Су арналарын ретке келтіру қажет

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданына жұмыс сапарын аудан орталығынан шалғайда жатқан, Төменгі Шу бойында орналасқан Жайлаукөл, Қамқалы ауылдарынан бастады.

Алдымен аймақ басшысы Жайлаукөл орта мектебіне бас сұқты. 1978 жылы пайдалануға берілген білім ошағына соңғы жөндеу жұмыстары осыдан үш жыл бұрын жүргізілген екен. 450 орындық мектепте бүгінде 110 оқушы екі ауысымда білім алуда. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім ошағының спорт залы, робототехника кабинетімен танысқан Бердібек Машбекұлы оқушылармен де тілдесті. Мектептің ішкі жабдықталуын ретке келтіріп, ғұламалардың дана сөздерін көрнекі етіп іліп қоюды тапсырды. Бұдан соң мектеп жанындағы шағын орталықтың жұмысын көрді.
Облыс әкімі ауыл қарияларымен кездесіп, маңызды мәселелер турасында сөйлесті, сауалдарына жауап берді. Тұрғындар талай жылдар арман болған Қамқалы-Жайлаукөл-Шығанақ жолының жөнделгеніне алғыстарын айтып, енді Жаңатас қаласымен арадағы жолды қолға алуды сұрады. Бердібек Сапарбаев ауыл қарияларынан карантин талаптарын сақтауға, той және сол сияқты көпшілік жиналатын шараларды өткізбеуге бас болып, жастар тәрбиесіне үлес қосуға шақырды.
Жеке кәсіпкер Мақтабек Жусанбаев Қамқалы ауылында тұз өндірумен айналысады. Ол 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда жылына 14 мың тонна тұз қазылып алынады. Облыс әкімі тұзбен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, карьерді көрді. Жүк көлігінің салмағын тексеретін таразы орнату жайлы айтып, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековке тасымалдаушылардың тұзды шамадан тыс тиеп, жолды зақымдамауын бақылауды тапсырды.
1975 жылы пайдалануға берілген «Ынталы» су қоймасының су сыйымдылығы 30 миллион текше метрді құрайды. Қазіргі таңда онда 5,837 миллион текше метр су қоры бар. Суармалы жер көлемі 3525 гектар. Су қоймасын жарықтандыру жұмыстарына жалпы құны 584 миллион теңге қаралған. Осы бөлінген қаржыға «Ынталы» су қоймасы мен Шабақты өзенінің Бас су реттегіш құрылымдарына дейін жарық жүргізу, маңайын жарықтандыру, ашып-жабатын қондырғыларды автоматтандыру жұмыстарын жүргізу жобаланған. Қазір «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұйым ауылындағы «Жаңа кәрітоған» суару жүйелерін ағымдағы жөндеуге (1-ші және 2-ші кезеңі) 88 632 746 теңге және «Сарыөзек» суару жүйелерін жөндеуге 41 485 763 теңге қарастырылған. Мердігер компания «Байтұр-2050» ЖШС бұл жұмыстарды алдағы желтоқсан айында аяқтауы тиіс.
Аудандағы 5003 гектар суармалы жер үшін маңызы зор су қоймасында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысқан Бердібек Сапарбаев алдымен соғылып жатқан су арналарын екі жылдың ішінде аяқтау керектігін баса айтты.
«Суды тиімді пайдалануымыз керек. Ол үшін науалар салу керек. Тоғандардың біразы бетондалмағандықтан жіберілген су жер астына кетіп, рәсуа боп жатыр. Бұған дейін де айтқанмын, тағы қайталаймын, ауданда қанша тоған, арық бар, оның қаншасын жөндеу керек, мүмкін бәрін жөндеу керек шығар, олар жөнделсе қанша су болады, нәтижесінде қанша қосымша суармалы жерге қол жетеді, оған қанша қаражат кетеді, осыны анықтап, бізге құжатын беріңіздер.
Ал басқару істерін автоматтандыру, жарықтандыру жұмыстарын содан кейін де қолға алуға болады ғой. Алдымен су арналарын жөндеп бітіру керек», деген Бердібек Машбекұлы аудан әкіміне жұмысты неғұрлым тезірек аяқтауды, сөйтіп суармалы жерлерді көбейтуді, ең бастысы, жұмыстың сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Айта кету керек, бүгінге дейін су арналарының 600 метрі жөнделіп, онда 18 адам жұмыс істеуде.
Саудакент ауылының тұрғыны Бақытжан Сармолдаевтың тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту пилоттық жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, 4 сотық жылыжайда қияр және лимон өсіруі құптарлық іс. Жоба құны – 6 миллион 200 мың теңге. Бақытжанның айтуынша, негізі биыл лимон егуі керек еді, алайда елдегі карантин жағдайында ол ойы жүзеге аспай қалған. Есесіне, биыл тамшылатып суару жүйесімен 4,5 тонна қияр алып, ауыл, аудан тұрғындарына сатқан. Лимонның «мейер» сортын өсіруді ақпан айында қолға алмақ. Жылыжайға арнайы бас сұққан облыс басшысы кәсіпкердің тірлігіне ризашылық білдіріп, лимон өніміне сұраныс қашанда көп болатынын құптады.
Ауданның ветеринарлық стансасына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа мекеме басшысы Ұласхан Егеубаев ветеринарлық жағдайдың тұрақты екенін баяндады. Ауданда жекеменшікте 22 мың құс бар. Құс ауруы тіркелмеген. Жыл басынан бері 6 мүйізді ірі қара, 76 ұсақ мал бруцеллезбен ауырған. Малдардың 87 пайызына аусылға екпе және қайталап екпе (ревакцинация) салынған. Бердібек Машбекұлы екпе салу арқылы аурудың алдын алудың маңыздылығын ұмытпауды ескертті. «Тұрғындар неге малдарын дер кезінде тіркей алмайды, осы жайында маған көп шағымданады. Жарты жыл жүреміз, сырға жоқ дейді», — деп сұраған облыс әкімі Ұ. Егеубаевтың: «Ұсақ малға сырға жетпейді. Жылқыға чипті мал иесі өзі сатып алуы керек. Мал тіркеуге келсек, ол 3 күн ішінде орындалады», деген сырғытпа жауабына қанағаттанбады.

Диана Қалманбаева,
Сарысу ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *