Кесапат келін

Құндыз үйдің екінші қызы. Өзінен үлкен әпкесі және артынан ерген қос бауыры бар. Әпкесі Маржан екеуін бір анадан туған деп ешкім айтпайды. Маржанның жанының тазалығы соншама тіпті аяғының астындағы құрт-құмырсқаны да сыйлап оларға жол беретін, адам түгілі жәндікке жамандық ойламайтын қарапайым биязы қыз. Мамандығы мұғалім. Мектептегі ең дарынды, үздік оқушылар да тек Маржанның шәкірттері болатын. Өйткені оның сабақ өткізу тәсілі де ерекше. Ғылым мен исламның дәрістерін ұштастыра шәкірттерін оқытатын. Мектепке тіке барып тіке қайтатын. Ешкімге артық қылық көрсеткен емес. Мектептегі жұмысы мен қоса үй шаруасын да қатар алып жүріп, үйінің іші мен ауласын әсем гүлдер мен безендіріп оларға күтім жасаудан жалықпайтын. Тазалық оның айырылмасы серігі. Шаршау не екенін білмейтін өмірге құштар жан. Ал Құндызға келсек ол мүлдем басқа адам. Анасы Ғалияның аузынан түскендей. Өсек аян, біреуді ғайбаттаудың хас шебері. Көше құмар қыдыру ойын сауықты жаны сүйеді. Сабақты да қатырған емес. Міне оқуын аяқтап грантқа түсе алмай, кешендік тест тапсырамын деп не оқу жоқ, не жұмыс жоқ. Мектептің өзін Маржанның жетектеуі мен әрең аяқтап шықты. Інілері Асқар мен Азамат та өте білімді. Құндыздың кімге тартып мұндай болғаны белгісіз. Негізі әкелері Қайрат момын, он саусағынан өнер тамған жан баласына жамандық ойламайтын қарапайым адам. Үш перзенті өзіне ұқсап туғаны айдан анық.
Ал Құндыздың жөні бөлек. Қайрат пен Маржан ды бүкіл ауыл жақсы қырынан таныса Ғалия мен Құндызды жаман жағынан танитын. Маржанды келін етуге құмар етпеген әйел жоқтың қасы. Уақыт сағаты жетіп тағдырдың қалауы мен өзі секілді иманды білімді, саналы жігіт Медетті кезіктіріп екі жас өз қалаулары мен шаңырақ көтерді. Мұғалімдік міндеті мен қоса келіндік қызметті де қоса алып жүрді. Ата ененің батасы мен шәкірттерінің ата-аналарынан тек жақсы тілек, бата алып жүрген жас келіннің өмірі бұрынғысынан да нұрлана түсті. Екі жақ құдалық тойды өткізіп өз міндеттерінен құтылды. Жасауын берер де анасы еш қиналған жоқ. Өйткені жұмыс істеп жүріп, өз ақшасының бір бөлігін жинап жүріп артынан берер заттарын түгел алып жинап кеткен болатын. Айына бір төркінге барып ата -анасы мен бауырларынан хабар алып қайтатын. Үнемі ата-енесі демалып кел деп жіберсе, керісінше ол шаршап-шалдығып қайтатын. Оған себеп анасы мен сіңілісінің салақтығы. Үйін түгел шаң тозаңын сүртіп тазалап, жүдеп кеткен әкесі мен бауырларына түрлі ас пен тәттілерін пісіріп бір тойғызып қайтатын.
— Құндыз сіңілім… Саған әр келген сайын айта айта шаршадым. Үйге кішкене көкіл бөлсең қайтеді? Жас емессің ғой. Қолың бос жұмысқа бармайсың. Таңнан кешке дейін үйдесің. Не істейсің айтшы маған?
— Ойнаймын болды ма? Сенің енді өз үйің бар емес пе? Сонда білгеніңді жасай берші. Біздің үйде нең бар? Тыныш келіп, тыныш кете берсең болмай ма? Құндыз олай жасама , үйтпе, бүйтпе, ананы жаса, мынаны жаса… Уфф шаршатып жібердің бар ғой.
— Жаным мен саған жамандық тілейді дейсің бе? Ертең сен де келін боласың. Мына түрің мен ешқайда сыймайсың.
— Тағы бастадың ба? Келдің, көрдің баршы енді.
— Мейлі өз өмірің, өз еркің. Өзің біл. Сен мені өзіңе жау санасаң да өзің біл. Ал мен тек саған жақсылық тілеймін. Қазір жездең келеді. Мына гүлдердің бәрін алып кетпесем сендерден қайран жоқ. Көбісі солып өлуге шақ қалыпты.
— Қалағаныңды ала бер. Ал да жөніңе кетші.
— Ай сіңілім ай… Қазір ашуланасың ау. Ертең келін болған да жылап тұрып қоңырау шалып ақыл с сұрайсың ғой әлі.
— Бәрін уақыты келгенде көреміз әпкетай.
Маржан сіңілісіне өкпелегісі келсе де өкпелей алмайтын. Құндыздың болашағы үшін қатты алаңдайтын. Маржан гүлдерін алып кетіп үйдің іші қаңырап босап қалғандай болды. Қайрат бұл жайтты естіп көріп қуанып қалды.Сұйікті қызы Маржаннан қалған естеліктер көз алдында солып жатқанына іші қынжылатын. Ал Ғалия болса аздап ашуланып қалды.
— Ақымақ қыз. Ата енесіне жағымпазданып үйдегі бүкіл затты тасып бітетін болды ау. Тағы немізді алып кетер екен. Бір күні мына үйдің іші қаңырап бос қалса керек.( Қайрат алғашында үндемей отырған мен қатының сөздеріне шыдай алмай ашуға бой алдырды.)
— Ғалия жетер енді. Сендердің ол гүлдерге иелік етуге қандай құқықтарың бар? Ол гүлдердің әр қайсысын Маржан өзі отырғызып өзі күтіп баптап өсірді. Енді не істеуі керек еді? Көз алдында бәрі солып бара жатса. Сендерден әр келгенде өтініп сұрайды қарашы деп.Ал сендер бір рет болсын су құюға жарамайсыңдар.
— Мен не ерігіп жүрмін бе? Жұмыстан шаршап өлейін деп өз ас суымды әзер ішіп жүрген жоқпын ба?
— Ал ана қызың ше? Ол не бітіріп жатыр. Қашан қарасаң қолынан телефон түспейді. Не сабақ оқып жарытпайды. Айттым саған оқуға түспей телефон алып бермейік деп. Маржан қашан өзі жұмыс істегенше телефон ұстамайақ жүрген жоқ па?
— Ту әке жетер енді. Не болса Маржан ондай, Маржан бұндай, Маржан үйтпейді, Маржан бүйтпейді деп әбден мезі еттіңіз. Мені жақсы көретін еркелететін кезіңіз болады ма? Жоқ әлде мені асырап алдыңыз ба?
— Құндыз…
— Не Құндыз не? Сендерден шаршадым әбден.
Құндыз айқайлап жылап бөлмесіне кіріп кетті. Ғалия мен Қайрат осы қыздың кесірінен біраз айқайласты. Ғалия келіп қызының басынан сипап жұбатуға тырысыпақ болған, бірақ қызы есікті аша қоймады. Құндыз үнемі өз қателігін байқамай өзгелерді айыптауға асығатын. Бұл жолы да әкесін жек көріп өз әкесіне біраз тіл тигізді. Осы үйден құтылмақ болып, тұрмысқа шығуға бел буды. Өзі сөйлесіп жүрген жігіті Нұрланға «Алсаң бүгін ал, алмасаң менен мәңгіге айырыласың »- деп шарт қойды. Құндызды кемшілігіне мінезіне қарамай шын сүйетін жігіт сүйіктісінен айырылып қалмау үшін үй ішін дүрліктіріп бәрі зыр жүгіре бір күнде үйленуге дайын болды. Нұрлан жолдастары мен сол күні қызды алып кетуге келді. Құндыз үй ішіне өкпелеп өз үйінен өзі қашып шықты.
Құндыз асығыс шешім қабылдап, өзінің қазіргісінен де күрделі, қиыншылығы мол өмірге қадам басқалы жатқанынан хабарсыз еді. Әлі де жолы болып ішпейтін, шекпейтін, әйел затын құрметтей білетін ер азаматтың жары, сабырлы, байсалды ата -ененің келіні, тәрбиелі қыздың женгесі, қолы бал алтын абыссынның келіні болды. Қайнысы Нұрлан үйленеді дегенді естіген де ең алғаш бәрінен де қатты қуанған жанның бірі женгесі Әсем болатын. «Маған сырлас құрбы , сіңілі, көмекші »-болады деген ойда болатын. Түн ауып ауылды шулатып қызды алып келді. Үлкендер ақ орамалын жауып, ақ босағадан аттатып шымылдыққа кіргізіп, қыздан тілхат алып әке -шешесіне естірту мақсатында қалың малын беріп хабаршы жіберді. Түн ортасы әке -шешесі де Құндыздың үйде жоқ екенін байқап, телефоны сөндірулі болған соң алаңдап отырған болатын. Есік қағылып сырттан ер адамның дауысын естіген де зәре құттары қалмады. Есікті ашқан Қайрат мән жайды білген соң әлгі екеуін ішке кіргізді. Қыз бергенның назы бар демекші, дөрекі мінез көрсетіп, біраз ашуланып, арасында тіпті айқайлап та алды. Ақыры келе болар іс болған соң келісім беріп ризашылығын білдіріп, қонақтарға дәм тұзын ұсынып шығарып салды. Қонақтар кеткен соң әйелінің жағасынан алды.
— Біліп едім осылай боларын. Ал не болды соңы? Қызыңды әбден еркелетіп беті мен жіберіп құрттың. Не оқыған жоқ. Не қолынан үйдің шаруасы келмейді. Түске дейін ұйықтайды. Қандай келін болады екен?
— Менің қызым ақылды. Бәрін де үйреніп алады.
— Оны уақыт көрсетер. Алды мен туыстарға хабар бер. Артынан ертең кім қуғыншы болып барарын шешейік.
Ғалия абысын, келіндерін түгел жинап алды. Қайраттың қарындасы Жанар, келіні Гүлзира, інісі Марат қуып баруға дайындыққа кірісіп кетті. Әйелдер көйлек іздеп, сұлулық салонын жағалап жүрсе, Марат қалай сөйлеп, қалай жүріп тұрарын тізбектеп бір неше рет репетиция жасап көрді. Бәрі мәз-мейрам. Ал Нұрланның анасы Мариям мата сатасын түгелдеп, етін дайындап қызу дайындыққа кірісті. Мариямның келіндері бауырсағын, етін тағы басқасын пісіріп, тойдың боларынан боладысы қызық дегендей қайны женгелердің әзілдері жарасып ойнап күліп шулап жүр.
Әсем женгесі бар күш -жігерін жұмсап мәз болып шапқылап жүр. Құндыз болса ақ орамалды жамылып сызылып отыр. Беташар той әні міне дегенше өте шығып, артынан қуғыншылар келіп оларды да сый құрмет пен күтіп шығарып салды. Молда келіп шариғат бойынша екі жастың некесін қиып берді. Бәрі шаршап шалдығып жатып қалды. Ал екі жас түнгі ұйқыға таңға жуық бір ақ жатты. Құндызды келіндік міндетін сезіне қоймады ма, әлде сол баяғыша өз үйімдегідей еркелеп жүре беремін деді ме, әйтеуір бірінші күні ақ масқарасы шығып ұйықтап қалды. Жаз мезгілі күн бестен бастап сәулесін шашып ауыл тұрғындарының тұрмыс тіршілігі басталып кетеді. Ал бұлар болса тоғыз болса да балқып ұйқыда жатыр.
— Әсем келін бері кел. Қазір біреу жарым «келіннің шайын ішейік» — деп келіп қалса ұялып қалмайық. Мен оятсам ұят болар, сен жеңгесісің ғой. Барып ана екеуін оятып жібер.
— Апа мен де ыңғайсызданып тұрмын.
— Несі бар? Жас келін деген ерте тұрып, сәлемін салып, ата-енесінің дәрет суын дайындау қажет емес пе?
— Апа сіз бен менің түсінігім солай ғой. Бірақ әр қазір заман басқа.
— Заманыңда шаруам жоқ. Заман өзгерсе де өзгермейтін адамдар бар. Кәне тұрғыз. Есіктің алдын сыпырыңдар. Ыдыстарды орнына жайғастырып, көршілерден алған ыдыс аяқты қайта алып барып беріңдер.
— Жарайды апа.
Әсем екі жастың бөлмесін тоқылдатып әрең дегенде оятып алды. Құндыз түк болмағандай бөлмесінен шығып, жуынып өзгелерге шай берудің орнына жолдасы екеуіне ғана таңғы ас дайындап, еш кімді шақырмай өзі дастарханға жайғасып шайын ішпек болып еді енесінің «ей»- деген дауысынан шошып , ыстық шайға күйіп қала жаздады.
Келінінің мұндай көргенсіздігіне Мариям қатты ашуланды.
— Қайырлы таң ханшайым! Ұйқыңыз қанды ма?
— Түсінбедім апа? Неге ашуланып тұрсыз?
— Енді не істеуім қажет? Саған келін болу тек еркек пен төсекте жату деп үйреткен бе?
— Апа не деп тұрсыз?
— Әсем келін. Бұл үйдің ережелері мен тәртібін өзің айтып мынаған үйретіп қойшы.
— Апа ол әлі жас қой. Бірінші күннен олай жағасынан алмасақ қайтеді?
— Мен не бүлдірдім женге айта беріңіз.
— Құндыз біздің ауылда келіндер күн мен таласа ұйқыдан оянады. Таңертең ата енеден бастап өзінен жолы үлкеннің бәріне түгел сәлем салу қажет.
Құндыз бөтен жер болған соң көңілі босап жылауға шақ қалды.
— Балам ау қазір шілденің кезі. Күн болса ыстық. Түсте сыртқа шығу мүмкін емес. Таңертең ерте мен тұр да тірлігіңді бітіріп түсте ұйықтайсың. Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық деген. Біз не айтсақта саған жақсы болсын деп айтамыз. Міне Әсем келіннің осы үйге келін болғанына алты жыл болды. Алты жылда бір рет болсын мені жаман атқа қалдырған емес. Үлкені де, қартты да тыңдап, сыйлай біледі. Біреудің айтқан ақылын тыңдай білу тәрбиеліліктің белгісі. Айналаңдағы адамдардың пікірін тыңдап санаса білсең ғана білмегеніңнен білгенің көп болады. Өзгенің сөзін менсінбеу өзімшілдік адамзаттың қас жауы. Кім сөйлесе де үндемей тыңдап, қажет жерін есіңде сақтауға тырыс. Жеңгеңнен үлгі алуға тырыс.
— Апа кешіріңіз мені.
— Міне енді дұрыс болды. Енді бар ана қора жақта жүрген атаңа алды мен сәлем салып, сосын шайға шақыр.
— Жарайды апа.
Құндыз енесінің айтқанындай жасады. Бәрі жиналып өз қолы мен бәріне шай берді. Ыңғайсызданып шай іше алмады. Әсемнің де ұлы Мақсат ұйқысынан оянып еркелеп жылап анасына шай ішкізбеді. Келіндер өздері шай ішсін деп бәрі тұрып тірліктеріне кірісіп кетті. Екі абысын өздері оңаша отырып шай ішіп әңгіме дүкен құрды.
— Құндыз жаным сен әлі жассың. Үйренерің көп. Апам өзі сондай ашулы қатал болып көрінгісі келген мен жүрегі жұмсақ адам. Алты жыл бойы қанша ұрыссада жамандыққа қиған емес. Жоқ затымды айтқызбай ақ алып береді. Екі қызға да осы күнге дейін маған қарсы ауыз ашқызған емес. Тіфәй, тіфәй қыздардың да бір жаман мінездері жоқ. Жеңге, жеңге деп үнемі сыйлап келеді. Арамызда осы күнге дейін ұрыс керіс болған емес. Екеуінде сіңілімдей көремін. Бикеш тұрмыста. Үйлі жайлы. Кішкентайы қырқынан шықпаған соң беташар тойға келе алмады. Бірер айда қыдырып келіп қалар. Ерке қыз студент. Оқуына барады келеді соны мен әуре. Атам мен біздің үйдегі қайны ағаңның ауыздарынан артық сөз шықпайды. Сұрақ қойып сұраққа әрең жауап аламыз. Ал қайнымның мінезін өзің жақсы білерсің. Енді бұл сенің де үйің. Емін еркін қысылмай жүре бер. Бір нәрсе қажет болса қиналсаң маған айт. Өзім бәрін үйретемін. «Абысын тату болса ас көп »- деген.

(жалғасы бар)

Ақмарал СӘРСЕНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *