінің сүт өнімділігіне әсері және оларды жақсарту жөнінде баяндама жасады. Сонымен бірге, аталмыш университеттің акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының профессоры Қанат Орынханов, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының профессоры Қырғызбай Бегімбеков, акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD дәрігер Жанат Бименова сүтті сиырлардың маститтері, диагностикасы және емі, ірі қара мал шаруашылықтарында сауын сиырларды дұрыс азықтандыру және күтіп – бағу технологиялары туралы кеңінен түсінік берді.
Семинар соңы оған қатысушылар арасында өзара пікір алмасуға ұласумен қорытындыланды.
Түс ауа университет ғалымдары бастаған топ ауданның сүтті мал шаруашылығымен айналысатын Бәйтерек ауылдық округіндегі «Нұрлы жай» және «Ағали» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *