БІР КЕМ ДҮНИЕ

ТӨЛЕ БИГЕ ЖАЛА ТАҚПА!

Тараздың қақ төрінде, Атшабардан еңіске түсе берерде, қасқа жолдың үстінде, керілген матаға:
– Көктен тілеме,
Көптен тіле!
(Төле би) – деп аспандата жазып қойыпты.
Билердің биі, дана Төле би өйтіп айта қоймас. Ол әулие «көк» пен «көптің» мағынасын түсінбейтін кісі емес қой.
«Көк» деген – Көк Тәңірі. Құдырет соның қолында! Көптің аты – қара халық. Көпшілік. Көктен Құдай бермесе, жұт, құрғақшылық болса, көктен тамбаса – ашаршылық! Сондай кезде «көп» қырылады. Сондай сұмдықтар болған. «Көп» аз болып қалған.
Дана Төле би айтпағанды оған жапсыра берме. Обал болады.
Зауалы – басыңа.
Бір кем дүние.

КІТАП ЖАЗҒЫШТАР

Төкең деген біреу телефонмен тыныштық бермейді.
– Кітап жазып бітіріп ем, соған алғысөз жазып бере қойсаңыз…
– Кітабыңды оқымай жатып, қалай жазамын?
– Теңіздің дәмін тамшыдан тануға болады емес пе, ағатай?!…
– Не дейін? Мүмкін рас та шығар. Онда оған алғысөздің не қажеті бар?!
Бір кем дүние.

БЕСІК ЖЫРЫ

Баяғыда бір шаруа әйел Ясная Полянадағы Лев Толстойға келіп, арыз айтыпты.
– Балам тілімді алмайды, – депті.
Толстой:
– Қаншада? – деп сұрайды.
– Беске келді.
– Онда бес жылға кешігіпсің.
Толстой дұрыс айтпады. Баланы дұрыс тәрбиелеуге әлгі әйел бес жылға кешіккен.
Ал шындығында одан да көп кешіккен. Бала бесікте жатқанда бесік жырын құлағына құйып тәрбиелеген абзал.
Мүмкін, одан да ертерек – бала ананың құрсағында жатқанда бөпеге арнап ән салып отырса, тәрбиенің басы содан басталар еді-ау.
Біздің педагогтар олай үйретпейді.
Бір кем дүние…

ОН БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ

Оларды қақаған қыстың ортасында, ауыл шетіндегі ұстахананың алдында шанаға отырғызып, Борандыға алып кетті. Он екі жастағы бала-шаға едік. Ағалар соғысқа, соғыс қасапханасына кетіп барады. Үлкендер айтады.
– Бұларды Сталинград майданына апарады, – деп.
Сол кеткендер: Рәсілхан, Кәмет, Сейсенбай, Тұрар, Күзенбай еді.
Солардан елге оралған Тұрар Әбдікерім баласы болатын. Бағы бар екен. Үйленді. Он баланың әкесі болды. Сексеннің белортасына келгенде, өз ажалынан дүниеден өтті.
Егер біздің ауылдан соғысқа аттанғандардың бәрі аман-сау оралғанда, бәрі болмаса да, көпшілігі он баладан тудырғанда, біз қалың ел болар едік.
Көбі соғыстан қайтпады.
Біз азбыз.
Бір кем дүние.

АҚЫЛДЫ ҚАЗДЫҢ АШУЫ

Бидай орылып біткен кез. Биыл шығымы жақсы еді. Оны комбайннан кейін төбе-төбе болып, қаз-қатар үйіліп қалған сабанынан байқауға болады.
Комбайн – жақсы қару. Жақсы болмағы комбайншыға байланысты. Кейбіреуі жоспарды асыра орындау үшін жылдамдықты жиілете береді де, дән көп төгіледі. Төгілген дәнді бір-бірлеп теріп ала алмайсың.
Бұл енді алыстан талықсып жеткен қаздардың ырысы. Жемсаулары тез толып, тез семіреді. Тойынғаны – рахат. Семіргені – соры.
Бұл сонда аңшылардың мерекесі.
Аңшы шөмеле түбінен ор қазып, сонда жасырынып жатады.
Қаздар шөмеле үстін айнала ұшып, арандатқыш, алдамшы, жасанды қаздың қасына қонбақшы болғанда, мерген қаздар тізбегіне оқ атады. Тізбектен біреуі бөлініп барып, мерген жасырынып жатқан ордың үстіне құлап түседі.
Біліп істесе де, білмей істесе де, әйтеуір, әлде кездейсоқ па мергеннің оң көзін өткір тырнағымен бүре құлайды.
Сөйтіп, әлгі мерген оң көзінен айырылып, жаралы құсты құшақтап қалыпты деседі.
Алыстан-алыстан аңсап жеткен бейкүнә қазды атқан аңшының тапқан олжасы осындай болған екен дейді.
Бір кем дүние.

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *