Алматылықтар жамбылдың жәрмеңкесін жылы қабылдады

Ару қала Алматыға жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері барлық жылы-жұмсағын алып барды. Халықты әбігерге салған базардағы нарықтың бағасынан тауарларын 10-20 пайызға дейінгі төмен бағамен ұсынған жамбылдықтарға оңтүстік астаналықтар дән риза болысты.

Сенбі күні сағат тілі таңғы сегізді көрсетпей тұрып-ақ «Астана» алаңын бетке алдық. Алматылықтар ерте қамданады екен. Әрине, арзан бағадағы азық-түлікті сатып алу үшін жиналған халықта есеп жоқ дей алмаймыз. Алайда салыстырмалы түрде зер салсақ, біршама елдің ала таңнан қамдана бастағанын байқай түсеміз. Тиімді бағамен өткеріліп жатқан етке қызылсыраған алматылықтардың көзі бірден түскендей. Одан кейін барып қана басқа азық-түлік өнімдеріне кірісе бастады.
Жалпы «Астана» алаңы мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының маңында өткен жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесінде өңіріміздің 10 ауданы мен Тараз қаласының 90-нан астам шаруалары жалпы құны 162,1 миллион теңгені құрайтын 336,1 тонна азық-түлік тауарларын ұсынды. Сенбі және жексенбі күндері өткен жәрмеңкеде жамбылдық шаруалар 36 тонна ет, 9 тонна шұжық өнімдері, 27 тонна сүт өнімдері, 10 мың дана жұмыртқа, 3 тонна кондитерлік өнімдер мен 9 тонна макарон өнімдерін, 10 тонна қант, 4 тонна ұн, 1 тонна тұз, 5 тонна балық, 11 тонна өсімдік майы, 6,5 тонна бал, 2,0 тонна кептірілген жеміс және 212,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін алып келді.
– Біз Алматыға негізінен сүт өнімдерін әкелдік. Мәселен, қолдың сары майы базарда келісі 3000 теңгеден сатылса, біз мұнда 2100 теңгеден өткеріп жатырмыз. Білгенге бұл әжептәуір жеңілдік саналады. 3000 теңгенің құртын біз 1500 теңгеден ұсынудамыз. Ірімшіктің бағасы базарда 900 теңге болса, біз 800 теңгеден берудеміз. Ал 1000 теңгеден базарда тұрған шұбатты мұнда 700 теңгеден өткергенді жөн көрдік. Алматыға 220 келіге жуық сүт өнімдерін әкеліп отырмын, – дейді меркілік жеке кәсіпкер Мадина Көбей өз ойын ортаға салып.
Иә, жәрмеңкедегі бағалар көңілге қонымды болды. Мұны алматылық тұрғындар да айтып қалып жатты.
– Мен Меркінің балын алғанды жөн көрдім. Өйткені маған меркілік омарташылардың өндірген балы қатты ұнайды. Жәрмеңкеге балдың бірнеше түрін әкеліпті. Емдік қасиеті барлары да жетерлік. Базардағы бағадан анағұрлым төмен екендігін де атап өткен ләзім. Бірнеше келі бал және арзан бағамен өткеріліп жатқан жеміс-жидек, алма ала кеткенді жөн көрдім. Бағасы көңілге қонымды. Балды алмас бұрын әр түрінің дәмін татып көруге де мүмкіндік жасап қойыпты. Бұл өз кезегінде тұтынушының дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік туғызады. Жалпы халықтың жағдайын ойлап, арзан бағамен азық-түлік тауарларын сатып жатқан жамбылдықтарға алғысымыз шексіз, – дейді алматылық тұрғын Қанағат Берік.
Жәрмеңкеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов сөрелерге қойылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін бірге аралап көріп, шаруалармен тілдесті. Оларға алғыстарын айтты.
– Жамбылдықтардың Алматыға төмен бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін арнайы ұсынып отырғаны көңіл қуантты. Қазіргідей қиын кезеңде бұл тұрғындарға беріліп отырған тамаша мүмкіндік. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Байланысымыз әрмен қарай да нығая түседі деген ойдамыз, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов көкейдегі ойын айтып.
Төрт түліктің етімен қатар өзге де өнімдерді алушылардың қатары түс әлетінде тіпті арта түсті. Осы уақытта «Астана» алаңы базарға айналып кеткендей болды. Олар арзан бағамен өткеріліп жатқан сүт өнімдерін, балықты, сүзбе мен алманы, балды, жеміс-жидектерді және өзге тауарларды молынан алып жатқанын көз шалды. Олардың: «Өтірік пе десек, шынымен арзан екен» деген сыңайдағы әңгімелерін де құлақ шалып қалды.
Айта кету керек, жәрмеңке барысында Жамбыл облысының ұйымдастырушылары тарапынан әзірленген 30-дан астам азық-түлік жиынтығы Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасымен бірге жалғыз басты және аз қамтылған зейнеткерлерге таратылды.
Осылайша екі күн бойы жәрмеңкенің қызығын көрген алматылықтар арзан тауарларға қарық болды.

Т. Махатұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *