Сапалы тұқымды жерсіндіруге күш салуда

Аграрлық сала ел өміріндегі басты салалардың бірі екені даусыз. Түптеп келгенде, адамзатты асырап отырған қасиетті қара жер. Ал қара жерді тиімді өңдеп, оған егін егіп, сапалы азық-түлік өнімдерін дайындап отырған да дәл осы аграрлық салада тер төгіп жүрген шаруалар. Нан болса, ән болады. Өміріміз мәнді де сәнді болады. Сол себептен де ауыл шаруашылығында өнімді жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегі қашанда адал.

Жерді тиімді өңдеу мен топырақ құнарлығын сақтау, сондай-ақ, тұқым шаруашылығын дамыту, жаңа сұрыптарды шығарып, жерсіндіру жөніндегі жұмыстар аграрлық саланың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз. Осы ретте Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы дақылдарын сорт сынау мемлекеттік мекемесінің Жуалы ауданындағы бөлімшесі бидайдың жаңа түрлерін жерсіндіруге білек сыбана кірісіп отыр. Мекемеге тиесілі 200 гектар жерге жыл сайын арпа мен бидайдың жаңа сұрыпты тұқымдары егіледі. Оның ішінде тиісінше, екі гектары ғылыми-зерттеуге арналған. Ал 198 гектардан алынған арпа-бидайдың өнімі аталған институттың облыстық филиалына өткізіледі. Аудандық сорт сынау мекемесі келесі жылдың өнімі үшін 70 гектарға күздік бидай екті. Жақында мекеменің Қарасаз ауылының оңтүстігінде орналасқан егістік алқабына барып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп қайттық.
Байқағанымыздай, биыл елімізде аздап болса да қуаңшылық байқалды. Бір-екі рет қана болмаса, жаз бойы аспаннан жауған жауынның да мөлшері аз болды. Осыған сәйкес күздік бидай егуге арналған егістік алқаптардың топырағы да қатты болуда. Ылғалдылығы да жылдағыдан төмен. Аударған жерлердің топырағы кесек-кесек болып түсуде. Оны майдалап, тегістеп шығу шаруалардан қосымша уақыт пен шығынды қажет ететіні сөзсіз. Аудандық сорт сынау мекемесіне қарасты егістік басында да дәл осындай жағдай. Аударған жерге қайтадан тегістеу жұмыстары жасалып жатыр.
Алқап басынан мекеме меңгерушісі Бағдат Сатемировты жолықтырып, әңгімеге тартқан едік.
-Жыл сайынғы жұмысымыз осы. Егінді еккеннен бастап көбінесе алқап басында боламыз. Топырақтың құрамы мен ылғалдылығы жіті назарда болады. Одан бөлек, тұқымды ғылыми-зерттеуге арналған жеріміз бар. Онда егілген тұқымдарға күтім жасап, өсуін қадағалаймыз. Биыл бидайдың «Южная-12» стандартты сорты, «Мереке-70», «Қараой-90», «Димаш», «Томирис» сұрыптарын егіп, оның төзімділігін сынап көрмекшіміз. «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары биылғы жылы «Момышұлы» деп аталатын бидайдың жаңа сұрпын шығарып отыр. Батырдың 110 жылдығының құрметіне арналып шығарылған бұл тұқым жақында біздің ауданға да әкелінді. Оны да егіп, байқап көрмекшіміз.
Қай салада болсын ең алдымен санға емес, сапаға көңіл бөлген жөн. Біз күнделікті жұмыс барысында тұқымның сапасына мән береміз. Белгілі бір тұқымды үш жыл қатарынан егіп, оның қандай өнім беріп, қандай аурулармен ауыратынын сынақтан өткіземіз. Содан кейін институттың лабораториясына жіберіп, бидай тұқымын ондағы кәсіби мамандар оны арнайы әдіспен тексеріп, сапасына көз жеткізген соң ғана тұқымды шаруашылықтарға таратуға рұқсат беріледі. Өткен жылы күздік бидайдың «Зернокормовой» деп аталатын тұқым түрін егіп, оны жерсіндіріп, шаруашылықтарға тараттық. Бұл тұқым негізінен көп өнім береді. Бидайдың басқа тұқымдары өнім бермеген жылдары бұл тұқымнан мол өнім алуға болады,- дейді Бағдат Құдайбергенұлы.
Сорт сынау мекемесі шаруашылыққа тиесілі егістік алқабын тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы игеріп отыр. Шаруашылықтың мамандар құрамына келер болсақ, мекеме меңгерушісінен бөлек бір агроном, екі механизатор, бір жұмысшысы бар. Алқап басындағы егін егу науқанына барлық мамандар белсене атсалысуда.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *