Нағыз достықтың үлгілері

Бірде, Шөмекейдің Аспан аталығыны белгілі биі Балжанға жала жабылып, Төрткүлдің түрмесіне түсіп қалған екен. Тас қапаста жатқан Балжан, Ресей патшасына қарсы шыққан түрікменнің Мәрт Тараш деген батырымен танысып, екеуі дос болып кетеді.

Бір күні Балжан ақталып, түрмеден шығатын болған.
– Иә, достым Балжан, сен ғой қамақтан босап бара жатырсың, мен осында қалып барамын. Қылмысым да тым ауыр, қалай болар екен? – деп Мәрт Тараш мұңын айтып, қамығыпты.
– Тараш, еңсеңді түсірме!.. – депті сонда Балжан досына. – Егер, менің түрмеден шыққаным рас болса, сені де абақтыдан босатып алуға уәде беремін.
Алайда, бостандыққа шыққан Балжан, қанша әрекет етсе де, Тарашты азат ете алмайды, керісінше: «Сен де Тарашпен бірге патшаға қарсы адамсың» деп, өзінің ізіне тыңшылар түсе бастайды.
Сөйтіп, Балжан не істерін білмей, Төрткүлден кете алмай, басы қатып жүргенде: «Айырсақал Иванов, Тау елінің биі Дос Дәуітбайұлын арнайы қонаққа шақырыпты. Дос келген соң, той болады екен» деген сөзді құлағы шалып қалады. Мұны естіген Балжан: «Енді, неде болса, Досқа жолығайын…» деген шешімге келіп, қала сыртындағы Тау елі жақтан келетін жолды тосып жүреді.
Бір күні жақын маңдағы шайханалардың біріне барып, түскі асын ішіп, қайтып келсе, әлгі жолдан өткен көп аттылардың іздеріне көзі түседі.
– Бұл жерден кім өтті? – деп сұрайды сол маңда жүрген адамдардан.
– Қасында көп нөкерлері бар, Құдайдай бір кісі өтті, киімдері мен салтанаты тауеліліктерге ұқсайды, – дейді олар.
Мұны есіткен Балжан, дереу атына қарғып мінеді де, қалаға қарай құйғытып, шаба жөнеледі. Олардың артынан қуып отырып, дауыс жетер жерге таянғанда, Дос та қаланың қақпасына жақындап қалған екен.
– Дос, Дос! Тоқта! – деп айқайлайды Балжан, шауып келе жатып.
Көп аттылар аялдап, соңдарына бұрылып қарайды.
– Ойпырмай, Дос аға, Сіздің есіміңізді де атап, тікелей айқай салатын адам бар екен-ау!.. – деп таңырқапты дейді сонда Достың жанындағылар. – Бұл кім болды екен? Шамасы бұл кісі, жасы Сізден үлкен, шұғыл шешілуі тиіс шаруасы шыққан кісі болды ғой…
– «Аспан Балжан абақтыдан шығып, елге қайтпай, Төрткүлде жүр» дегенді есітіп едім, – депті Дос. – Болса, сол Балжан ағам болар.
Осылай деген Дос, атынан түсіп, Балжанға сәлем беріп, қарсы алыпты. Аман-саулық сұрасқан соң, Балжан өзінің жұмысын айтқан.
– Достықтың қадірін өзің де білесің ғой. Көптен бері жолыңды әдейі тосып жүр едім. Досың Айырсақал Ивановқа айтып, менің Тараш досымды түрмеден шығарып бер. Мен Мәрт Тарашпен қол алысып: «Қамақтан шығарып аламын» деп уәде беріп едім. Уәде – Құдай сөзі, қол алысу – Құдайдың мөрін басу емес пе? – депті Балжан сөзінің соңында.
– Апыр-ай, бұл Мәрт Тараш, сол Мәрт Қараштың ұрпағы болды ғой, – дейді Дос біраз ойланып тұрып. – Тараш батырдың құжаттары менің досымның қарамағында болса, жақсы болар еді. Алайда, үкіметке қарсы қимыл жасаған мұндай ауыр қылмыстардың Үкімін патшаның жеке өзі шығарады дегенді есітуші едім. Иванов менің адал досым екені рас, Тарашты босатуды сұрармын-ау, бірақ жағдай анандай болып жатса, сөзім сына ма деп қорқамын.
– Әй, Дос! Сен Аспанда Кедей емессің, Бозғұлда Жолай емессің, шылымбысың, шақшамысың, сынбасаң – қира, бірақ сұра! – дейді Бапжан.
Дос бұл сөзге тоқтап, Балжан күтетінін айтып қалған екен.
Сонымен Дос бабамыз, Айырсақал Ивановтың құрметті қонағы болып, сый-сыяпаттарын көріп, енді елге қайтуға бейімделе бастағанда, Иванов: «Дос!.. екеуміздің достығымызда мін жоқ. Сенің Ресейге, менің Тау еліне деген ниетіміз де таза. Менен не тілейсің? Айт, дәл қазір-ақ орындаймын» дейді.
«Құланның қасынуына, мергеннің басуы» дегендей, Достың да күткен сәті дәл осы еді, Тараш мәселесін асықпай, тәпіштеп айтып береді.
– Менің әкем Дәуітбай батыр, Мәрт Тараштың әкесі Мәрт Қараштың қолынан дәм-тұз татып, екеуі өмір бойы өздерін бір-біріне дос санап өткен екен, – дейді Дос сөзін қорытындылап.
Мұндай тосын тілекті Иванов күтпеген еді. Сондықтан, ол қатты ойланып, ерсілі-қарсылы жүріп, басын қайта-қайта шайқай беріпті.
– Тараштың ісі менен әлдеқашан кетіп қалған еді, – дейді ол бір кезде Досқа. – Егер қолымда болса, тап қазір-ақ абақтыдан шығарып берер едім. Енді, сол істі қалай да қайтарып алудыруым керек. Амал жоқ достым, тағы 5-6 күн менің қонағым болып, үйде жатып, күтесің.
Сол күні Иванов: «Тараштың ісін патшаға жеткізбей, тез алып кел!» деп, суыт түрде қос жүйрік атпен қуғыншы аттандырады. Қуғыншы, құжаттарды Петерборға алып бара жатқандарды қуып жетіп, бес-алты күнде Тараштың ісін алып келген екен. Иванов қараланған құжатты жойып, «Мәрт Тараштың патшаға ешқандай қарсылығы жоқ, оған нақақтан жала жабылған» деп қайтадан қағаз толтырып, толық ақтап, абақтыдан босатып, Дос бабамыздың қолына тапсырыпты.
Сөйтіп Дос, Тарашты киіндіріп, қазынаға түскен қару-жарақтары мен атын қайтартып, жолын тосып жатқан Балжанға алып келіпті де, өзі әрі қарай жүріп кетіпті.
– Достым Балжан, мен саған шексіз ризамын, – депті Тараш, Тауел елі тарапқа апаратын жолға түсіп, кетіп бара жатқан Достардың ізінен қарап тұрып. – Алайда, менің тар қапастан еркіндікке шығуыма мына баланың еңбегі ерекше болғанын байқадым. Бұл кім, өзі?
– Е… Бұл бала – Аспанның Кедейінен аса туған, Бозғұлдың Жолайынан баса туған, Бекет бабаның тұқымы Шақша Шобдар Дәуітбайұлы Дос болады, – дейді сонда Балжан.
– Олай болса, тоқтат оны! – депті Мәрт Тараш елең ете қалып. – Әкем Мәрт Қараштың , Дәуітбай батырмен жол үстінде кездесіп, екеуі дәм-тұздас болып, өмір бойы бірін-бірі өздеріне дос санап өткендерін біліуші едім. Бұл сол Дәуітбай батырдың ұрпағы болды ғой. Ол, әкелеріміздің бір дастарханнан дәм-тұз татысып, дос болғанын ескерген екен, мен де, шамам келгенше, оның бір тілегін орындауға тырысайын, не қалайды екен, сұра!..
Балжан Достардың артынан қуып жетіп, Мәрт Тараш осылай деп жатыр дейді.
– Балжан аға, мен кісіге жақсылық жасасам, қарымтасына ештеңе тілемеуші едім, – депті Дос. – Бірақ, ол өзі осылай деп, Сізді менің алдыма арнайы аттандырып отырса, қалауымды айтпауға амалым жоқ. Алдыма келсін, мен тілегімді айтайын, Сіз төрелік етіңіз.
Сөйтіп Балжан, Мәрт Тарашты Досқа ертіп келеді.
– Менің Сізден жалғыз ғана өтінішім бар, – дейді Дос, Тараш батырға. – Қазір біздің халықтарымыз қалың ұйқыда жатыр, ал орыс құтырып тұр, халқымыз оянып, дос пен дұшпанын өздері ажырата алатын күндер де келеді әлі. Еліңізге барып, сол сәтті де бақытты күндерді күтіңіз, еліңіздің ауызбіршілігін сақтай біліңіз. Тараш батыр, орыстардың жерімізді иеленіп жатқаны маған ұнайды деп ойлайсыз ба? Бүгінгі от қаруы мол орысқа жеке шауып, абырой алуыңыз қиын. Сабыр сақтап, райыңыздан қайта тұрыңыз. Осы тілегімді орындасаңыз – Алла да риза, мен де ризамын. Бұған Балжан ағам куә болсын.
– Ой, ақылыңнан айналайын Дос, мен қатты қателескенімді енді түсіндім. Сен жеңдің, мен көндім. Егер сен мені сынамақ болып, жанымды сұрасаң да берер едім. Тіпті: «Дос, жанымды сұрай қалса, өзімді тартып жіберуге дайын болайын» деп, қылышымның байгенегін ағытып қойып та келе жатыр едім. – деп Мәрт Тараш риза болып, Доспен құшақ айқастырып, қоштасқан екен.
…Арадан бірнеше жыл өткенде, Мәрт Тараш Балжанның ауылына келеді. Жетегінде ер-тоқымы мен үзеңгі-жүгеніне дейін күміспен қапталып, алтынмен апталған сұлу бір аты бар.
– Достым Балжан, сен мені ажалдың аузынан арашалап алып, өмір бойы есімнен кетпейтіндей етіп жақсылық жасадың, – дейді Тараш батыр Балжан бидің үйінде қонақ болып отырып. – Сондықтан, мен: «Балжанға қандай сыйлық жасасам екен?» деп көп ойландым. Ақыры, мына сәйгүлікті саған сыйға тартуды жөн деп таптым. Мен бұл пырақты бүкіл түрікменге аты кеңінен таралған бір байдың жалғыз баласының үйлену тойындағы балуандар сайысында, үстіндегі ер-тоқымы және жүгенімен бірге, жеңіп алған едім. Өзі таза «Ақалтеке» тұқымынан, ұшқырлығына құс ілесе алмайды. Сыйлығымды қабыл ал!..
– Е, достым Тараш-ай, сен маған ренжіме, сыйлығыңды қабылдай алмаймын, – дейді Балжан.
– Ау, неге? – деп Тараш таңырқайды.
– Мен, саған көмек қолымды созсам, сыйлық алайын деп жасағаным жоқ. Мен тек достық парызымды ғана орындадым. Оның үстіне, сенің абақтыдан шығуыңа Дос Дәуітбайұлы көп еңбек сіңірді. Демек, сыйлығыңды соған берсең жарасады. Жүр, екеуміз Досқа барып, сыйлықты тапсырайық.
Екі дос, сәйгүлікті жетекке алып, Досқа келеді.
– Мына арғымақты сыйлыққа ал. Сенің еңбегің бар, – дейді Досқа.
– Жоқ, мен ала амаймын. Бұл сыйлыққа менің достым Ивановтың еңбегі сіңген. Сондықтан, мына сәйгүлік соған ғана лайық. Жүріңдер, үшеуміз Сашаға барып, сыйлығын тапсырайық, – дейді Дос.
Сөйтіп, үшеуі Айырсақал Ивановқа барады.
– Тараш батырды абақтыдан босатқан сенсің, – дейді Дос. – Сол үшін мына сәйгүлікті сыйлыққа ал. Бұл сыйлықтың иесі тек сен ғанасың.
– Жоқ, мен бұл сыйлықты ала алмаймын, – депті Айырсақал Иванов. – Мен Тарашты сыйлық алу үшін түрмеден босатқан жоқпын. Мен, бар болғаны, сенің тілегіңе сай, достық міндетімді ғана орындадым. Нағыз достарға саудаласу – жат қылық. Егер, мен бұл ісіме сыйлық алсам, екеуміздің достығымыз қайда қалады?
Сөйтіп, Мәрт Тараш сәйгүлікті Балжанға да, Досқа да, Айырсақал Ивановқа да алдыра алмай, еліне қайтадан жетектеп қайтыпты. Алайда Тараш батыр, олардың бұл мінездеріне ренжімей, керісінше мәрттіктеріне, достыққа мейлінше берік әрі адалдықтарына риза болған екен…

Әбдісәли Дәулетбаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *