Алқапта сәбіз жинау қызу жүруде

Жуалы ауданына қарасты ірі ауылдық округтердің бірі саналатын Қарасаз ауылдық округінде ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Округте барлығы 230 шаруа қожалық бар. Оның ішінде 225 шаруа қожалық егін шаруашылығымен, 19-ы мал шаруашылығын тұрақты дамытумен айналысады.

Ақбастау ауылында орналасқан әрі ауылдық округтегі маңдайалды шаруашылықтардың бірі ретінде «Ескендір» шаруа қожалығын атап айтуға болады. Ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы Әбілнұр Ахметов басқаратын шаруа қожалық 2008 жылы құрылған. Иелігінде 360 гектарға жуық егістік жері бар. Қазіргі таңда оның 70 гектарына жаздық арпа егілсе, 80 гектарға жуық алқапқа бидай егіледі екен. Тиісінше, мал азығы үшін 25 гектар жер эспарцеттің үлесінде. Шаруашылық егін егумен қатар мал шаруашылығын да дамытуды, сүт өндіру мен мал басын көбейтуді мықтап қолға алған.
Аталған шаруашылық біраз жылдан бері бақша дақылдарын өсірумен де тұрақты айналысып келеді. Қыркүйек айының басында аталған шаруашылықтағы қызанақ жинау науқаны туралы көлемді мақала жазсақ, ендігі кезекте сәбіз жинау жұмыстарын көрсетпекшіміз. Өткен аптаның аяғында «Ескендір» шаруа қожалығының алқап басындағы жұмысымен танысу үшін оның Ақбастау ауылының маңындағы сәбіз алқабына бардық.
Шаруашылық жарты гектардай алқапқа қызанақ егіп, оны жаз бойы қарап, баптап, жақында жинап алса, ендігі кезекте үш гектарға еккен сәбізді қазып алып жатыр. Шаруашылық басшысы Ә.Ахметовтың айтуынша, алқап басындағы жұмыстардың барлығы негізінен адамның қол күшімен атқарылатындықтан көктемнен қара күзге дейін мұнда тұрақты түрде үш жұмысшы болады екен. Оған тиісінше, еңбекақы төленеді. Басқа да жағдайлары жасалып отырады. Жұмысшылар негізінен Ақбастау және Б.Момышұлы ауылдарынан.
– Сәбізді қазуды бір апта бұрын бастаған болатынбыз. Жаз бойы күтіп-баптағанымыздың нәтижесінде өнімділік орташа деңгейде қалыптасып отыр. Қазу жұмыстары да қалыпты жүруде. Мұнда аудан орталығынан жұмысшылар келіп, қазу жұмыстарына көмек көрсетуде. Олар жинаған сәбіздің әр қабына 300 теңге төлейміз. Түскі тамақ ішетін мезгілде жұмысшылардың шайын қайнатып береміз. Жұмыс таңғы сағат сегізде басталып, кешкі алтыға дейін жалғасады. Осындай қызу жұмыстың арқасында қазықты бір-екі күнде аяқтаймыз деп отырмыз,– дейді шаруашылық басшысы Әбілнұр Ахметов.
Жиналған өнім қоймада сақтауға жөнелтілуде. Бұл шаруашылық егін егу барысында негізінен ауыспалы егістік жүйесін қолданады. Мысалы, биыл қызанақ пен сәбіз егілген алқапқа келесі жылы бидай немесе арпа егіледі. Соның нәтижесінде жерден мол өнім алуға мүмкіндік туады.
– Өнімді көбінесе орталық базарға, азық-түлік жәрмеңкелеріне апарып саудалаймыз. Біздің шаруа қожалықта ауыл тұрғындарының жерінің пай үлестері бар. Биылғы жылы пай үлестері үшін тұрғындар алқаптан қызанақ теріп алды. Ал сәбіздің өнімділігі туралы айтар болсам, әр гектардан 30 тоннаға жуық өнім жиналды, – дейді шаруашылық басшысы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *