Карантин талаптары қайта күшейтілді

Тараз қаласында карантин талаптары қайта күшейтілді. Осыған орай, бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша енді кафелердің жұмысы түнгі сағат 00.00-де тоқтатылады. Ал мейрамханалардың жұмысына мүлде шектеу қойылды. Ал, санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлік нысандары, оның ішінде тойханалар мен кафелер жабылады.

– Осы таңға дейін қанша ескертсек те тығылып той жасап келгендер болды. Алайда күні кеше тағы 12 жаңа мобильдік топ құрылып, енді тексеріс жұмыстары күшейтілетін болады. Бұл менің шығарып отырған бұйрығым емес. Коронавирус індеті әлемдік пандемия сипатын алғандықтан барлығымыз тәртіпке бағынуымыз керек. Сонда ғана өзіміз бен жақындарымыздың өмірін қорғай аламыз.
Өздеріңіз көріп отырғандай мектептер де белгілі шектеумен жұмыс жасап жатыр. Егер бәрі жақсы болса неге балаларымызды мектепке бермейміз? Осыдан-ақ түсінсеңдер болады. Сондықтан арқаны кеңге салмай барша бизнес өкілдерін тәртіпке бағынуға шақырамын,- деді қала әкімі.
Жиында мейрамхана иелеріне де сөз беріліп, олардың дені тойхана жұмысын тоқтатпауды, 80 адаммен үш сағаттық кештер өткізуге рұқсат сұрады. Алайда қала басшысы бұған рұқсат жоқ екенін бірден айтты.
Енді бір тойхана иесі өздері дәрігер жалдап, қонақтарды жіті тексерістен өткізе алатындықтарын ұсынғанымен, қала әкімі оған да рұқсат берілмейтіндігін жеткізді.
«Мейрамханалар, кафелер, түнгі клубтар және басқа да кәсіпкерлік мекемелер санитарлы талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Егер де, ескерту жасалғаннан кейін қайталап талаптарды бұзу жағдайлары орын алса, кәсіпкерлік нысандарын жабатын боламыз.
Ал, қала тұрғындары міндетті түрде маска режимі мен арақашықтықты ұстану керек, – деді Тараз қаласының әкімі А. Қарабалаев.
«Енді бала-шағаны қалай асыраймыз?» деген бизнес өкілдеріне болса, Айтқазы Қарабалаев тойхананы түнгі сағат 00.00-ге дейін жұмыс жасайтын кафе үлгісіне ауыстыруды ұсынды. Немесе қала әкімдігіне келсе, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша басқа жұмыс тауып беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетейік, 10-11 қазан күндері күндізгі және түңгі рейд барысында 49 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзғандарға хаттама толтырылды. Оның ішінде, орталықтағы «Гранд роял», «Ыдырыс», «Севинч», «Бақ береке» тойханалары да бар.
Сонымен қатар, облыс аудандарында да мобильдік топтар күндізгі рейдте 100-ден астам нысандарды араласа, түнгі рейдте 80-нен астам кәсіпкерлік объектілерді тексерді. Оның ішінде мейрамханалар, кафелер мен дүкендер де бар.

С. ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *