«ECO CHICKEN» мол мүмкіндік береді

Құс етіне деген сұраныс қашанда жоғары. Елімізде ірі қара мал етінен кейін ең көп тұтынылатыны да құс еті екен. Мұның бір себебі – ол өзге еттерден бағасының салыстырмалы түрде төмендігінен. Десе де, өзге азық-түлік тауарларымен бірге құс етінің бағасы жылда тұрақты түрде өсіп келеді.

Бағаның қымбаттауының себептері көп, алайда ең бастысы – құс етінің басым бөлігі елімізге Ресей мен Белорусь және өзге шет елдерден әкелінеді. Ал, Жамбыл облысына шамамен 18 мың тонна құс еті сырттан келеді, яғни өңір экспортқа тәуелді.
Қордай ауданында құс етін өндіруді «ECO CHICKEN» құс фермасы бастады. Бұл жобаны аудандағы белгілі «Қордай-Корм» ЖШС-нің басшысы Талғат Сәрсенбаев қолға алды. Құрама жем өндіру нарығында үш жылдай жемісті еңбек етіп жүрген серіктестік жиналған тәжірибенің арқасында нарықты зерттей келе құс өсіру ісін бастаған. Жоба 2018 жылдан бері қолға алынған болса, өткен жылдың қараша айында «сэндвич-панельдерден» құрастырылған алғашқы модуль іске қосылды.
Қыс мезгілінде -35 градус, жаз айларында +40 градус температурада модульдегі құстардың жай-күйі бақыланды. Бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер мен вакцина қатаң қадағаланады. Құстарға серіктестіктің өзі өндіретін «ECO JEM» құрама жемі беріледі. Мамандардың айтуынша, жем құрамындағы ферменттер азықтық заттардың жақсы қорытылып, сіңуіне ықпал етеді екен. Атап өтетіні, «ECO JEM» құрамында гормондар, тез өсіргіш заттар мен антибиотиктер жоқ. Сондықтан да, құс еті «ECO CHICKEN» брендімен нарыққа ұсынылды.
«ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болып кез келген азамат өтініш білдіре алады. Осы бағытты қолға алам деушілерге құны 5,5 млн. теңгелік көлемі 120 шаршы метрлік модульді мамандар өздері орнатып береді. 1500 бройлерге арналған модуль толықтай керек-жарағымен жабдықталып, жұмыс істеуге дайын болады. Жақында облыстық ауыл шаруашылық басқармасы және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына ұсыныс беріліп, бүгінге ауданда 3 жоба төмен пайыздық несиемен қаржыландырылды. Яғни, қолында қаражаты жоқ азматқа бұл істі бастау үшін Үкімет тарапынан 5 пайыздық несие беріледі екен. Бұл жеке шаруашылық жүргіземін деушілерге керемет мүмкіндік екені анық. Осылайша, «ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болғандарға мамандар дайын модульді ұсынып қана қоймай, бұл істің қыр-сырын үйретіп, әрдайым ақыл-кеңес беріп, сүйемелдеп отырады.
— 43-45 күнде өсірілген бір балапанның өзіндік құны 460-500 теңгені құрайды. Құс етін өндіруде басты 3 мәселе бар, олар – балапандарды дұрыс өсіру, оларды санитарлық талаптарға сай сою және дайын өнімді өткізу. Біз осы үшеуін де өз мойнымызға ала аламыз. Осы орайда, «ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болғандарды бір кооперативке біріктіруді жоспарлап отырмыз. Кооператив мүшесіне арзан бағамен құрама жем беріледі, біздің цехте союға жеңілдік және өнімді өткізуге көмек көрсетіледі. Бұл өте тиімді ұсыныс деп ойлаймын. Құс өсіруге ниет еткен адам тек 45 күннің ішінде балапандарды қарап-қадағалап отырса, сол жеткілікті. Ауыл шаруашылық кооперативі тауық етін бөлшектеп, арнайы қаптамамен орап, «ECO CHICKEN» брендімен нарыққа ұсынады. Бүгінде көтерме сауда және тамақтану компаниялары, супермаркеттер, ресторан және дәмханалармен келісімшарттар түзу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Талғат Сәрсенбаев.
Кәсіпкердің айтуынша кооператив мүшелері бірігіп, жылына 50 тонна құс етін өндірсе, Үкіметтен субсидия да төленеді екен. Бір сөзбен айтқанда Талғат Сәрсенбаев құс етін өндіру ісін дамытуға барлық мүмкіндік жасады. Енді ерінбей еңбек етем деушілер саны өссе, облыстағы құс етінің тапшылығы мәселесі шешілері айтпаса да белгілі.

Еркін Қатбеков,
Қордай ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *