Бір кем дүние

САРДАР САЙЛАУБЕК

Әдебиет әлемінде таразы басын тең ұстаған әділ сыншы кем де кем. Солардың бірегейі ойда жоқта, оқыста бұл жалған дүниеден өте шықты. Жарқ етіп жанды да, найзағайдай тез сөнді.
Сардар Сайлаубек! Жаның жәннатта болғай. Алла алдыңнан жарылқасын. Ботаң – Санжарбегің екеуіңнің жұлдызың ғарышта мәңгі жарқырасын!
Сендерге осы бірауыз сөзден басқа не бұйырады?
Бір кем дүние.

КІТАП ҚАСИЕТІ

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.
Адамды аздыратын жаманшылықтар да адамның өзінен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Ең бірінші – Құран!
Екінші – хадистер!
Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем, су сұрамайды.
Кітап – ғажайып қазына.
Кітап – өмірсерік.
Кітапты сүймеген – Құдайды да сүймейді.
Бір кем дүние.

БАҒЫНДЫРҒЫШТАР

Теледидар ұялмастан оттап тұр. «Альпинистер Хан Тәңірдің бір шыңын бағындырды» дейді.
Хан Тәңір жау емес бағындыратын. «Бағындыру» деген етістік басқыншы, зорақы отаршылдардың кекірік сөзі. Петр Бірінші заманынан Иван Грозный заманынан бері келе жатқан жаман сөз. Иван Грозный дәуірінде Ермак деген қаңғыбас қарақшы байларға жалданып, «Тас белдіктің» ар жағында не бар екен деп, Орал таудан өтіп, жүздеген қайықпен, кемемен бір-Сібір патшалығына басып кіріп, Көшім хан патшалығын күшпен жаулап алды.
Қандыбалақ қарақшы Ермак Ертістің бір саласы Бағай өзеніне батып өлді. Патша, соңынан Сібірді жаулап, бағындырды.
Тіпті, патшадан соң Совет дәуірінде «Тыңды бағындырушылар» шықты. Хрущев мақтанды: «патшалар жүздеген жылдар бойы істей алмағанды, мен бір-ақ жылда істедім» деп.
«Бағындыру» – оңбаған, жексұрын сөз. «Хан Тәңірді бағындырдық», деп қақсайды теле-тентек.
Не деген надандық!?
Бір кем дүние.

СМАҒҰЛДЫҢ МЫСАЛЫ

Смағұл Садуақасов былай деп жазады:
– Мысал үшін мынандай бір сөз айтайын: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Анаған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда бұл әрине ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды. (Қ.Ә. 12.05.89.).
Осы психология қазақта әлі күнге дейін бар емес пе? Ғасырлар бойында отарлық күн кешкен қазақтың «кеудесі тік көтеріліп, алшаң басып жүре ала ма?»
Ай, білмеймін. Батпандап кірген кесел, мысқалдап шығушы еді-ау.
Бір кем дүние.

СҰРАҚ-ЖАУАП

Қайсыбір жылы Президент айдың-күннің аманында жайбарақат жұмыс істеп жатқан Парламентті табан астында таратып жіберді.
Сонда бір газеттен келген тілші менен:
– Сізді таңғалдырған не? – деп сұрады.
Мен:
– Парламентте көзі ашық адам көп бола тұра, мүйіздері қарағайдай-қарағайдай юристер депутат болып отырғанда, Парламенттің «заңсыз» екенін білмеуі, – деп жауап бердім.
Сөйтсе, депутаттыққа сайланбай қалған бір жанжалшыл қатын. «Сайлау «нелигитимный» болды» деп арыз беріпті. Сол арыз Президенттің есіне бір жылдан кейін түсіпті де, Парламентті тарату жөнінде бұйрық шығарған ғой.
Соған қарағанда сол кездегі Парламент тікенегі зәрлі кірпідей болған болуы керек.
Бір кем дүние.

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *