«МҮСӘПІРЛІК…»

Заман тыныш жылдар. Тараздағы бір танымал азаматтың тойына кетіп бара жатқанмын. Күн – күздің қара суығы. Асығыс едік. Ымырт үйіріліп қалған. Қаратауға бұрылатын биік жол көрсеткіш айырығында бір жеңіл көлік тұр. «Бұзылып қалған шығар, жағдайын біле салайық» деп тежегішті басып үлгергенше есігін ашты да ала таяғын шошаңдатып, жас полиция шыға келді. Шұғыл өзіне шақырды. Заңсыз болса да,«ерегістіріп, жолдан қалмайын» – деген оймен бардым.

– Тез құжаттарыңды әкел, – деді ай-шай жоқ.
– Сен кімсің? Әуелі өз құжатыңды көрсет – дедік. Ол жылдары полиция формасын киген «жалған полициялар» жайлы әр жерден жазылып жатқан. Берді. Шын екен. Аға лейтанат шеніндегі азамат болып шықты (атын атамай-ақ қояйын). Өзіне құжатын қайтардым. Көлігіміздің алды-арты, жарықтарын, тежегішті жіті тексеріп көріп:
– Енді беріңіз құжаттарыңызды. Құжат тексергенді көрейін батырлар – деп берген құжаттарымды қалтасына салып алды.
«Аш бәледен қаш бәле. Осымен ерегісіп пайда таппаспын» – деп жұмсарып, тойға асығып бара жатқанымды айтып көріп едім, тыңдағысы келмеді.
– Не кінәрат таптың, түсіндір де актыңды жазып бер. Ертең Таразға барған соң машинамызды тексертемін де, содан соң төлермін айыппұлыңды. Сенің тапқан кінәратыңа сенбей тұрмын – десем:
– Сіз өзі көп сөйлейді екенсіз. Қазір машинаны бұғаттаймын да, тойларыңа жаяу жіберемін. Қашсаң алдағы постан ұстатамын. Оның статьясы ауыр болады. Одан да тұщы ауыздың дәмін кетірмей бір «бесті» қалдыр да, кете бермейсіздер ме, – деп ақыл айтты іште отырған ақылшы екіншісі.
Мен олардан онша ыға қоймай тұрмын. Насырға шапса, облыстық ГАИ-дағы құдаммен хабарласып көрермін деген ойдамын.
Амал жоқ этикаға томпақтау болса да журналистік мүшелік билетімді көрсетуге тура келді. Өзінің әділетсіздігін, сыпыра заңды бұзып тұрғанын сезді-ау деймін. Құжаттарымды қайтып беріп жатып:
– Ағасы қазақпыз ғой. Таң атқалы мұздыаяқ болып тұрмыз. Кездесер емес табыс. Бізде де балашаға бар, олар да дәмді тамақ жегісі келеді. Бір мың теңге тастап кете салыңыз – дейді қалтасына тоғытқан құжаттарымды қайтарып жатып.
– Сонда сен балашағаңды менің есебімнен асырауың керек пе – дедім де жас жолсақшының соншама жолымыздан қалдырғанына ренжіп, асыға жүріп кеттік… Мүсәпірлік-ай!
* * *
Уақыт өтіп жатты. Тараздағы бір кафеде тамақтанып отырсам, осында істейтін Сарысудың жігіті, бір сыйлас таныстың ұлы келіп сәлем берді. Күледі. Сөйтсем сол жолы көлік ішінде бұғып отырған полиция осы екен. Бізді таныған да, шықпаған.
– Сол жолы ана жігітті обал қылдыңыз-ау. Әжептеуір жасқанып қалды. Ол сорлы екі жыл соңынан қалмай жүріп, қарызданып-қауғаланып жұмысқа әрең орналасып еді. Бастық алатынын алып тұрып:
– Ал мұныңды жол торуылдап өндіріп ал, мен шағымданушыларды сөз бұйдамен ұзатып жабармын, – деп уәде беріпті. Өзі жұрттан алған қарызын әлі қайтара алмай қиналып жүр еді. Қазір жұмысқа орналасу қиындап кетті ғой көке, – деп, ағынан жарылғаны есімде .
Әлем-тапырақ дүние не болып барады.

Бергентай НҰРМАХАНОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *