Қант қызылшасын жинауда рекордтық көрсеткішке ие

Шыбық қадасаң тал болатын біздің өңірдегі негізгі шаруашылықтың бірі ол егіншілік. Оның ішінде өткен ғасырдан келе жатқан қант қызылшасы да бар. Жалпы соңғы жылдары өңірде балтамырды өсіруге баса мән беріліп, жергілікті шаруалардың кәсібінің бойына қан жүгірді. Аймақтағы шаруалар бал тамырдың бабын тауып, егістік көлемін ұлғайта түсті. Биыл шаруалар маусымды ойдағыдай аяқтап, тәтті түбірді қант зауыттарына өткізе бастады.

Шындығында, облыста қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл меже еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасынан кейін қолға алынған болатын. Осынау іске өңір диқандары асқан құлшыныспен кірісіп, жаңбырлатып, тамшылатып суғару секілді заманауи әдістерді қолдану арқылы мол өнім алудың қамын істеуде. Бүгінде өңірдегі шаруалар жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де мерекелі шақта жүр. Сондықтан қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды қыздыруда. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұловтың айтуынша, биыл аймақта 5,4 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті.
– Бүгінгі күнге шаруалар 465 гектар жерден өнімдерін жинап үлгерді. Одан 29 777,1 тонна балтамыр алынды. Нақтырақ айтқанда, қазіргі таңда 639,4 центнер өнім жиналып қойды. Жалпы, биыл өткен жылдардағымен салыстырғанда көп өнім алынады деп жоспарланып отыр. Себебі, жылдан жылға шаруалар қант қызылшасын егудің тың тәсілдерін меңгеріп, техникаларын да жаңартуда, – дейді Ш.Момынқұлов.
Егін жайға қолайлы киелі Әулиеата өңірінде қандайда дән ексең, күзде көл-көсір өнім жинап алуға болады. Оның ішінде өткен ғасырдан келе жатқан қант қызылшасы да бар. Жалпы соңғы жылдары өңірде балтамырды өсіруге баса мән беріліп, жергілікті шаруалардың кәсібінің бойына қан жүгірді. Мәселен, тәтті түбір жинауды Меркі ауданының диқандары бірінші болып бастап отыр. Ауданда 1,9 мың гектар жерге балтамыр егілген. Осыған байланысты Меркі қант зауытының ұжымы да өз жұмысына кірісіп, бағалы дақылдың алғашқы өнімдерін қабылдай бастаған. Бүгінде ауданда 49 шаруашылық аталмыш дақыл түрін егіп, бүгінгі таңда өнімін жинауда. Қызылша қазығын бірінші болып «Сыпатай батыр» және «Трансфер» ЖШС бастады. Жалпы ауданда 1905 гектар жерге қант қызылшасы орналастырылған. Бүгінгі таңда 294 гектар қант қызылшасындағы өнім жинап алынып, одан 21 мың 205 тонна «Меркі қант зауытына» өткерілді. Жалпы аудандағы шаруалар аталмыш зауытқа күніне 3203 тонна өнім өткізуде. Орташа есеппен өнімділік гектарынан 720 центнерден алыну үстінде.
Ауыз толтырып айта кететіні, облыс бойынша тәтті түбірді зауытқа өткеру бойынша Меркі ауданы алғашқы орында. Былтырғы жылы зауытқа жалпы 128 мың тонна қант қызылшасы өткізілсе, оның 50 мың тоннасын Меркі ауданының шаруалары өсіріп, өндірген. Ал биыл өнімділік одан да арта түспек. Өйткені шаруалар қызылша егудің жаңа технологияларын, жерді тыңайтқыштармен қоректендіру әдістерін жетік меңгеріп, кәсіптерін шыңдап, білімдерін жетілдірді. Әрбір істе ізденіс болмаса, нәтиже болмайтыны анық. Үлкен еңбек пен төгілген тердің жемісі – бүгінгі шаруалардың мол өнім алуының себебі. Ауданда ірі шаруашылықтардың бірі «Сыпатай батыр» шаруа қожалығы жекелеген жерлерден 1100 центнерден өнім алып жатса, «Мехрали», «Мырза–Т», «Кудрат» шаруа қожалықтары да саптан қалар емес. Мәселен, «Мырза–Т» ШҚ 1175 центнерден, ал Николай Калиниченконың «Тоня» шаруа қожалығы алқабынан әр гектарынан 975 центнерден өнім алуда. Ерекше атап кететін мәселе, меркілік шаруалар «Кетпенсіз алқап» әдісін қолдануда. Бұл дегеніміз, қант қызылшасы алқабында мүлдем адам күшінің қолданылмауы. Мысалға, «Сыпатай батыр» шаруа қожалығының 180 гектар қызылша алқабында 5 адам жұмыс жасауда. Оның екеуі комбайншы, екеуі «КамАЗ» жүргізушілері және бір алқап бригадирі.
– КСРО кезінде есімізде, аналарымыз, әкпелеріміз – таңның атысы, күннің батысы алқап басында жүретін. Ол кездері барлығы қол күшімен жасалынатын. Қазір технология дамыған кез. Шаруалар мемлекеттік көмекті тиімді пайдаланып, жеңілдетілген несие алып, лизингке техника алып жағдайларын біраз түзеп алды. Мемлекеттің шаруаларға жерді тыңайту үшін беріп жатқан көмектерін де мақсатты қолдануды үйренді. Қазіргі таңда гектарынан 800 центнерден өнім алып жатсақ, 130 гектардың өнімін жинап үлгердік. Нәтижесінде аудандағы зауытқа 11 мың тонна өнім өткердік, – дейді серістестік директоры Қанат Шайхиев.
Жалпы, аталған серіктестіктің әр гектарынан алып жатқан өнім көлемі рекордттық көрсеткіш екен. Нақтырақ айтқанда, өңірдегі шаруалар орта есеппен гектарынан 300 центнерден ғана тәтті түбір жинап жатыр. Сол секілді қай жағынан болмасын әлемдегі алдыңғы қатарлы АҚШ-тың өзі гектарынан 600, ал Франция 500, солтүстіктегі көршіміз Ресей небәрі 400 центнерден өнім жинайды екен. Бұл тұрғыда сыпатайлықтардың еңбегі ерен. Себебі, олар гектарынан 800 центнер өнім алып, талайды таң қалдырып отыр. Соған қарамастан серіктестікте шешілмеген мәселелер де жоқ емес екен. Қожалық басшысы Қанат Шайхиевтің айтуынша, «Меркі қант зауыты» былтырғы қаржысын әлі толық қайтармапты. Яғни, өткен жылы серіктестік зауытқа 129 миллион теңгенің өнімін өткізгенімен оның 80 миллион теңгесін әлі қайтармапты. Бұл мәселеге де түсіністікпен қарап отырған шаруашылық биылғы өнімін де аталмыш зауытқа өткізуде. Өйткені, мемлекетіміздің өзі қант қызылшасына баса мән беріп отырған соң, аймақ басшылығы бұл мәселені шешіп беретініне сенім мол.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *