«Жомарт жүректер» марапатталды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде Сарысу ауданында өткен «Жомарт жүрек» жылдық байқауының жеңімпаздары анықталды.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов қатысып, «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын құттықтады.
«Пандемияның шарықтаған кезінде халыққа қолұшын беріп, қайырымдылық көрсеткен азаматтарымыздың да еңбегі ескерілді. Әрине, ұсыныс берілген әр азамат өзінің қажырлы еңбегімен жоғары бағаға лайықты болды. Қайырымдылық шараларына біздің аудан кәсіпкерлері мен еріктілер де белсенді қатысып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп келеді. Ауруханаға қажетті құрылғылар сыйлап, мұқтаж отбасыларға үй салып және аудандағы көпбалалы, сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз еткендер де баршылық», деді аудан әкімі.
«Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясы бойынша жеке кәсіпкер Тоқтасын Аманбайұлы марапатталды. Ол аз қамтылған және көпбалалы отбасына өз есебінен көмек көрсеткен. Сонымен қатар, «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясы бойынша коронавирус індетімен күрес кезінде аудан көлемінде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырғаны үшін «Сарысу» қайырымдылық қорының» ұйымдастырушысы, «KazakSMR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Баймен Әлкеев жеңімпаз деп танылды.
Сондай-ақ, аталған сыйлықтың «Жыл тұлғасы» номинациясы қоғамға қайырымдылық қызмет көрсеткені үшін Еркебұлан Сейдішұлына берілді. Сонымен қатар, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, қайырымдылық көмек беруге демеушілік жасағаны үшін «Жаңатас желэлектрстанциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табысталды. Ал, коронавирус індетімен күрес кезінде аудандағы қайырымдылық шараларына атсалысып, волонтерлық қызметтерге белсенді қатысқаны үшін Ғани Рыспанов «Ерен еріктілік» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, елімізде қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде ерікті түрде 4300 азаматты бетпердемен қамтамасыз еткен Алик Бекмұсаев пен төтенше жағдай кезінде ерікті түрде аудандық орталық ауруханаға оттегі концентраторы құрылғысын алып берген Зәуір Бозжігітовке аудан тұрғындары атынан, Болашақ балабақшасының меңгерушісі Сейне Ахметоваға, үздік кітапханашы Светлана Қожаназароваға «Алғыс хат» табыс етілді.
Жиын соңында аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов аудан халқының әл-ауқатының артуы мен аудан экономикасының дамуына үлес қосып отырған азаматтарға алғыс білдірсе, «Amway» компаниясының аудандағы өкілі, жеке кәсіпкер Алик Бекмұсаев қайырымдылық істерімен айналысу әрбір азаматтың міндеті екенін жеткізді.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *