БІР КЕМ ДҮНИЕ

КӨШЕДЕГІ ҚАТЕЛЕР

Көшеде небір ақыл сөздер, нақыл сөздер жазулы тұрады. Дұрыс-ақ. Кейде бірақ ақыл сөз дегендері – ақымақ сөз тәрізді болып кетеді. Мысалы:
«Ақыл азбайды,
Білім тозбайды!» – бүкіл көше бойына ұзыннан-ұзақ жазулы тұр.
Шын ақыл болса игі.
Ал мас адамның ақылы ше?
Алжыған адамның ақылы ше?
Білімнің де озығы бар, тозығы бар.
Мысалы: Дарвиннің адам маймылдан жаралған дегені, Құдаймен ісі жоқ.
Бір кем дүние.

АРЗЫ МЕН БОЗТОРҒАЙ

Арзы апам екеуміз Көксайдағы қырғыз ата Нұралының үйінен келе жатырмыз. Қырғыздардан алған дәсері қап жүгеріміз есектердің үстінде.
Тамылжыған көктем. Көк өзек. Арзы апам жас жусанның үстінде құбылаға қарап намаз оқып отыр.
Төбесінде бір бозторғай үзбей шырылдайды. Апамның арызын Аллаға жеткізгісі келгендей үзіліп-үзіліп шырылдайды. Бозторғай деп жүргеніміз періште шығар. Адамдардың арызын Аллаға жеткізу үшін шырылдайтын болар.
Табиғатта біз білмейтін құпия көп.
Бір кем дүние.

АҒАНЫҢ АЛАҚАНЫ

Мұстай Кәрім – ұлты башқұрт. Ал башқұрт дегеніміз «Бас қасқыр» деген ұғымды білдіреді. Көне түріктер қасқырды «құрт» деп атаған. Қасқырдың ұрғашысын «құртқа» деген. Мысалы: Қобыландының Құртқасы.
Сол Бас қасқырдан шыққан ақын, Социалистік еңбек ері, ерен жазушы, сақа солдат – Мұстай Кәрім еді. Баяғы студент күнімде мен оның «Радость нашего дома» деген кітабын орысшасын башқұртшасымен салыстырып отырып, қазақшаға аударып едім. Содан Мұстай аға:
– Мен қазақтың болашақ бір жазушысын аштықтан аман алып қалып едім, – деп мақтанатын.
Құдай иманыңды берсін!
Ашқұрсақ студентке азық болғаны рас.
Бір кем дүние.

«АШ БАЛА ТОҚ БАЛАМЕН ОЙНАМАЙДЫ…»

Жер бетінде бір миллиардқа жуық адам ашқұрсақ. Оның көбі жас балалар.
Ал енді бір миллиардқа жуық адам тоқшылық тобына жатады. Жартысынан көбі аса семіздер.
Өзің аш отырып, басқа жоқ-жітікпен бір үзім нанды бөлісіп жесең – имандысың. Аштардың жанында отырып, тоя тамақ жеп, бөліспесең – имансызсың.
Өз басымыздан өткен сондай бір аштықты мен «Бір кем дүниенің» бірінші бөлімінде жазған сияқтымын.
Аштықтың бетін Алла аулақ қылсын. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.
Бір кем дүниеден адамдар азат бола ала ма?
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды.
Тоқ бала аш болам деп ойламайды».

«АППАҚ ГҮЛДЕР»

Таң ағарып атқанда ұйқымнан оянып, бас жағымдағы радионың құлағын бұрап едім, әдемі дауыс «Аппақ гүлдер, аппақ гүлдер» деп ән салып тұр.
Кенет көз алдыма Қуаныш Төлемет бейнесі келе қалды. Бұдан оншақты жыл бұрын о дүниелік болып кеткен қайран Қуаныш…
Өнер өлмейді деген осы шығар. Ол ақын еді. Басқа өлеңдері көп қой. Бірақ осы «Аппақ гүлдер» есімде ерекше сақталыпты. Ол осы өлеңді емханада жатып жазып еді. Сонда көңілін сұрап барып едім.
Сәтті шыққан бір өлеңмен де тірілердің арасында ұзақ өмір сүре беруге болады.
Мәселе сол өнердің өлмеуінде ғой.
Бір кем дүние.

АРПАЛЫС

«Қазақ елі» атты ерен ескерткіштің ашылуына облыс делегациясымен бірге Тараздан Астанаға мен де бардым.
Барып қана қоймай, сол салтанатқа жиналған сан мыңдаған адамдардың алдында «шпаргалкасыз» сөз сөйледім. Құдай аузыма салған адал сөзді айттым.
Сол сөзімді біреулер дұрыс деді, біреулер бұрыс деді.
Ал өзім құлағыма Құдай сыбырлаған сөздің «бұрысы» жоқ деп сенемін.
Ақиқатын ақырет айтады. Ал тірілер не десе о десін. Кінәлілерді тозақ тоса тұрады.
Тіршілік деген – Абыл мен Қабылдың арпалысы.
Бір кем дүние.

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *