Құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталуы тиіс

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс аптасын кезекті рет Тараз қаласын аралаудан бастап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

«АСАР» сауықтыру-оңалту кешені мамыр тоғайының аумағындағы ғимаратқа көшуде. Қазір ескі ғимаратта қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
— Кешеннің басты міндеті – балаларды ғана емес, ересектерді де қоғамдағы толыққанды өмірге дайындау. Жаңа ғимарат барлық санаттағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы әрі жайлы болы тиіс, — деді аймақ басшысы.
Кешенде релаксацияға арналған бөлмелер, емдік денешынықтыру, логопед, психолог, әлеуметтанушы кабинеттері болады. Сондай-ақ, жеке кабинетте Инватакси диспетчерлік бөлмесі ашылады.
— Демеушіліктің арқасында біз өз ғимаратымызды сатып алуға мүмкіндігіне ие болдық. Біз сондай-ақ қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Ол құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысын жеке өзі қадағалауда, — деді «АСАР» сауықтыру-оңалту кешенінің директорының орынбасары Әйгерім Дәулетбаева.
Кешенде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істей алатын жеті шеберхана ашу жоспарлануда. Ғимараттың жанында аквапарк салынуда.
— Мүгедектерді оңалту, оқыту, жұмыспен қамтуды қамтитын жүйелі жұмыстар жолға қою керек, — деп атап өтті аймақ басшысы. Кешен басшылығы болашақта күндізгі стационар қызметтерін ғана емес, тәулік бойғы стационарлық көмек көрсетуді де жоспарлап отыр. Ал, қаладағы «ARAI-ELITE» жеке элиталық мектеп-гимназиясының құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған. Нысан жақында пайдалануға беріледі, соңғы жұмыстары жүргізілуде.
«ARAI-ELITE» — аймақтағы алғашқы ақысыз білім беретін жеке меншік мектеп. Төрт қабатты ғимарат 1025 оқушыға арналған. 40 кабинет, компьютерлік сынып, химия, физика және биология зертханалары, акт залы, асхана бар. Сондай-ақ, футбол және баскетбол алаңдары салынбақ.
Сонымен қатар, облыс әкімі барған келесі нысан – «ARAI» медициналық орталығын қалпына келтіру жұмыстары да аяқталуға таяу. Бас дәрігер Айдарбек Әбдіғалиевтің айтуынша, медициналық орталықтың бір бөлігі қалыпты режимде жұмыс істеуде. — Бірінші қабатта емхана, екінші және үшінші қабаттарда аурухана орналасады. Қазір палаталарда бес-алты науқас жатыр, болашақта бір палатада екі-төрт адам болады. Медициналық орталық заманауи жабдықтармен жабдықталуда. Жақында цифрлы рентген аппаратын сатып алдық, — дейді ол.
Бердібек Сапарбаев «ARAI» үлгілі медициналық орталыққа айналуы керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиевке жеке емханалардың қызметін тексеріп, олардың өз міндеттемелерін қалай орындап жатқандығын анықтауға тапсырма берді.
— «ARAI» медициналық орталығының қызметкерлері аянбай еңбек етіп, басқа жеке клиникаларға үлгі болуы қажет. Біздің басты міндетіміз — халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *