«Рухани жаңғыру» мен ұлттық мәдениет

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» – дейді ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Рухани кемелділік пен өркениеттің бел бастауы – Ұлы өнер. «Өнерлі елдің өрісі кең» деп дана халқымыз текке айтпағаны ақиқат. Еліміз егемендігін алып, тұғырлы тәуелсіздігіміз төрімізге құт болып қонған 29 жылдың ішінде мәдениет саласы да қарыштап дамуда. Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бір тармағында өнер саласына баса назар аударып, ұлттың ұлттығын айшықтайтын мәдениетімізге үлкен үміт артатынын жеткізді. Осы бағытта еліміздің көптеген жоғарғы оқу орындарында мәдениет саласының кадрларын дайындайтын маманыдықтар ашылды. Мұның барлығы ұлттық болмысымызды одан әрі айшықтай түсетін ұлттық мәдениетімізді көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар деп білемін.
Әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мәдениеті бар. Бүгінгі жахандану заманында кез-келген ұлт өзіндік мәдениетінің деңгейін көтеруге күш салуда. Себебі, бұл шығармашылық сала бәсекеге қабілетті елдер үшін мылтықсыз майдан іспетті. Өздеріне тән мәденеті арқылы өзгелеріді жаулау. Дәл осы тұста қазақ халқы ешкімге ұқсамайтын мазмұнды дәстүрін, маң даланы думанға толтырған сал-серілік мәдениетін, ұлан-асыр ұрпағына қалдырған ұлттық ойындарын қайта дамыту арқылы болмысын жандандырып, жаңғырта алады деп ойлаймын.
Сонымен қатар «Рухани жаңғырудың» бір үлгісі – қазыналы қарттардың өсиетін, олардың ауыздан ауызға тараған аңыз-әңгімелерін ұрпаққа тарату, осының аясында түрлі мәдени іс-шара өткізу. Мұның барлығын ұлттық мәдениет дей айта аламыз. Ұлттық мәдениетімізге керек болса, ұлттық ойындарымыздың өзі: көкпар, қыз қуу, теңге ілу, арқан тартыс секілді серілік өнерді жатқызуға болады. Сонымен қатар халқымыздың бірегей саятшылық өнері тағы бар. Бүркіт салу, тазы жүгірту мен аңшылық айла-әрекеттің түрлі көрінісі, осының барлығын ұлттық құныдылығымыз, яғни ұлттық мәдениетіміз деуге толық негіз бар.
Өнер халықтың қазынасы, ұлттың рухани құндылығы. Шығармашылық адамдарының басын қосып, халыққа мәден іс-шаралар негізінде қызмет көрсететін мәдениет саласы мамандарының мәселесі Мемлекет басшысының назарын аудартқан еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған жолдауы аясында ағымдағы жыл басынан бері мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Мұның барлығы ұлттық мәдениетті қолдау мен барша мәдениет қызметкерлеріне жанашырлық деп білемін.
Мен осы саланың бір маманы ретінде ұлттық мәдениетіміздің қайта өрлеу уақыты келіп, қарыштап дамитындығына сенімдімін. Себебі, бойында бабаладрыңы байырғы болмысы бар бауырларымыз өсіп келе жатыр. Сал Біржанның серілігін ту етіп, Шәмшінің әнін шырқайтын, Бекежандай кейіпкерді кескіндеп, Ұлы Абайдың жолын қуған жас іні-қарындастарымыз жетерлік. Сондықтан да, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік сыйлап, өсуіне ықпал етіп жатқан өнер жанашырларына алығысым шексіз.
Негізінен, ұлттық мәдениеттің ойдағыдай зерттелуіне этникалық немесе ұлттық психологияның мәліметтері де тығыз байланысты болып келеді. Этнопсихологиялық зерттеулер ұлттық мәдениетті жасаушылардың психологиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып, кез келген ұлттық мәдениеттің өзіне тән ғана сипатын ашып көрсетуде едәуір табыстарға жетті. Мысалы, орыс биінің, аргентин тангосының, негрлер музыкасының терең ұлттық мәні бар. Ал, қазақ халқының мәдениеті олардан асып түспесе кем емес. Өзге мемлекеттер біздің елдегі тамаша рухани дүниелерді өмірге келтірген халқымыздың ұлттық мінезін ескергенде ғана қазатың кім екендігін толық түсіне алар еді.
Жалпы қазақ халқы ұрпағын кішкентай күнінен асқан мәдениеттілікке баулыған. Мысалы ас ішердің алдында дастархан басында отырған қонақтардың қолына сол үйдің жасы кіші баласының су құюы, оны дұрыс ұсыну тәрбиесі, атқа міну мәдениеті, қыз баланың үйдегі һәм түздегі жүріс-тұрыс әдебі, қалаберді шаңыраққа жаңа түскен жас келіннің мәдениеті мен ана болған шақтағы бала тәрбиелеу дағдысының өзі бір төбе. Ал жігіт адамның түздегі тіршілігі, аман-саулық сұрасу үлгісі, жасы үлкен аға буынның алдында өздерін ұстау мәдениетінде де тым ерекше сыпайылық пен нағыз ерге тән мәрттік бар.
Міне мұның барлығы ұлттық мәдениет, өзге елге ұқсамайды дейтініміз де сол. Ұл баланы абыз қарттарымыз өсиеті мен өрелі ақылын айта отырып, дала заңымен тәрбиелесе, дана әжелеріміз қызға қырық үйден тиым салып, бұрымдыларын түрлі жаман әдеттерге бой алдырмайтын биазылыққа, асқан ақылдылыққа баулыды. Осы қалпымызды қайта жаңғырсақ, ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі қағидасын ұстана отырып тәрбиелеген ұл мен қыз жақсы – адам, мықты – маман болатынына сенімдімін.
Өткен күндегі тарихымыздың түп тамырына жиі үңілсек, болашаққа басқан жүрісімізден жаңылыспайтынымыз ақиқат. Ұлттық құндылыққа толы мәдениетіміз де – осында!

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *