БІР КЕМ ДҮНИЕ

ТАСБАУЫР КӨКЕК

Көкекке не көрінді? Басқа құстардың ұясына жұмыртқалап, оны қараусыз тастап кете береді. Жұмыртқам қалды-ау деп қайғырмайды.
Әсіресе тауықтың ұясына жұмыртқалап кеткені обал! Тауық байғұс өзінің аңқаулығы ма, әлде санасыздығы ма – бөтен жұмыртқаны ығыстырып, ұядан шығарып тастамай өз тұқымдарына қысып, бауырына басып, шайқап-шайқап, балапан қылып шығарады-ау… Және жем, құрт-құмырсқа тауып беріп, асырайтынын қайтерсің.
Күндердің күні болғанда қанаты қатып, қалықтауға жарағанда көкектігіне тартып, биікке көтеріліп, ұша бастаған балапанына күркетауықтың қақылықтап, зар жылағанын көрсең! Қанаты қысқа тауық байғұс ұшуға жаралмаған.
Сөйткен көкек балапан өз анасын таба ала ма? Әлде панасыз жетім қала ма белгісіз…
Бір кем дүние.
Бұл енді оқымаған, тоқымаған, мақлұқат әлемі ғой.
Мұндай көкектер адамдар арасында жоқ деп айта аламыз ба?
Ай, білмеймін. Кейін қыл көпірден өте алмай, тозақ отына құлап, күйетін адам-көкектер, сірә, аз емес-ау.
Міне, бұл шын кем дүние.

КӨКПАРШЫ НӘБИ

Жаңабай руынан шыққан датқа Байзақ ұрпағы Нәби Момын Жуалының, кейін күллі Жамбыл облысының көкпаршыларын басқарды. Ол бастаған көкпаршылар ұдайы бәйге алып жүрді.
Сол Нәби бір аяғынан айырылып, мүгедек боп қалды: бір башпайы ауырып, бара-бара соны кестірді. Келе-келе бір аяқтың басы кетті. Бірте-бірте тізеге дейін өршіді.
Келесі жолы тізеден жоғары, қара санға дейін кесілді.
Жақсы ат аяғынан қалады деуші еді. Атағы алысқа кеткен көкпаршыға тіл-көз тиді ме, кесел үдеді.
Асыл азамат аман болсын. Қатерлі кеселін тыя гөр, Алла!
Бір кем дүние.

АҚЫН ФАРИЗА

Қазақта ақын көп.
Фариза жалғыз.
Жаңа туған айдың жанында жалғыз жұлдыз ерекше жарқырап тұрады.
Періште жұлдыз сияқты.
Ақындығы да, жаратылысы да ешкімге ұқсамайды.
Ақын жалғыз. Перзенттері сансыз. Олар миллиондардың жүрегін жылытады, жандарын жадыратады.
Перзенттері сонысымен құдіретті. Жұлдыздарың сөнбесін!
Сенсіз дүние – бір кем дүние.

ҮШТАҒАН

Асыл анамыз, күн дидарлы Күнікей бәйбішенің жасауымен бірге келген үшаяқ ошақ туған бауырым Батырханның үйінде әлі бар.
Қара маймен жақсылап майлап, қораның сыртына іліп қойыпты.
Онысы өте бір ақылды іс болды.
Қайран көненің көзі.
Ұлы Күнікей анамыз – кәзіргі Төле би ауданының Жолан Жанысының қызы.
Үштаған ошақ. Сірә, қасиетті Түркістан шаһарының түбіндегі Шорнақтың ұстаханасында шойыннан құйылған болар. Бірақ неге үш аяқты? Неге төртеу емес.
Кім біледі, үш аяқ – үш жүздің үлесі шығар. Үстіндегі тайқазан төрелер мен қожалар емес пе екен?
Қалай десе де қасиетті ашаршылықта да, жоқшылықта да адамдарды асырап келе жатыр.

ШЕТЕЛДІҢ АЛМАСЫ

Біртүрлі айтуға ыңғайсыз. Алматылықтар шетелдің дәмсіз алмасын сатып алып жеп отыр.
Әсіресе Қытайдың, қырғыздың алмасы базарды басып алған.
Қазақ байғұс о да алма жегісі келеді. Кезінде Алматының апортын ғана жейтін қазақ енді Қытайдың дәмсіз, нәрсіз алмасын қажақтап қалған.
Ең алдымен Алматының айналасын тоздырдық. Адамға да, алмаға да аса қажет ауа бұзылды. Табиғаттан құнар кетті. Құнармен тал-дарақ, өсімдік кетті. Таулардың белуарына дейін үй салғыш алпауыттар Аспантаудың өзін жұтып жатыр.
Хош бол, апорт!
Арам қатсын алпауыттар!
Бір кем дүние.

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *